Қазақстан • 11 Маусым, 2021

Қайрат пен ақыл бизнес баһадүрін биік шыңдарға өрлетті

381 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.
Абай

Қайрат пен ақыл бизнес баһадүрін биік шыңдарға өрлетті

Тәңірі оның пешенесіне текті атадан, құ­нарлы топырақта тууды бұйыртыпты. Содан да болар, балалық шағынан-ақ Аты­раудың құм шағылды, нұр сағымды атырабында тағдыр-тауқыметтің толқын тауларымен жағаласып шыңдалған, қылшылдаған жігіт шағында Маңғыстаудың маң даласында мұнаралар басына шырақ тасудың бел ортасында жүрген, бүгінгі ел ағасы, ер данасы, сексенінде де сеңгір серпінді, дүйім қазаққа белгілі кәсіпкер, мейірбан меценат Төкен Танаұлы Жұмағұловтың бойындағы ең бірінші қасиеті – тектілік. Аруақты асыл бабалардың терең тамырлы тегінен дарыған, тәрбиемен баулынған ақсауыт мінез аласапыран өмірдің бұралаң-бұлтарыстарында адастырмады, құз-қияларында құлатпады, қиындықтарында мойытпады, жалалы болғанда жасытпады; қандай жағдайда да темірқазық нысанадан айнытпай алға жетеледі. Тағдыры, әсіресе, әуел басында қайшылықтарға толы болса да, қайсарлық-қажырының арқасында уызынан жарыған адамдық, азаматтық қасиеттерін қалыптап әрі соны сақтап қала алғаны бір ер­лігі еді. Сол қасиеттер абыздарша толғайтын, әрбір істе әділетті қорғайтын асқар биікке алып шықты. Сондайлық өнегесімен өндірдей кезі­нен өзгеше көзге түсіп өндіріс те басқарды, бір қауым елді де біліктілікпен биледі. Қазақ руха­ниятының Әбіш, Фариза сынды алыптарымен соншалықты сыйлас, жан аяспас дос болған, қазақ жырының ғаламаты Ғафу Қа­йырбеков азамат деп танып, топтама жырларын арнаған, имани ізгілігімен ел берекесін кел­­тіретін санау­лы «единицалардың» алғы ше­бі­­нен табылған алғадай да осы Төкен ағамыз екен.

Атасы Тана кезінде төрт түліктің киесіне айналған әулие атаныпты. Әкесі Жұмағұл бір жастан асқан кенже ұлын атқа мінгізіп жетелейтін көрінеді. Сонда бұл ашамайдың басына тастай жабысып айырылмайды. Әке балаға сыншы емес пе, түбінде осы кенжетайымнан бірдеңе шығар, шамаларың келсе бетінен қақпаңдар депті. Құдды бір өсиет айтқандай, қамқор әке көп ұзамай дүние салыпты. Әйткенмен де, айтылып үлгерген аманатқа сай, ақылман ана Хансұлу мен өзінен он үш жас үлкен ағасы Бердәулеттің арқасында бетіне жел тимей еркін де ерке,  бұзықтау болып өссе керек. Он төрт-он бестегі бозбас төбелесқұмар, бұзақы топтың ішінен табылады. Тіптен сол тентектіктің буымен директорын сабап, мұнай техникумындағы оқуынан да шығып кетеді. Содан Бердәулет ағасы жандәрмен «күшің тасып бара жатса, қанеки!» деп ОРС-тың сауда базасының қоймасындағы Харес Шабалиев деген досына айтып, жүкшілік қара жұмысқа салады.

Бірақ бозбала Төкен арақтың ен ортасында жүрсе де ішімдікті татып алмайтын, темекі де шекпейтін ерекше тентек, былайша айтқанда, ақылды тентек болғандай. Бұл тентектіктің түбі тектіліктен шығып жат­қан­дай-ды. «Халыққа тентек атанбай, үйде жат­қан жігітке, төбеден тегін атақ болар ма?!» деп наркескен намыс қайрағы Махамбет те текке жырламаған болар. «Осы тентектігімнің де пайдасы көп жерде тиіп жүрді» деп күліп қояды Төкен аға. Онысы рас, себебі, ақылды тентектіктің ар жағында намыс пен тектілік жатыр емес пе. Тепсе темір үзер дәуренінде тек­тілігі мен тентектігі қыннан қатар суырылып, тайталасқа табандасып бірге түскен жыл­дардың да болғаны рас. Ақыры, табанды ниеттің нәтижесінде терең қайнарлы тек­тілі­гі талай-талай тағылымды жеңістерге де жет­кізген.

