Фотогалерея • 27 Сәуір, 2023

Құстар, құстар...

291 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайда жергілікті орнитолог-ғалым Алексей Тимошенконың 20 жыл бойы түсірген фотосуреттерінің көрмесі ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозиция залына орналасқан көрменің ашылу рәсіміне жергілікті биолог-ғалымдар мен Науырзым қорығының ғылыми қызметкерлері қатысты. Көрмені тамашалауға келгендерге орнитологтің ұлы Никита Тимошенко тамаша күй орындап берді. Никита үш жылдан бері домбыра үйірмесіне барып жүр.

Құстар, құстар...

Бұл – ғалымның ең алғашқы жеке көрмесі. Өзінің айтуынша, бұған дейін бір­неше фотосуреті әртүрлі респуб­ликалық көрмелерге қойылыпты. Бұл жолғы көрмеде бірден 100 туынды көп­шілік назарына ұсынылып отыр.

– Менің фотоколлекциямдағы тек құс­тардың өзі ғана 300-ден асады. Көрмеге соның 80-нен астам түрі қойылды, қал­ғандары – сүт қоректілердің суреттері. Бұл жолы құстардың мейлінше әдемі әрі сирек кездесетін және «Қызыл кітап­қа» енген түрлерін таңдап алдым, – дейді Алексей.

Әр суреттің астындағы құс атаулары қазақ, ағылшын және орыс тілінде жазылған. Көрмені тек тамашалап қана қоймай, құстар әлеміне бойлап, дүние­танымыңызды кеңейтуге болады.

Экспозицияға қойылған дала құстары мен жануарлардың бәрі Қостанай облысы мен шекаралас өңірлерді мекендейді.

Көбіне біз дала құстары көбіне сұр, сұрықсыз болып келеді деп ойлаймыз. Меніңше, мүлде олай емес. Тобыл мен Торғайдың арасында созылып жатқан сайын далада қауырсындары сан бояуға малынып мың құбылып тұратын әдемі құстар өте көп, кейбіреулерін тіпті тропикалық құстармен шатастырып алуға болады. Біздің өңірдегі жануарлар әлемі де өзгеше, аптап құрғақшылыққа, қыстың қақаған аязына қарамастан өмір сүруге бейім болып келеді, дейді ғалым.

Еңбек жолын өзі туып-өскен Науыр­зым қорығында бастаған Алексей Ти­мошенко кейін Солтүстік Еуразияның орнитофаунасын зерттеген бірнеше халық­аралық ғылыми топтың құра­мында болады. Біраз жылдар бойы елі­міздегі биоалуантүрлілікті сақтау қа­уым­дастығының жануарлар дүниесін мониторингілеу жөніндегі жетекші маманы қызметін атқарды, одан кейін осы қауым­дастықтың Қостанайдағы филиалын, Жанкелдин ауданындағы «Алтысай» экологиялық паркін басқарды.

Орнитология саласында жүрген жиыр­ма жылдың ішінде ғалым мой­нын­дағы фотоаппаратынан бір сәт ажы­рап көрген емес. Жалпы, фотоаппарат – табиғат жаратылысының тылсым құпиясын ашуға аңсары ауған кез келген ғалымның ажырамас бір бөл­шегіндей болып кететін аса маңызды құрал. Өйткені азабы мен ғажабы астасып жататын ғылыми экспедицияларды сапар аяқталған соң, фотосуреттермен дәйектеп, қорытындылау керек болады. Қай мекенде қандай құстар, нендей жануарлар кездесетінін көрсетіп отыру да аса маңызды.

Фотографтың айтуынша, құла түзде еркін жортқан жан-жануарлар мен қанаттыларды суретке түсіру оңай шаруа емес. Сондықтан кейде суаттардың басына қамыстан немесе талдан күрке көтеріп, бар болса шатыр тігіп, соның ішінде тапжылмастан бірнеше сағаттап жатып, ұрымтал сәтті күтуге тура келеді. Көрмеге ілінген керім киіктің бірі осылай түсірілген. Фотосуреттің шынайы шыққаны соншалық, суаттан басын ала берген жануардың тұмсығынан тамып жатқан тамшыларға дейін күн сәулесіне малынып анық көрініп тұр. Фотосуреттің сәтті шығуы үшін жануарлардың болмысын зерттеп, мінезін де тани білу керек.

– Жануарлар таңғы тоғызға таман ақырындап суаттың маңына жақындай бастайды. Ал мен таңғы төртке дейін күркемді тігіп, демімді ішіме тартып көз алмай бағып отырамын. Бұдан кешігуге болмайды. Көбіне сабыр сақтап, сағаттап күтуге тура келеді. Айдынның ортасында жүзіп жүрген қа­­раша қаздардың жағаға жақындағанын кү­тіп бір орында 13 сағатқа дейін тапжылмай жатқан кезім болды, – дейді фотограф.

 

Қостанай облысы