Спорт • 12 Қыркүйек, 2023

Бас жүлде Қытайға бұйырды

129 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында үстел теннисінен Азия чемпионаты аяқталды. Аталған жарыста Қытай құрама командасының мүшелеріне тең келер ешкім табылмады. Олар сарапқа салынған жеті бас жүлденің барлығын да олжалады.

Бас жүлде Қытайға бұйырды

Ерлердің жекелеген сайысында бес дүркін Олимпиада және 13 дүркін әлем мен Азия чемпионы Ма Лунгтің қарқынына ешкім шыдамады. Одан бөлек, қытайлық ойыншы әр жылдары Әлем кубогінде сегіз және Азия ойындарында бес мәрте бас жүлдені олжалады. Финалда ол өзінің отандасы, командалық есепте Олимпия ойындарының жеңімпазы, дүниежүзілік додада сегіз рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілген Фань Чжэньдунды жеңді. Қола ме­дальды тайпейлік Лин Юн-Джу мен Қытайдың тағы бір өкілі Лян Цзинкунь еншіледі. Қазақ­станның ең үздік спортшылары Кирилл Герасименко мен Алан Құрманғалиев 1/8 финалға дейін жетті.

Әйелдердің жарысында жүл­делі орындардың барлығын Қытай спортшылары ол­жалады. Атап айтсақ, Ван Манью – бірінші, Сан Инша – екін­ші және Чен Синтун мен Ван Йиди – үшінші сатыларға жай­ғасты. Бұлардың барлығы да атағы алысқа жайылған спортшы­лар. Біздің Зәуреш Ақашева мен Анас­тасия Лаврова 32 үздік үстел тен­нисшілерінің санатына қосылды.

Жерлестеріміздің арасы­нан ең үздік көрсеткішке әйел­дердің жұптық сайысында қол жет­кіздік. Зәуреш Ақашева/Анас­тасия Лаврова және Сарвиноз Мір­қадырова/Ангелина Рома­новская жұбы 1/8 финалда өнер көрсетті. Ерлерден ондай қарқын байқалмады. Олар қалың топтың арасында қалып қойды. Ал миксте Кирилл Герасименко/Анастасия Лаврова және Айдос Кенжеғұлов/Зәуреш Ақашева жұбы 1/16 финалда сүрінді.

Командалық бәсекеде Қа­зақстанның ерлер және әйелдер құрамасы ширек финалға дейін жетіп, қорытынды есепте сегізінші орынды қанағат тұтты. Осы межеге жеткен командалардың бар­лығы да 2024 жылы жалауы желбірейтін әлем чемпионатына жолдама алды. Бір қуаныш­тысы, со­лардың қатарында отан­даста­рымыз да бар. Ерлер сайы­сында Қытай қарсылас шақ келтірмесе, Тайпей мен Оңтүстік Корея күміс пен қола медальды иеленді. Әйелдер арасында да қытайлықтардың қарқынына ешкім шыдамады. Финалда олар корейлерді ұтты. Ал Жапонияның өрендері үшінші орынға табан тіреді.