Иә, жақсыға қарай тынбай ұмтылды. Оқып куәлік алып, жүкшіліктен шопырлыққа ауысты. Одан сол кездегі қыздар қызығар, жұрт­қа танымал киномеханик мамандығын Алматыдан арнайы меңгеріп келіп Құлсары мен Гурьевте ай бір дүрілдетті. Жауын-жа­уынның арасында кешкі мектептен орта білім алуды да ұмытпады. Жөн сілтеуші – әке орнындағы Бердәулет ағасы. Сөйтіп жүріп адал сүт емген, ақ тәрбие көрген өмірлік аққу серік, жар қосағы Динамен көңіл жарастырып, жүрек табыстырып қосылған күн жарқын болашағының, аңсарлы бақытының ұзағынан сүйіндірген тағы бір бастауы болғаны анық. Бердәулет те қайтсін-ай, намысқа тыртысып, анда-мұнда аяқ артып жүрген әжептәуір «Москвичін» сатып, дүркіретіп тойын жасап берді. Бұл 1961 жылдың 15 шілдесі болатын. Қылшылдаған қайран, шіркін, 20 жас. Тө­кеңнің дүние есігін ашып туған күні мен жаңа мешітті ғаламын, отбасы-отауын құрып үй­ленген күнінің бір күнге сәйкесуінде де кере­мет бір мұғжизалы нышан жатыр демеске әдді­міз жоқ.

Үйленгеннен кейінгі үрдіс шұғыл үде­меледі. Дес бергенде, құдай оңдап, осы Гурьевте Мәскеудің политехникалық инсти­тутының сырттай оқытатын бөлімі ашыла қалып, соның автомеханикаландыру факультетіне оқуға түсті де кетті. Бұл да оңай болған жоқ. Жақ­сы адамдардың жәрдемі тиді. (Бір ғажабы, кейін қолынан келген шақта Төкен Танаұлы осындай, мейірбан жандардың жақсылығын еселеп қайыруды әдет қылды). Институт мамандығына сәйкес жұмыс істеуді талап еткендіктен, таксопаркке такси жүргізуші болып орналасып, су жаңа «Волганы» шырқ үйіре тізгіндеп тақымына басты. Баспалдақтар сатылап жоғарыға бас­тады. Әбжілдігі мен алғырлығы тыңғылықты тиянақтылыққа ұласты. Жақсы кадр қай жерде де қажет, өтімді. Сол қисынмен Төкен таксис­тен сле­сарьлар бригадирлігіне ауыстырылып, одан санаулы жылда бақылаушы механик, өндірістік-техникалық бөлім басшысы сатыларынан өтіп, жөндеу шеберханасының меңгерушілігіне көтерілді. Осылай қаулаған жастық жалыны, таңғаларлық ерен алымы мен шалымы ел көзінде тұрпатын тұлғаландырып, облыстық су шаруашылығы тресіне қарасты автобаза директорының тұғыртағына қондыр­ғанда біздің жігіт жиырма бес жаста еді. Сөйтіп, өр талап өндір жігітті ерте есейтіп, өрім­­дей шағында төрге оздырып, Төкен Танаұлы атандырды.

Нағыз қалыптасу енді басталған еді. Мінез сауытының ерендігі мен берендігі сыналар қақ майдан, қарбалас қиындық осында болып шықты. Төкеннің: «тентектіктің жұмыста пайдасы бар екен» дейтіні осы кез. Десе де, тайталас пен текетіресті, тығырықты көбіне-көп ақылмен, сабырмен, айламен жеңіп отырды. Жас та болса, өзіне, өзінің қажыр-қайраты мен білім-білігіне нық сенді. Сөйтіп, Абай данышпан айтқандай, «еңбегі мен ақылы екі жақтап» небір қиын жағдайлардан алып шығып, сүріндірмей, ширатып, шынықтырып, шарболаттай шыңдап, алға жетеледі. «Қазақтың жас баласы, қолынан не келер дейсің?» деп менсінбей шекесінен қарап қоқырайғандардың аптығын тез-ақ басты, батылдығымен төтеп берді, тайраңдатпады, басындырмады. Жаңа жас директор автобазаға келе сала ең алдымен кадр мәселесін қолға алып, тәртіпті жолға қой­ды. Икемге көнбегендерді, қолынан іс келмей, жұмысты ақсатқандарды «жолың әне!» деп аулаққа айдап салды. Олардың орнына өзі білетін, сондай-ақ әр жерден іздестіріп тапқан білікті мамандарды алды. Мимыртты бұз­дырды, жұмысты қыздырды. Сөйтіп, автобазаны алты айда бүкіл Қазақстан бойынша жүл­делі орынға, бір жылда бірінші орынға шығарды.

Әрине, қыбын таппаса, ебін келтірмесе, құр көкірекке жұмыс жүрмейді. Басшы қызметтің алғашқы кезінде-ақ Төкен Танаұлының ұйым­дастырушылық қабілетінің небір қырлары ашылды. Үйлестіру, жоспарлау, басты проб­леманы тап басып көре білу, әріптес сала­лар­дың жетекшілерімен тіл табысу, т.б. Мысалы, автобазадағы ең үлкен қиындық сол заманда «көкқасқа» деп аталып кеткен «Зил – 130» мәшинелерін жөндеу, қосалқы бөл­шектермен қамтамасыз ету екен. Ал бұл мәселенің шешімі есігінен де сығалатпайтын Днепропетровск жөндеу зауытына барып тірелетін көрінеді. Осының кілтін дейсіз бе, жолын дейсіз бе, жас директор Төкен тапты. Ондағы бас директор Нишпуренкомен жақсы тіл табысып, керек десеңіз, дос болып алды. Сөйтіп, іскерлік байланыс өрістеп сала берді. Қосалқы бөлшектер Гурьевке лек-легімен ағылатын болды. Бұрын жүйткіген жүрісінен томсарған тұрысы көп болған «көкқасқалар» енді Атырау атыраптарының сан тарау жолдарында тоқтаусыз құйғытты. Бұл игілікке Каспийдің қара уылдырығы да септескен болар, әлбетте. Бірақ Төкеңнің адамды баурап алар аңқылдаған ақ көңілі бірінші орында тұрғаны анық.

Орда бұзар отызында Алматыда, министр­ліктен берілген бұйрықпен Қазақстанға атағы шыққан Ералиев автотранспорт кәсіпорнының бастығы болып келгенде де сол іскерлік қасиеттерінен танбады. Ізденіс, жаңашылдық, қалт еткен мүмкіндікті құр жібермеу, күн-түн қатып үнемі жұмыс басынан табылу қанына сіңген дағдыларға айналды. Жалпы, киелі де әулиелі Маңғыстау өңіріндегі өнегелі де өргек он сегіз жылы Төкен Танаұлы өміріндегі жел өті де, жау беті де ұшырасқан асулы-кешулі кемел белес болды. Аяулы Хансұлу анасы осында бір кездегі ерке тентегінің салауатты да санаткер ел ағасы, айдынды да айбынды азамат болғанын көріп, Жаратқанға мың шүкір тәубесін айтты. Өйткені, асыл жары аманаттап кеткен, өмір бойы тілегін тілеген ұлы осыған татыды. Кескекті ердің сойы дерліктей кесек турады. Басқа қиындық түссе, қайғы келсе, қайыспай қасқайып қарсы тұра білді. Қызық көрсе, оның да жылымына түсіп кетпеді, елікпеді, арзан мен оңғаққа ермеді.

Сенбеушілік Ералиев автобазасында да ескі таныстай ереуілдеп алдынан шыққан. Бірақ көп ұзамай-ақ сардарлық серпіні мен ширақ қарқыны ондайлардың аузына құм құйды. Мұнда да орыс, украин, армян, қазақ аралас көп ұлтты ұжым. Ешкімді алаламады, үздіктер мен үлгілерді ғана даралады. Автобазалардың құрмет тақтасынан қарап жүріп, инженер, дәнекерлеуші, моторист, электрик, аккумуляторшы сияқты қайда жақсы маман болса, осында шақырды. Машинаның қай жері ақаулы екенін бірден анықтайтын диагностика цехын, Мәскеудегі Лихачев атындағы зауытпен байланыс орнатып, Ералиевте эксперименттік сынақ цехын аштырды. Осылай әріден ойлаған ақылдың арқасында сынақтан өте сала қо­сылып жатқан жаңа машиналар, тегін қосалқы бөлшектер автобазаның тынысын одан әрі кеңейте түсті. Маңғыстау мұнайын игеруге атсалысушы автобаза республикада дәйім маңдайы жарқырап алғы саптан көрінді. Одан қала берді, жылда жиын-терін науқандарында солтүстік өңірлерде астық, Қызылордада күріш жинауға көмек береді. Жүргізушілердің ішіндегі әнші-күй­ші өнерлі жігіттерді топтас­тырып, түскі тәтті үзілістердің талмау сәттерін тап басып, күрішшілерге «Қайран, сол Сыр сұлуы, қай­дасың?!» деп әуелете шал­қытып гәкку концерттер қойып беретінін қайтерсіз! Соның бәрінің басы-қасында бел шеш­пей дыңдай жансебіл директор Төкен Жұмағұлов өзі жүреді. Тіпті, машина руліне өзі отырып, қатардағы жүргізушідей күріш тасыған кездері де болған. Бәзбіреулердей онысына еш арланған жоқ, қолына жұғып та қалған жоқ, қайта алғыс пен құрмет ілді. Өзіне берілген үш доңғалақты мотоцикльді өнерпаз шопыр Жеткізген Ықыласовқа сыйлаған жо­марттығы және бар. Жап-жас болып Мәскеудің «Құрмет белгісі» орденін омырауына мерейлене таққаны да сол жанкешті жылдарда болар.

«Қамалды қырықта алады» деген қағи­даны бұзып, сол кездегі Маңғышлақ облыстық автотранспорт бірлестігінің басшысы болып тағайындалғанда Төкен Танаұлы орда бұзардан онша алыстай қоймаған, «қиядан қиқу төгілсе, аттың басын тартпаған» алғадай 34 жасында еді. Осы үлкен тресті табаны күрек­тей 14 жыл басқарғанда бастан өткерген небір хикметтері, тағдыр-талқыны тайсалмай кешкен тәуекелдері талай-талай шытырман оқиғалы детективтің арқауы болғандай. «Күндестігі қозған езбелерден азапқа қалған» кездерде сынбады, тұлғалана түсті, өмірінің соны серпінді тың жолын тапты. Біз Төкен табандылығының осы тұстағы бірер мысалына ғана тоқталайық.

 Иілместі иіп, бүгілместі бүге білер кәнігі бейіміне қоса тәуекелшілдігімен де талай тас­бөгет тығырықты жарып өткен қызуқанды, намысқой жігіттік дәурен-ай десеңші! Жет­пісінші жылдардың бел ортасында Маң­ғыстауда Қаламқас-Қаражамбастың қара алтын мұнайы қайнарынан атқылап, жаңа ашылған кен орындарында қыж-қыж өндіріс қазаны қайнады. 1978 жылы осы кеніштермен жалғайтын Ақтау – Қаламқас асфальт жолын салу міндеті қойылды. Ұзындығы 300 шақырым, 32 шақырымдық дамба-бөгеті және бар. Алматыдан министрдің орынбасары Каплан арнайы келді. Жолқұрылыс тресінің жаңа басшысы Зотолокин мұндай зор көлемдегі жұмысты нөлден бастаудың қиындығын қайта-қайта алға тартып, «осыны қоя қойсақ қайтеді?» дегендей, қорқасоқтаған сыңай танытты. «Оңай не бар? Біз мұны сөзсіз жүзеге асырамыз!» дейді Төкен Танаұлы нық сеніммен, батыл түрде. Бұлай өр сөйлегенге бәрі сынай таңырқасып, қарап қалады.

Енді жол түсетін атырапты көру керек. Қыс іші, қалың қар. Жолсыз айдала. Ма­шиналар қайта-қайта бата береді. Алдан күртік қарға толы терең сай шығады. Одан өтуге еш жүргізушінің батылы барар емес. «Әкел бері рульді!» деп Төкен Танаұлы министрдің орынбасары келе жатқан машинаға өзі отырды. Арғы бетке қалың қарды қақ жарып, заулап өтті. Қалған тоғыз машинаны да өзі айдап өткізді. Осы батылдығы мен тәуе­кел­шілдігі «жолды саламыз ба, салмаймыз ба?» деушілердің күмән-күдігін сейілтіп, бұл жұмыстың негізгі ауыртпашылығын Төкен Жұмағұловтың тресі көтеріп атқарып шығатынына деген сенімді бір-ақ сәтте, бір ғана наркескен мінезімен бекітіп берді. Уәделі үш жылда тап-тұйнақтай етіліп жол да тартылды. Керек десеңіз, Төкен Танаұлы бел ортасында, жолды салушылардың бір тобы республиканың Мемлекеттік сыйлығына да ұсынылған болатын. Осы ретте «Адамның адамшылығы істі қалай бастағандығынан білінеді» дейтін Абай сөзі Төкен тәуекелінің түп мұратын жақсы аңғартып тұрғандай.

Тәңірдің тағы бір сынағы болар, арада жылдар өткенде өздерін заң-құқық саласының құдіреті санап тәңірсінген біреулер өшігіп, ата жаудан бетер аттандап соңына түсті. Тексерістен тексеріс. Ісінен бәле тауып, ұр­лап қойды, жеп қойды деп жала жауып, түр­меге тықпақшы. Көзбе-көз сөйлескенде: «Сенен дөкейлерді де соттатқам» деп күшейді. Расында да, күшейсе күшейгендей, пәрмені де дәрмені зор, дүмі мықты. Әттең, сол күштілігін әділеттен аттап, қиянатқа жұмсап тұр. Өзі бұрынғы дос-жар адам. Өшіккен себебі: бір жымысқы жамағайынын автобазаға директор етіп қой дейді, ал Төкен болса буынсыз жерге пышақ ұрған ондай жөнсіз де қисынсыз, танаулай көкіректеген өктем әмірге көнбейді. Іс ушықты. Жалалы жалған айыптаудың беті қатты. Соттатпай тынышталар емес. Төкен Танаұлының басына қиын күндер туды. Қаражүрек қиянатқа қасқайып қарсы тұрмаса өзінің де, отбасы-балаларының да өмір-болашағына батыраш-балта шабылатынын түсінді. Ең ғажабы, ол өз бойынан дүлей зорлықшыға тойтарыс берер намыс пен нартәуекелді таба білді. Әуелі облыстық партия комитетінің пленумында әлгі заңсымақ зордың жөнсіз әрекеттерін, толып жатқан басқа да былықтарын айдай әлемге әшкере қылып, сойқан сөз сөйледі. Бұл сөз жалпы Маң­ғыстау жұртшылығына ашық күндегі бомба жарылысындай әсер етті. Еңсені басып тастаған тоталитарлық тымырсық заманда бас­қалардың қолынан келмес осындай ерлікті жасаған Төкен Танаұлын Халық қаһарман, батыр деп таныды. Әділет іздеген ғарызнамасын Мә­с­кеуге дейін жеткізді. Сөйтіп, өзінің тағ­дырын тәлкек етуден қорғап қалды. Бұған қазған орына қиянатшының өзі құлап тынды ақырында.

Ақтығын дәлелдеді, абыройын сақтады, алайда, нешеме жыл атқарған жұмысында бұдан әрі қала беруді де жөн деп таппады. Ақ­таудағы ақ тілеулі елі қимаса да, қал деп қинаса да, ендігі жол Ембіге баста­ды. Осындағы «Теңізмұнайқұрылыс» тре­сіне қарасты механикаландыру және көлік басқармасы – халық арасында «УМиТ» деп аталып кеткен мекеме алдағы үлкен үміттердің бастау-баспалдағы іспеттес болды. «УМиТ» үміт отын қайта жандырды. Өз кезегінде Төкен Танаұлы өзінің дағдылы жұмыс мәнері, қарқынды ырғағымен, мұнайшылармен серік­тесе қызмет істейтін мердігер мекемені төрт жылда үлгілі кәсіпорынға айналдырды. Мұны көргендер енді құрамында он сегіз басқармасы бар бас трестің басшылығына біздің ақжолтай азаматты лайық көрді. Мұн­дағы жұмыс тіптен шытырман. Шылығы одан да көп. 6 ай жалақы төленбеген. 250 миллион берешегі бар. Тумысындағы іскерлігімен түйіндерді тарқатты. Құрылыспен айналысып, мұнайшылардың тапсырысымен тұтас кент салды. 1993 жылы Қазақстан мұнайын бірлесіп игеруге келген «Шеврон­мен» іскерлік байланыстарды да ілкімді жүр­гізе бастаған. Құрамына «Монолитстрой», «ҚұлсарыОтделСтрой», «Құлсарыпромстрой» сынды трестерді қосып алып әбден іріленген «Теңізмұнайқұрылыс» тресін Теңіз вахта­лық кентінде біржола орнықтырып тұрақ­тандырды.

Жақсы атағы жайылған Жұмағұловты жаңадан келген облыс әкімі Равиль Шырда­баев Жылыой ауданының әкімі қызметіне шақырсын. Барғысы келмей бас тартып бағып еді, жастайдан бергі жолдастығын алға тартып, салмақ салды. Сөйтіп, аяқ астынан әкім болып шыға келді. Бұл мәртебе, мансап емес, ең алдымен жауапкершілік, мойнына жүктелген толағай міндет еді. Қиын уақыт. Халықтың тұрмысы нашар, азық-түлік тапшы. Зейнетақы, еңбекақыны айлап көрмейді. Мұнайдың баррелі 9-ақ доллар. Осындай сан түрлі қиындықтардан шығу үшін жылдар бойы жинақтаған тәжірибесін, ұйымдастырушылық қарымын сарқа пайдаланып, әр істің ығытын таба, тынымсыз еңбек етуге тура келді. Көптеген проблемалар шешіліп, әлеуметтің жағдайы дұрысталуға бет алды, экономика өтпелі кезеңнің кібіртігінен арылды. Әсіресе, 1997 жылғы Жем өзенінен келген су тасқынын ауыздықтап, тілсіз апат­тың алдын алып, қаншама халықты опат-қатерден құтқарудағы еңбегі ересен болды. Ал Пір Бекет Атаның кіндік қаны тамған, әкесі мен анасы мәңгілік жай тапқан жерде ұлы рухты қастерлеген зәулім Ақмешіт кесенесін тұрғызуға елді жұдырықтай жұмылдырды. Жұрт зияратқа ағылды. Шырақшылығына сонау Түрікменстаннан іздеп тауып, әулиенің тікелей ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлын әкеліп отырғызды. Құлсарыда да мешіт салынды, жылыойлықтарға газ тартылды. Бұдан басқа да, халық игілігіне атқарылған каншама жұмыстар аясында алғыс-құрметке бөлене отырып, ауданның 70 жылдығы да лайықты сән-салтанатымен аталып өтілді. Сөйтіп, ауда­н алдындағы да, Шырдабаевтай қадірлі дос алдындағы да азамат парызы өтеліп еді.

Бұл кезде Төкен Танаұлын басқа бір жай алаң­датты. Оның Тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарындағы нарық талабына сай жекешелендіріп құрған «Теңізмұнайқұрылыс» акцио­нерлік қоғамы өзі жоқта бей-берекет­сіздікке ұшырап, банкрот болуға шақ қалып, тарап кетудің аз-ақ алдында тұр екен. Шұғыл шешім қабылдап, өзі бастаған, әзір тұралап тұрған іске қайтып оралды. Білікті кадрдан айырылмас үшін облыс әкімінің орынбасары қызметі ұсынылып еді, Төкен Танаұлы биік мансапты емес, бейнеті көп бизнесті таңдады. Ойға-қырға шапқылап, тыным таппай, бүлінген шаруаны түзетуге нартәуекел деп кірісіп кетті. Уақыт талабына ілесіп, жаңашыл ізденістерге бой ұрып, бизнесінің баяндылығы үшін не қажеттің бәрін жасады. Сөйтіп, айналасы төрт-бес жылда кәсіпорын аймақтағы алдыңғы қатарлы компаниялардың біріне айналды. Соның нәтижесінде «Теңізмұнайқұрылыс» Теңіз өндіріс орнында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін басты мердігердің бірі болып қалыптасты.

