Ахмет Байтұрсынұлы • 05 Қыркүйек, 2023

Төрт тілде шыққан таңдамалы мұра

172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ана тіліміз Абайдан Ахмет Байтұрсынұлына аманатталып, ұлт ұстазы төрт құбыласын тең етіп, тіл білімін негіздеп, жазу емлесін қалыптап, мінекейіңіз деп бізге ұсынып кетті. Былтыр Ақаңның 150 жылдық мерейтойы аясында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен таңдамалы шығармалары алғаш рет төрт тілде басылып шықты. Атап айтқанда, түрік, ағылшын, орыс тілдеріне аударылды. Мұндай орасан еңбекті қолға алып, абыроймен атқарып шыққан аталған орталықтың өкілдері және аудармашыларымен аз-кем сөйлескен едік.

Төрт тілде шыққан таңдамалы мұра

ФОТО: tilalemi.kz

«Әу баста ұлт ұстазының мерейтойына дақпыртсыз, дабырасыз, ел мүддесіне жарарлық ұсталықпен үлес қоса алсақ қой деген оймен «Тіл-қазына» ҰҒПО ұжымы болып автордың таңдамалы еңбектерін төрт тілде – қазақ, ағылшын, түрік, орыс тілдерінде жариялауды қолға алдық. Әп дегенде жүрегі дауалап, «осыны мен аударайын» деген кісі  табу да машақат болды. Ниеттенген аудармашыларды сынақтан өткізіп, лайықтысын таңдап алдық. Ең әуелі жинаққа енетін еңбектері сұрыпталып, оның қай бөлігін алатынымызды кеңесіп шештік. Таңдамалыға «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Әдебиет танытқыш» сияқты тілтану, әдебиеттану саласындағы іргелі ғылыми еңбектері мен оқу әдістемелік құралдарынан үзінділер, таңдаулы мақалалары, хаттары және терминдерінің аталымдық тізбесі енгізілді. Келесі кезекте қазақша әзірленген кітаптан терминдер мен автор қолданысындағы, сол заман сөйленісіндегі лексикалық бірліктерді тізіп шығып, оған ағылшынша, түрікше, орысша баламаларын берудің өзі оңайға түспеді. Қазақтың тілтану сала­сын­­дағы маңдайалды ғалымдарымен кеңе­се отырып, оны да түзіп шықтық» дейді «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығының ғылыми хатшысы, филоло­гия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Ахмет Байтұрсынұлы таңдамалы еңбектеріне жауапты редактор қызметін атқарған Нұрлыхан Айтова.

Кітапты филология ғылымдарының кандидаты Е.Тілешов, филология ғылым­да­рының докторы, профессор Жұбай Орынай, гуманитарлық ғылымдар магистрі А.Қадырхан құрастырыпты. Түрік тіліндегі аударманы Түркия Рес­пуб­ли­касы, Ататүрік университеті Түр­ко­­ло­гиялық зерттеулер институтында түрік тілі білімі бойынша ғылым докто­ры, аудармашы Ашур Өздемир, орыс тіліне Абай атындағы ҚазҰПУ профес­сорлары Гүлнұр Байшүкірова мен Ақерке Іргебаева, ағылшын тіліне Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушылары, PhD Айнұр Толыбай (Баекеева) және PhD Ақнұр Төлеубаева, аға оқытушы Гауһар Халық, орыс тілінде жазылған мақала, баяндамаларды Ж.Жақыпов, Е.Тілешов  аударған. Аудармашылар Ахмет Байтұрсынұлының тілін түсініп, ойын жеткізуге бар күш-жігерін салғанын айтады жауапты редактор.

Біз осы ретте ұлт ұстазының таңдамалы шығармаларын түрікшеге қотарған аудармашы Ашур Өздемирге хабарласып, аударма ісі қалай өткені туралы білген едік.

«Мемлекеттік жұмыс болғандықтан, оңай шаруа болған жоқ. «Тіл-қазы­на» ұлттық ғылыми-практикалық орталы­ғы­ның тапсырысы болғандықтан, шығар­маларды өздері іріктеп жіберді. Мен тек түрік тіліне аударып шықтым. «Тіл-құрал» деген тұңғыш қазақ әліпбиінен бастап «Әдебиет танытқыш» және тіл туралы басқа да әртүрлі шығармалары, мақалалары топтастырылған онда. Байтұр­сынұлы шығармалары кейінгіге төте жазу нұсқасы бойынша жеткені белгілі. Оны кирилл графикасына қотарғанда, қателер кеткен сияқты. Мен төте жазумен таңбаланған түпнұсқаны сұратып едім, «Оқу құралының» бірінші кітабын ғана жіберді, басқасы қолға тимеді.

Екінші, Байтұрсынұлы ойлап тапқан терминдер, ғылыми атаулар. Біразы тіл білімі, әдебиет саласында қолданылып жүргенімен, біразы қолданыста жоқ. Тапсырыс беруші тарап А.Байтұрсынұлы қалыптастырған ғылыми атаулардың түсіндірмесін жібергенімен, олардың қазақшасын түсіну және түрік тіліне аудару қиындық тудырды. Сондықтан ол терминдерді өзімше аудардым әрі түсініктеме беріп отырдым.

Әр тілдің өзіне тән табиғаты, ерекше­ліктері бар, сәйкесінше зерттелуі де өзгеше болады. Соған байланысты әр ғылыми атаудың өзіндік мағынасы шығады, оларды да түрікшеге аударғанда, түсінік беруге тура келді.

Сонымен қатар жалқы атауларды түрік тіліне аударғанда, қазақтың ә, қ сияқты төл дыбыстарын сол қалпында беруге тырыстым. Бұған біреулер түрік тілінде мұндай әріптер жоқ қой деген уәж айтты. Мәселен, ағылшын тілінен енген жалқы атауларды түрік әліпбиімен жазбаймыз ғой. Шекспир ағылшын тілінде қалай жазылса, сол күйі қолдана береді. Сондықтан қазақ тіліндегі жалқы атаулар да сол қалпы кету керек деп таптым.

Кітап жарық көргелі бір жылдай уақыт өтті. Соған қарамастан, аударған еңбегімнің бірде-бір нұсқасы қолыма тимегені өкінішті» дейді Ақаңның еңбектерін түрік тіліне қотарған Ашур Өздемир мырза.