Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Д. Абаев Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасын түсіндірді

733 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д. Абаев Жастар жылында жас мамандар  баспанамен қамтылатынын айтты.

Д. Абаев Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасын түсіндірді

«Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жыл сайын жас мамандарға арналған мыңға жуық арендалық тұрғын үй тұрғызу жоспарда бар. Ол баспаналар кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығы мен бюджеттік мекемелерде, ғылым саласында жұмыс істейтін жас мамандарға, ісін енді бастаған кәсіпкерлерге арналып салынады. Бұл ретте отбасындағы бала саны, мүмкіндігі шектеулі, арнайы күтімді қажет ететін бала тәрбиелеп отырғандар, толық емес отбасылар және тағы басқа факторлар ескеріледі» деді министр.

Бұдан соң, ол  жастарды еңбекпен қамту керек екенін айтты.

«Екінші бағыт бойынша «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарастырылған. Үш жылдың ішінде 60 мың жас азамат кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылады. Ауылдағы жастарымызға арнайы 15 мың микрокредит беру жоспарланған. Ал жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 30 мыңнан аса мемлекеттік гранттар бөлінбекші» деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Сондай-ақ ол білім беру мен волонтерлар ұйымдарын дамыту жоспары бар екенін атап өтті.

«Қазір «Жас маман» деп аталатын бағдарлама әзірленіп жатыр. Осы бағдарлама арқылы сұранысқа ие 100 индустриалды және сервистік кәсіптер бойынша мамандар дайындалады. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміздегі 20 алдыңғы қатарлы Жоғары Оқу Орындары мен 180 колледждің базасында жүзеге асады. Үш жылдың ішінде еліміздің барлық аймақтарында 200 мың жас азаматты оқытып шығаруды көздеп отырмыз» деді ол.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, «Ашық университет» жобасына барлық жоғары оқу орындар мен колледждерді қосу жоспарланған.

«Іргелі әрі қолданбалы зерттеулерге қатысты гранттық қаржыландыруды жылына 3  миллиард теңгеге ұлғайту. Волонтерлық шараларға белсенді қатысып жүрген студенттердің степендиясын 30%-ке көбейту» деді Д.Абаев.