Қазақстан • 08 Наурыз, 2019

Дипломатиядағы Қазақстан әйелдері

1827 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстанның дипломатиялық қызметі Отанымызға қызмет етіп, биік белестерді бағындырған әйел азаматтарының тари­хына бай болып келеді. Халықаралық әйелдер күні қар­саңында сыртқы саясат қызметінің бастауында тұрған аса көр­некті дипломат-әйелдер, сондай-ақ қазіргі таңда елімізді әлем­нің түкпір-түкпірінде таныта отырып, еңбек етіп жүрген әріп­тес­теріміз туралы үлкен ризашылықпен әңгімелеп бергім келеді.

Дипломатиядағы Қазақстан әйелдері

Біздің отандастарымыз кеңес дәуірін­де дипломатиялық қызметте өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Сыртқы сая­сат ведомствосының тарихында Балжан Бөлтірікова Қазақ КСР Сырт­қы істер министрі (1966-1971 жылдар), яғни, тұңғыш әйел Сыртқы істер ми­нистрі ғана емес, сондай-ақ БҰҰ мін­бе­ріне көтерілген алғашқы қазақ қызы болып қалды. Ол дүниежүзілік бас ұйым­ның Бас Ассамблеясының XXI және XXV сессияларында кеңестік деле­гацияның құрамына енді. Біздің әріп­тесіміз, дипломатия ардагері Төлеу­тай Сүлейменовтің естелігіне сүйенсек, кеңес дипломатиясындағы Б.Бөл­тірікованың рөлін АҚШ-тың бұрын­ғы Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинд­жер атап өткен. Америкалық саясаткер айт­қан­дай, «ер адамдарды айла-тәсілмен айна­лып өтуге болғанмен, дипломат әйел­дерді қулықпен арбау мүмкін емес еді».

«Тарихымыздың алғашқы уақыт­тарында, тағдыршешті Тәуелсіздік алған кезеңде Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосын Акмарал Арыстан­бекова басқарды. Мемлекет басшысы­ның серіктесі А.Арыстанбекова көп жағдай­да қазақстандық дипломатияның айтулы тұлғасы және мақтанышы болды. Ол Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі ретінде еліміздің тәуел­сіз­дігіне халықаралық мойындауды қам­тамасыз ету, халықаралық ұйым­дар­ға мүше болу, әлем елдерімен дипло­ма­тиялық қатынастар орнату бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Кейін Қазақстанның Франциядағы елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, сондай-ақ СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды. 

Қазақстанның Израиль, Италия, Куба мемлекеттеріндей елшісі және БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған Бірғаным Әйтімова бүгінде сенатор және СІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде парламентаралық байланыстарды нығайту және еліміздің халықаралық мүдделерін ілгерілету бо­йынша белсенді қызмет атқаруда.

«Көп нәрсеге қол жеткізе алған әйел» атты дүниежүзілік естелік белгі­сінің иегері Мәдина Жарбосынова Қазақ­стан­ның халықаралық ұйымдары мен дип­ло­матиялық қызметі ортасында ай­тар­лықтай беделге ие. Оның қыз­меті мен өмір жолы қазіргі заманғы қазақ­стандық әйелдің үлкен мүмкіндіктерінің айқын көрсеткіші болып табылады. М.Жарбосынова – СІМ басшысының орынбасары болған тұңғыш әйел, Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі, Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, ЕҚЫҰ-ның Украинадағы жоба­ларының үйлестірушісі, ЕҚЫҰ-ның Адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі мен үйлестірушісі қыз­меттерін абыроймен атқарды.

Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйы­мына кіруі үшін жетекші рөл атқар­ғандардың бірі – Қазақстанның қазіргі саяси элитасының тағы бір жарқын өкілі Жанар Айтжанова. БҰҰ Даму бағдарламасы жүйесінде жауапты лауазымдарда жұмыс істеген соң, ол ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерде Қазақ­станның арнайы өкілі болды, Эко­номикалық даму және сауда министрі, Экономикалық интеграция істері ми­нистрі қызметтерін атқарды.