Төкен Танаұлының айтуынша, жұмыс­шылар саны тек бір вахтада ғана 1 мың адамға жеткен. «Теңізшевройл» компаниясына 30 шақты салада қызмет көрсететін болды. Халықаралық аренаға батыл шығып, Венгрия-Германия компаниясымен біріккен серіктестік ашады. Құрылыс, жөндеу, жол салу, құбыр тарту, сантехника мен электротехника, то­пы­рақ тасу, бетон құю, асфальт шығару секілді барша жұмыс қазақ мұнайын игеруге жайлы жағдай туғызуға бағытталады. Қаншама еншілес серіктестіктер құрылады. Жылдық табыс миллиардтап есептеліп, бюд­жетке түсіретін салықтың өзі 15 млрд теңгеден асады. Шотландтықтармен бірлесіп ашылған «КИС/ОРИОН» серіктестігінде ғана 1 мыңнан астам шетелдік және қазақстандық мамандар жұмыс істеді. Заманауи қонақүй, асханалар, ойын-сауық клубы іске қосылды. Жұмысшылардың әлеуметтік-мәдени сұра­ныстарын жан-жақты қамтыған, етті мал өсіріп, көкөніс өндірумен де айналысатын «Саян» фирмасы дүниеге келді.

Қазіргі көркем Атырауды темір жол вокзалы маңындағы еңселі ғимараттары алыстан көз тартатын «Дина» сауда орталығынсыз елес­тете алмаймыз. Халыққа сүйікті бұл базар­ды Төкен Танаұлы өткен ғасырдың соңында бос жатқан сор-батпақ, 27 гектар айтақырда салып, ел игілігіне пайдалануға берді. Бұл күндері жүздеген бутиктер мен жайлы сауда орындарының игілік-қызығын нешеме мыңдаған кәсіпкер мен халық қатар көруде. Мұнда сатылмайтын нәрсе, көрсетілмейтін қызмет жоқ десе болғандай. Базарда 8 200 адам кәсіптерін жүргізуде, яғни сонша адамға жұмыс беріліп отыр. Бір заманда Абай хакім: «Саудагер қашты бұл елден, несиесін жия алмай» деп назаланса, біздің заманның бизнес баһадүрі шарапатынан шашу шашып, шағын кәсіп иелерінің саудасына жағдай жасап отырса, бұл сауапты іске қалай сүйінбессіз. Ал базардың атын «Дина» деп қойғаны – өмірлік адал серігі, сүйікті жары, балаларының мейірімді анасы, немере-шөберелерінің ақ әжесі, әрдайымғы тірегі Дина Есімқызына деген шексіз құрметі мен махаббаты. Осыған орай «Дина» сауда-өндірістік орталығы жиырма жылдан бері рес­публика бойынша үнемі үздіктер қатарында.

Кең құлашты жұмыс әр тарапта, әр салада қанат жайды. Бейнеуде қиыршық тас, Түпқарағанда бор, Ақтөбе облысында инертті материалдар шығаратын серіктестері жұмыс істеді. Бір ғана Атыраудағы еншілес кәсіпорындарын атасақ: «Орион» күзет фирмасы, «Атырау-Автоәлем» дүкендер жүйесі, «Проспект Медикал Каспиан» 32 кабинеттік заманауи емхана, әлемдік талаптарға сай «Тағылым» жекеменшік мектебі, «Dina-commerce», «Дина-Медикал», «ТТТ-Арман сервис» серіктестіктері, «ҚазРосҚұрылыс» біріккен кәсіпорны болып жалғаса береді. Сондай-ақ Форт-Шевченкодағы «Аққу» демалыс базасы, Батыс Қазақстандағы «Шалқар» демалыс аймағы, Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы балаларға арналған «Жерұйық-Машат» емдеу-сауықтыру орталығы, Шымкенттің жанындағы Маятас ауылында бір мезгілде 1500 адамға дейін қабылдай алатын «Шымкент-Гавайи» демалыс базасы, Алматыдағы «Танарис» кинокомпаниясы – міне, осының бәрі Төкен Танаұлының қайрат пен ақылға жүгінген нартәуекелімен дүниеге келген кәсіпкерлік патшалығы, ғажайып бизнес әлемі. Біздің кейіпкеріміз сексеннің сеңгіріне шыққан бұл күндерде осынау патшалықта 11 мыңнан астам адам жұмыс істеп, нәпақа табуда, отбасыларын бағуда. Осы құрылымдардың баршасын бүгінгі таңда «ТНС-групп» концерні ұйыстырып, ұйымшыл да берекелі қарекеттерге бастап келеді. Концерннің заңды тұлғалар бірлестіктері директорлар кеңесінің төрағасы тағы да Төкен Жұмағұлов.

