Фотогалерея • 20 Сәуір, 2023

Қадыр ақынды қастерледі

444 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, кәсіпқой фотосуретші Рафхат Халеловтің «Қазақтың Қадыры» атты фотокөрмесі ашылды.

Қадыр ақынды қастерледі

Іс-шарада сөз алған облыстық мәде­ниет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қармасының басшысы Сайран Дүй­сенов Рафхат Елжасұлына сәттілік тілеп, алғыс хат табыстады. Өз кезегінде Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, әнші-ком­­позитор Донеділ Қажымов ізгі ниет-тілегін ақтарып, Қадыр Мырза Әлі­нің сөзіне жазылған «Қазақтарды шет­елдік қонақтарға таныстыру» әнін шырқады.

Өлкетанушы Сара Танабаева фо­тосуретшінің шығарма­шылығына аз-кем тоқталып өтсе, Талғат Мықи, Ай­набек Бисенғалиев, Әнуар Аман­жолов секілді ақындар Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін жатқа оқыды.

Рафхат Халелов өз шығармашылығы туралы айта келіп, фотосуреттің өткен күннің белгісі, тарихи сәттердің дәлелі екенін жеткізді. Оған қоса Қадыр ақын жөнінде біраз естелік айтты.

– Қадырды сүйіп оқитын, ерекше құр­мет тұтатын оқырмандар же­терлік. Солар қадау тұлғаның өзімен кездескендей күй кешсе екен деген мақ­сатпен осы көрмені ұйымдастыруға бел буып едік. Алтын уақыттарыңызды бөліп, Қадыр сарайының төрінен табыл­ған­дарыңызға мың алғыс. Бұл – менің Ақжайық өңірінің аяулы перзентінің шығармашылығын насихаттауға қосқан үлесім, – деді Рафхат Елжасұлы.

Қадыр ақынның сөзіне жазылған «Орал – әнім сенсің шалқыған», «Ата­мекен» әндерін «Інжу», «BatysStar» топтары орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

– Сапалы сурет түсіру үшін қағы­лездік, шапшаңдық қажет. Бұл қасиет­тер Рафхат Елжасұлының бойында бар. Қадырдай алып тұлғаға осылайша құрмет көрсеткен талантты фото­суретшіге ризашылығымды білдіремін, – деген Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла іс-шараны қорытындылап, Рафхат Елжасұлына алғыс хат және естелік сыйлық ұсынды. Сонымен қатар фотокөрменің қадірлі мейманы, еңбек ардагері Марат Кен­жетайұлына айтыс ақындары мен жыр­шы-термешілердің халықаралық одағы Батыс Қазақстан аймағы бойын­ша бөлімшесінің ұсынысымен да­йындалған дала реформаторы, даңқ­ты батыр Сырым Датұлы атындағы төсбелгіні табыс етті.

 

Марлен ҒИЛЫМХАН