19 Наурыз, 2019

Алмалылықтардың көңілі неге күпті?

1007 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астана қаласында өткен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезін­де партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Соң­ғы жылдары республикалық автокөлік желілері құрылысы бо­йынша аса зор, тарихи маңызды жұмыстар жүргізілді. Тұтастай ал­ғанда, біз 12,5 мың км автомобиль жолы мен 2,5 мың км темір жол, теңіз порттарын салдық және жөндеуден өткіздік. Әрине, авто­бандар салған маңызды, бірақ үйге дейін жол салған одан да маңыздырақ», деп атап көрсетті. Бұл халық көкейіндегі сөз еді. Мәселен, Шиелі ауданындағы Алмалы ауылы іргесінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобаны өтсе де, осы ауыл тұр­ғындары жолдың қиыншылығын көріп келеді. Әрі мал жайы­лымынан алшақтап қалған жайы бар. 

Алмалылықтардың көңілі неге күпті?

– Алмалы ауылының барлық жер көлемі шамамен екі жарым мың гектар болса, оның үш­­тен екісінен астамы «Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай» күре жолы­ның теріскей бетінде. Ол жақ­қа қа­рай бір ғана мал өткелі қал­ды­­рыл­ған, оның да іші ыза суға то­лып тұ­рады. Арғы-бергі қа­ты­насқа тіптен қо­­лайсыз болып отыр. «Батыс Еуропа – Ба­тыс Қы­­тай» автодәлізін жобалау кезінде жоғарыдағылардың ауыл тұр­ғындарымен санаспай, қоғам­дық тыңдау өткізбестен, сырттан тон пішіп, Алмалы ауылына кіріп-шығатын бірде-бір жол немесе көпір қалдырмауы себепті қа­зіргі уақытта сыртқы көлік қа­­­­­­­­­тынасы мен іргедегі өріске малымыз­ды шығару қиын­дап кетті, – дейді ауыл­дың байырғы тұр­ғыны, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері, еңбек ардагері Әбдірақман Биманов.

Рас, бұрын сол жақ қапталын­да те­мір жол мен тас жол қа­тар жатып, қал­ған үш жақ бет­кейі ашық, шаруа­шы­лыққа қо­­лай­­лы ауыл кейінгі өзгеріс­тер сал­да­­ры­нан бұрынғымен салыстыр­ған­­­да тілімдей жерде, темір жол мен автодәліздің аралығында қоршауда қал­ған. Темір жолды кесіп, авто жолдан асып өту қиын­дық туғызары әрі қауіпті еке­ні жұртшылыққа түсінікті. Жо­ғарыда ай­тыл­ғандай, теріскей бет­кейдегі кең алқапқа ауыл тұсынан шығатын жол не көпір болмауы себепті ауыл малының өрісі де тарылған, шаруашылықпен шұ­ғылдануға да қол байлау болып отыр. –Тағы бір қиыншылық, – дей­ді ардагер. – Облыс орта­­лығы Қы­зылорда қала­сына барып-келу үшін, өзіміз күре жол­­дың бойында­ тұрсақ та, амалсыз кері жүріп, Шие­ліге тәк­силетіп барамыз, аяқ ілінген кө­­­лік­пен кері қайтамыз. Кө­­лік бол­маса, Ақтоған ауылының тұ­­сы­­нан түсіп қалып, жаяулатып әуре­шілікке түсеміз. Ауылға ке­лер тура жол жоқ, өзге ауылдар­ды ара­­­­­­­­лап келетін бұрылыс бол­­­ғандықтан өт­пелі жолаушылар кө­лік­­тері мұнда бұрылмайды. Әйтеуір, сар­саңымыз көбейді... Күн­де осылай сабылған соң әри­­не Алмалы ауылының адамдарына қиын тиетіні түсінікті. Тұр­ғындардың айтуынша, өз­­­де­­­­рі­нің мұң-мұқ­тажын айтып, аудан әкімдігіне, об­лыс­­­тық басқармаларға, тіптен Мә­­жі­­ліс де­путат­тарына дейін шағым­­даныпты. Келіп көру­шілер «е, орын­дауға болатын жұмыс екен», деп жұбатып кетеді де, соңы аяқ­сыз қала беретін көрінеді. 

– Соңғы жеті-сегіз жыл бойы жо­ғар­ғыдағыдай кепті өткеріп келе жатқанымыз шындық. Ха­лық­т­ың мұңына құлақ тү­­­рілетін бол­са, жағдайды жақсартуға әлі де мүмкіндік бар, – дейді ауылдық ар­да­­­герлер кеңесінің төрағасы Рысбек Мұқтаров. 