Әлбетте, адал еңбек алғыс ілді. Қазақстан Пре­зиденті жанындағы Кәсіпкерлер кеңесіне мүшелікке қабылданды. «Атамекен» эконо­микалық палатасының төралқа мүшесі бол­ды. Бұрын-соңды болып көрмеген жағ­дай, «ТеңізШевройл» компаниясы мен ТНС тобы арасында 22 келісімшартқа қол жеткізіп, соның арқасында Қазақстанның үздік елу кәсіпкерінің қатарына енді. Рет-ретімен әр жылдары «Құрмет», «Парасат», «Барыс», халықаралық «Достастық жұлдызы» ордендерімен марапатталды. Бірнеше мәрте мәртебелі үкімет делегациялары құрамында шетелдік сапарларға шығып, осы кездерде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен және қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевпен емен-жарқын жүздесіп әңгімелесу құрметін еншіледі. Сондай-ақ Атырау мен Ақжайық, Маңғыстау сынды үш бірдей үлкен өңірдің телқарасы болып, құрметті азаматы атану да кез келгеннің маңдайына бұйыра бермес ерекше бақ екенін айту ләзім.

Әйткенмен, осынау кәсіпкерлік жолы үнемі даңғыл бола бермепті. Жітірек үңілсек, Төкен Танаұлының қайсы бір кездердегі назалы жанайқайын аңғарар едік. Үлкен бизнес империясын сеніп тапсырған жақын жандары үдеден шықпай, жұмысты бетімен жіберіп, тығырыққа тіреп, енді болмаса тап-таза тақырға отырғызғандай екен. Шұғыл әрі шалт қимылдап, бұл қиындықты да ең­серді. Ілкіде бақайшақтап айтқанымыздай, барлық жағдайды біртіндеп қалпына келтірді. Әрине, оңай болмады. Күйзелді. Күңіренді. Денсаулығына да теріс әсері болмай қалмады. Бірақ Төкен Танаұлы соның бәрін қанындағы қайсарлықпен жеңіп шықты. Бизнесінің биік бәсін сақтап қалды.

Кәсіпкерлік күрделі ғылым болса, Төкен Танаұлы сол ғылымның тереңіне бойлады. «Қазақ кәсіпкері қандай болуы керек?» деген сұрақ қойылса, жауап дайын. Қазақ кәсіп­керінің бүгінгі үлгісі – Төкен Танаұлы Жұмағұлов. Осы арадағы бір айтпағымыз, жүрегіндегі мейірім мен қайырым оның қоғам мен туған ел алдындағы жауапкершілігін ешқашан қалғытпады. Абай айтқандай, «адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылып», жақсылықты өзінен тартып өзгелерге, отбасынан тартып Отанына, әулетінен тартып айнала аймағы мен бүкіл Алашына шапағатты шуақтай шаша білді. Бизнес баяндылығының кепілі де осы емес пе. Қалай десек те, кесене-мешіттері тұрғызылған Адай Ата, Пір Бекет, ас беріліп ұлықталған басқа да бабалардың аруағы Төкен Танаұлына, оның халыққа жасап жатқан атымтай жомарттығына разы дей аламыз. Төкеңнің көкжүйріктерінің бәйгеден озып алған «Джиптерін» байланған азаматтар қаншама! Олар да риза.

Иә, қазақ кәсіпкерлігіндегі біртуар, керемет тұлға. Бизнестегі баһадүр, еңбектің ері десек те жарасар. Себебі, сеңгір сексенін еңбекпен қарсы алды. Осы мерейжас қар­саңында ой-сырларын ағынан жарыла ақтарған жаңа кітабы жарық көрді. Ол «Ризамын» деп аталады. Осы тағдырына, осылай еңбекпен егіз өрілген өміріне, туыстай боп кеткен, серіктескен қолғанат жігіттеріне, толағай табыстармен айшықталған, алда тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы тойланғалы жатқан бүгінгі мамыражай бейбіт заманға Төкен Танаұлы риза. «Төкендей Еріне, қасиет-қырлары көптен-көп Шеріге, кәсіпкерлік еңбегінің өнегесіне Ел де риза!.» дей аламыз.

Қорғанбек АМАНЖОЛ

Алматы – Атырау – Алматы