Бүгінгі таңда Ж.Айтжанова – Қазақ­стан Республикасының Швейцария Конфе­дерациясындағы Төтенше және өкі­летті елшісі, Женевадағы БҰҰ бөлім­шесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі. Сонымен қатар еліміздің Лихтенштейндегі және Ватикандағы елшісі қызметін қоса атқарады. 

Халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін отандастарымыздың қатарында БҰҰ жүйесінде өзін жақсы таныта білген Жұлдыз Ақышеваны атап өту қажет. Соңғы 20 жылда ол БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасын­да (ЮНОДК) жауапты лауазымдарда қызмет атқарды. Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Оңтүстік Африкадағы Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасына жетекшілік етеді.

2007-2016 жылдары Қазақстанның Нидерландтағы және Норвегиядағы Төтенше және өкілетті елші қызметін қоса атқарушы лауазымында Май­нура Мұрзамадиева болды. Оның бел­сенді қатысуымен Елбасы Н.Назар­баев­тың Гаагаға ресми сапарлары, сон­дай-ақ Нидерланд Премьер-м­инистрі Марк Рюттенің Астанаға сапары ұйым­дастырылды. Нидерланд – Қазақстан­ның ірі инвестициялық және сауда-эконо­микалық әріптестерінің бірі. Бүгінгі күні М.Мұрзамадиева Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетін басқарады.

Тәжірибелі дипломат Раушан Ес­болатова 2017 жылғы маусымнан Қазақ­стан Республикасының Таиланд Король­дігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарады. Сонымен қатар, ол еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­ның Азия және Тынық мұхиты өңірі­не арналған экономикалық және әлеу­меттік комиссиясы жанындағы Тұрақты өкілі (ЭСКАТО). Р.Ес­болатова бірнеше жыл бойы Қазақстан Республикасының Нью-Йорктегі Бас консулдығын басқарды.

2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда 20 жыл­ға созылған күрделі келіссөздер­ден кейін Каспий жағалауындағы бес мем­ле­кет­інің басшылары Каспий теңізі­нің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Осы құжатқа қол жеткізудегі үлкен жетістік Каспий теңізі бойынша келіссөздерде Қазақстан делегациясының жетекшісі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Зүлфия Аман­жоловаға тиесілі. Ол Каспий мәсе­лесі­мен қатар, көп жыл бойы мем­лекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселелері бо­йын­ша жұмыс істеді және СІМ-нің халық­аралық-құқықтық бөлімін басқарды.

Қазақстанның сыртқы саясаты­ның негізгі бағыттарының бірі – Еуропа­лық одақпен ынтымақтастық. Бұл мін­дет бүгінде тәжірибелі дипломат, айтулы тіл маманы Айгүл Құспанға сеніп тапсы­рылған. Ол – Қазақстанның Бельгия­дағы елшісі, сондай-ақ Еуропа­лық одақ пен НАТО жанындағы өкілдік­терінің басшысы және Люксембургтегі елші қызметін қоса атқарушы. Ол бірнеше жыл бойы еліміз сыртқы саясат ведомствосында Еуропа департа­менті­нің директоры қызметін атқарды. Оның ұйымдастыруымен соңғы жылдары Мем­лекет басшысының Франция, Германия, Ұлыбритания, Италия, Нидерланд және басқа да Еуропа мем­лекеттері басшыларымен маңызды кездесулері өтті.

Бүгін еліміз әлемдік қоғамдастықта зор құрметке ие. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ мінберінен және басқа да халықаралық форумдардан ұсы­нылған бастамалары әлемдік қол­дауға кеңінен ие болды және дәйекті түрде жүзеге асырылуда. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, ИЫҰ-ға, АӨСШК және басқа да көптеген ұйымдарға төрағалық етті, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сін­де екі жыл мүше болды. Осының бар­лы­ғында дипломатиядағы әйел азамат­тардың қомақты үлесі бар. 

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, 

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше