Фотогалерея • 23 Тамыз, 2023

Ойдың түсі

179 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мына картинаның атауына қарап, «Ойдың түсі бола ма?» дерсіз. Кез келген өнер туындысы автордың идеясына, яки фило­софиялық тұжырымына құрылады. Белгілі суретші Руслан Ақанаев кезекті шығармасын «Ой түстері» деп атауы да тегін емес.

Ойдың түсі

Бірімен-бірі жымдасып, иық­таса қатар өрілген түрлі түстер га­лереясы бейнеленген картина көрушінің назарын бірден аудартады. Жалпы, кескіні құ­рақ көрпені еске түсірген сурет атауына қарап, еріксіз ойға батасың. Адамның бір сәтте мың сан та­рапқа құбылатын ойын біреу көр­кемсөзбен жеткізсе, енді біреу бояулы түспен айшықтайды. Ой­дың қай кезде қандай түске боя­лып жатқанын әркімнің өз іші ғана білсе керек. Автор да өз бойынан байқаған ой құбылыста­рын салып отыр. Картинаға ұзақ үңіліп тұрып, түрлі бояудың арасынан сол сәттегі өз ой-түсіңді, өз күйіңді іздейді екенсің.

Аталған шығармада барлық түс бейнеленген. Жалпы, автор сурет салуда көк пен күлгін түсті жиі қолданады. «Ой түстерінде» де солай. Бірақ қара түс жоқ. Суретшінің ойынша, қара түс болса, «Өмір түстері» деп аталар еді.

«Бұл картинаны салуға бір ай уақыт жұмсадым. Медиативті көңіл күйде салдым десем болады. Әйтпесе мұндай картинаны салу қиынға соғар еді. Ал адам ойының түрлі күйлерін түспен бейнелеу идеясы қалай туды дейсіз ғой, ылғи өз ойла­рым­ды бақылап жүрдім. Яғни өзі­ме экс­перимент жасадым. Байқа­ға­нымды түстермен жеткізгім кел­ді», дейді суретші.

Иә, өмір ойдан басталады. Ой-санамызда, бейнелеп айт­қан­да, қандай түс кө­бірек болса, өміріміз де, өмірге деген кө­з-қарас та сол түске қарай өзгере бермек.

Автор қаламына көрінбейтін энергияларды бейнелеу стилі тән. «Ой түс­терінен» бөлек «Ты­ныштық дыбысы», «Жұпар түсі», басқа да картиналары бар. Айта кетейік, Р.Ақанаевтың жұ­мыстары «Шығыстық галерея» (Мәскеу), «Алыс әлемдер» (Ва­шингтон), «Has Sanat» (Астана), «Трибуна» (Алматы) галерея­ларында қойылған. Сондай-ақ кар­тиналары Қазақстан Пре­зи­дентінің (2005), Ресей, Гер­ма­ния, Франция, Америка, Ка­на­да, Лихтенштейн, Швей­ца­рия­ның жеке коллекцияларын­да сақтаулы. «АРТ-МИФ» (Мәс­кеу қаласы, 1993), «Ел жастары» (Мәскеу қаласы, 1986) көр­ме­леріне қатысқаны да белгілі. Мәскеу (1995), Эрфурт (1994), Вашингтон (1999), Астана (2004), Алматы (2002) қалаларында жеке көрмесін өткізген.

Суретші шығармашылықта жан-жақтылығымен ерекше­ле­неді. Кес­кін­деме, графика және мүсін өнері сала­сындағы түр­лі сарындағы жұмыс­­тары өзін­дік стильге ие. Оның стимпанк сти­лінде орындалған Дон-Кихот мү­сіні Ә.Қастеев атындағы музейде тұр. Туынды келушілердің назарын ерекше формасы мен материалымен баурайды. Ал «Шығу тегі туралы аңыз» трип­тихінде жартасқа салынған суреттер киіз кілемді еске түсіретін түрлі түс­ті құрақтарға толы кенептің кеңіс­тігінде бейнеледі. Яғни өмір­дің байырғы философиясы, болмыстың нәзік үйлесімі су­ретші қылқаламының бір тақы­рыбы­на айналған.

Сурет өнерінде автордың өз аты ғана емес, әулеті де әйгілі еке­ні баршаға мәлім. Қазақ қыл­қалам шеберлерінің ішінде Ақа­наевтар есімі ерекше аталары сөзсіз. Сырлы сурет салудың хас шебері атанған Ақанаев әулеті – суретшілер династия­сы. Оның басында Амандос Ақа­наев пен Қазақстанның ең­бек сіңір­ген қайраткері Нэлли Бубэ тұр. Бұл күнде аты әлемге әйгіленген әулеттің бас иесі, су­ретші, кескіндемеші Амандос Ақанаевтың қылқаламынан туын­даған төрт мыңнан астам төл туын­дының жартысына жуығы Мемлекеттік мұражай­дан бастап, Мәскеудің Третьяков галереясында, АҚШ, Италия, Франция, Грекия, басқа да көптеген елдің Орталық музейлерінде қойылған.

Атадан балаға дарыған, қан­мен келген өшпес өнерді әс­пет­теп, жібін үзбей жалғастыру дәстүрі – ұлттық құндылық­­тың на­ғыз көрінісі емес пе?

Әйгілі әулеттің балалары Рус­лан­ның, Ботагөздің, Ескен­дірдің картиналары да сурет әлемінде танымал. Немерелері Аспарух, Мұхит, Рада, Глеб, Александра және Мұхиттың зайыбы Дарина да шығармашылықпен айналысады. Олардың туындылары да отбасылық көрмелерде көпшілік назарына ұсынылып жүр. Тұтас суретшілер толқынын шығармашылықтағы жар­қын энергетика байланыстырады. Кар­тиналарында өмір бардай, тір­ші­ліктің ты­нысын беріп тұр­ғандай көрінеді. Бү­гінгі кейіп­керіміз Руслан Ақанаевтың сурет өнеріндегі өзіндік болмысы, ерекше қол­таңбасы, соны сти­лінің сыры да осы – сонау тереңнен тартатын, тәрбиемен дарыған алтын үзіктің жалғасы екеніне көзіміз жетті.