Су тасқыны • 30 Наурыз, 2023

Тасқын су құрсауындағы ауыл

228 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенге қызыл судың қаупі төніп тұр. Шалғайдағы ауылдар түгілі облыс орталығының шағын аудандарындағы жер үйлердің жертөлесіне еріген қар суы толып, көлік жолын бүлдіріп жатыр.

Тасқын су құрсауындағы ауыл

Зеренді ауданына қарасты Ұялы ауылының балалары мектепке бара алмай отыр. Шоқ жұл­дыздай шағын ауылдың оқу­шылары іргедегі Ақадыр ауылына қатынап оқитын. Қазір екі елді мекеннің арасында қатынас жоқ. Жалғыз жолды еріген қар суы шайып кетті. Ақадырдың шыға берісіндегі жол бүлінген. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, қыр басындағы қасат қар күрт еріп, лықсыған қызыл су кеше қас қарая тіпті молайған. Негізінен бұл жерде жолдың астына салынған су өткізгіш құбыр бар. Әлде уақтылы тазаланбады ма екен, бәлкім еріген қар суымен ере келген қоқыс бітеді ме, құбырдан су өтпей қалыпты. Бес жүзден астам тұрғыны бар ауыл қазір ешқайда қатынай алмай қаңтарылып отыр. Бір айта кетерлігі, бүгінгідей күрделі жай жылда қайталанады. Көктемгі қар суы жолдың түте-түтесін шығарған. Қазір ми батпақ. Көлік түгілі адам жүре алмайды.

– Біздің ауыл тұрғындарының басым көпшілігі Көкшетау қала­сында жұмыс істейді. Қазір жол жабылғандықтан жұмыстарына бара алмай отыр. Биыл қыста қар қалың түсті. Ауылдың азаматтары шамалары келгенше аршыған болды. Бірақ күш кем, қуатты техника жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Үмбет Қайбарұлы.

Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, жергілікті әкім­­­шіліктен көмек болмаған. Қыс бойы боранды күндері жол жа­былып, бейнетке батыпты. Көк­­темгі су тасқынына байланысты дайындық жұмыстары шала жүргізілген Ұялы, Ақадыр, Превомайское ауылдарының жолын су шайып кеткен.

– Жолдың кейбір тұстарын қызыл су тереңдігі бір жарым метрге дейін ор қылып шайып кетті, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөлімі бас­шысының міндетін атқарушы Данияр Ақ­танов, – өткен түнде ауылдық округ әкімдігі жолды жартылай қалпына келтірді, бүгінде алты КамАЗ-бен құм тасымалдауда.

Облыс орталығында да қы­зыл судың қаупі орасан. Бей­бітшілік шағын ауданындағы жекеменшік үйлерді су басып жатыр. Былтыр ғана пайдалануға берілген жол қырық шұңқыр болып бүлінді. Ең басты се­бебі, жол жиегіне суағарлар са­­лынбаған. Іргедегі төбеден лық­­сып аққан су суағар болма­ғандықтан, жер үйлердің аулалары мен жертөлелерін суға толтыруда. Шағын аудан тұрғындары су соратын техника жалдап, өз күштерімен қызыл судың бетін қайтаруға тырысып жатыр.

– Мен Қарағайлы көшесінде тұрамын. Қазір үйімізді су басып жатыр, – дейді қала тұрғыны Нұрбек Есенов, – табиғи су жолы бітеліп, суағарлар орнатыл­ма­ған­дықтан, дәл осындай жағдай орын алып отыр.

Бұл шағын аудандағы көше­лерде былтыр кәріз жүйесін ор­натпақ болып жолды қопарыпты. Бірақ жұмыс аяқталмаған. Қазған жер ашық күйінде қалған. Ордан шығарылған топырақ сазға айналып, аяқ аттар жер қалдырмаған.

– Қалалық әкімшіліктің та­бал­дырығын тоздырғалы жеті жылдың жүзі болды, – дейді қала тұрғыны Александр Высочин, – 2020-2025 жылы біздің көшелерге ауыз су желісі мен канализация өткізген болатын. Негізінде бұл жұмысты әкімдік атқаруға тиіс. Бірақ әрбір отбасы 220 мың теңгеден қаражат төледік. Жұмыс дұрыс жүргізілген жоқ. Қазір мектеп оқушыларына, егде адамдарға өте қиын болып тұр.

Көктемнен хабар жеткелі қала әкімдігінің тас-түйін дайынбыз деген ақпараты талай жария етілген. Қателіктің қай жерден кеткенін кім білсін?

 

Ақмола облысы