Ал алмалылықтардың уәжіне ден қойсақ, ауыл іргесіндегі 20 бекетте жол айырымы қалдырылған. Яғ­ни, үлкен автожолға көлік­тердің кіріп-шы­ғуына қо­лайлы тұс. Осыны Алмалы ауы­лы тұрғындарының пайдалануы­на мүмкіндік жасауға болады.­ Ауылды жанай өтетін ескі Са­мара – Шымкент трассасының 6 ша­­қы­­рым жолы сол бұрынғы күйі жатыр, содан әрі қарай 20 бекетке дейінгі аралықтағы небәрі 700 метр жердің жолын жаңадан кө­­тер­се, арқан бойы ұзындықтың тұсау бойы төтелігі табылады де­ген сөз. Бұл жоғарыда айтқан түр­лі қолайсыздықты жойып, жол қатынасын реттейді. Әрі Шие­­­ліден шыққан жолаушылар­ кө­­лігі­нің Алмалы ауылы үстінен тіке өтуі­не­ мүмкіндік туады. Осы маңдағы 21-бекет, Жансейт ел­ді мекендеріне, тіптен аудан орталығының жол қатынас мә­селесі де жақсарады. Яғни, жо­лау­шы­лардың Қызылорда, Шиелі бағытында барып-келуі қа­лыпты жүйеге түседі. Бұл ауыл адамдарының болжамы, дегенмен оны жүзеге асыру құзыр­лы орын­дардың еншісінде. Айт­пақшы, 2016 жылы бұрынғы ескі трас­са мен жо­ғарыда айтқан 700 метрлік жаңа жолды салу үшін 156 млн теңгеге жобалау сметасы жасалса да, бүгінге дейін қоз­ғаусыз қалғаны өкінішті. Сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» авто­дәлізінің бойынан әлгі кіреберіс өткел маңына Алмалы ауылының белгісін қою туралы тұрғындар өтініштері де орынды. «Әйтпесе, мына өскелең заманда атаусыз ауыл атанатын түріміз бар», дейді олар. Әрі бұл жерге аял­дама салу да қажет.

Ауыл тұрғындарының тағы бір шағы­мына назар аударып көрелік: «Алқап­тарды жекешелендіріп ал­ған шаруа қо­жал­ық иелері жұмыс істеп жатқаны, істе­мей тұрғаны да өз кезегінде күре жол­­ға дейінгі жер­лерін қорамен қоршап алған. Үкі­меттің ауыл айналасындағы радиусы 5 шақырымға дейінгі жерлер ауыл тұрғындарының жеке азын-аулақ мал жайылымы үшін қалдырылуы керек деген қағидасы сақталмай отыр. Осы себепті мал жайылымы тіп­тен тарылған, – дейді ауыл тұр­­ғындары И.Нұрмырзаев, Д.Бекмұратов, А.Мырзамұратов, Т.Жұма­шев­тар. Оның үстіне, өзі азғантай алқапқа аудан ортақ­тасып, 100 гектар жерге ор­талық бейіт салмақшы болған екен, ауыл тұрғындары Қызылорда об­лыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысына ша­ғым жазып, жуырда Шиелі аудандық жер қатынастары бөлі­мі басшысының қаты­суымен қоғам­дық тыңдау өткізіліпті. Онда жұрт­шылық 100 гектар жерді ор­талық бейітке беруге қарсы екендіктерін ашып айтты. 

Жоғарыдағы жағдайлар ауыл­ тұрғын­дарының қалыпты тұр­мыс-тіршілігіне де кері ықпал ет­кен. Бұрын ауыл маңынан өте­тін даңғыл жолдың жабылып, ел­ді­ мекеннің тұйықта қалуы себеп­ті жол­ бойындағы бірнеше кәсіп­керлік ны­сан­дар – шайхана, көлік жөндеу орындары, май құю бекеті жабылып, өз кәсібін жүргізіп отыр­ған 10-15 адам жұмыссыз қал­­ған. Елбасы тапсырмасына орай, жаппай кәсіпкерлікті өріс­тету мәселесі экономиканың қоз­­­­­ғау­шы күшіне айналған кезде­ мына жағдай алмалылықтар үшін қиянат. Осындай себептерден соң­ғы жылдары бұл ауылдан сырт­­қа көшушілер қатары артқан. Қа­­зіргі кезде де отыз шақты тұр­­ғын өз үйлерін сатуға қойса, он шақ­ты үй иесіз қаңырап бос тұр. «Біз­дің жанайқайымыз облыс басшы­лығының құлағына жетпей жатыр-ау деп ойлаймын, әйтпесе, көптің өтініші жерде қалмауы керек еді-ау», – дейді үміт жібін үзгісі келмеген ауыл қарттары. 

Иә, Мемлекет басшысы «Нұр Отан»­ партиясының съезінде ел­де тұр­ғын­­дар­­дың әл-ауқатын жақ­сартатын түр­лі бағдарламалар бол­ғанымен, ел­ оның нәтижесін көрмейтінін айтты. «Мұн­дай жағ­дай болмауы керек. Үкі­мет пен әр деңгейдегі әкімдер әлеу­­­мет­­тік мәсе­ле­лерді нақты шешуі тиіс. Асы­ра сілтемей, тек нәтижелі жұ­мыс іс­теуі керек. Қазақстан үшін әр өңір маңыз­ды», деді Елбасы. «Ауыл – қа­зақ­тың қарашаңырағы» дейміз, сол кие­лі ор­даның бірін күйретпей аман алып шығу үшін тұрғындар өтініштеріне құ­зырлы орын басшылары тарапынан түсі­ністік­пен қарап, нақты әрекет жасау­ды күтеміз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ, 

Алмалы ауылының тұрғыны

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы