Аймақтар • 12 Қыркүйек, 2023

Ақбөкендер шаруаларды шаршатты

183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының шаруашылықтары биыл жаз бойы егінге түскен киіктерден зардап шекті. Әсіресе Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық», «Бұлақ», «Еңбек-Agro» шаруашылықтарының егістік алқаптарына кейінгі екі айдан бері киіктер күндіз-түні шабуылдап жатыр.

Ақбөкендер шаруаларды шаршатты

Әйтеке би ауданында бидай өсі­румен айналысатын «Еңбек-Agro» ЖШС басшысы Роман Жавренко егіс алқабының 1 700 гектарын киіктер жеп қойғанын хабарлады.

«Біз киіктерді қанша қуаласақ та болар емес. Пісіп тұрған бидай­дың дәмін татқан жабайы жануар үйірлері біресе ана бастан, біресе мына бастан кіріп кетеді. Шыны керек, бірнеше шақырым егіс алқаптарын қорып отыруға ша­мамыз жоқ. Биыл киік саны был­тырғыдан көп әрі олар адамдардан қорықпайды. Үр­кітіп жі­бергенімізбен, 100 метр жерге дейін барып, адамдарға қарап тұрады. Үкімет қандай да бір шара қабылдамаса, киік бізді банкрот қылуға шақ қалды. Оларды үркіту үшін шағын газ баллондарын сатып алдық. Бірақ бұл – пайдасыз әрекет», дейді Р.Жавренко.

Биылғы жаз онсыз да ақтөбелік шаруаларға оңай соқпады. Шіл­деде Әйтеке би, Хромтау, Қарға­лы, Мәртөк аудандарының егіс ал­қаптары шегіртке шабуылына ұшыраса, енді астық піскенде киік маза бермей тұр. Даланың құнарлы шөбі азайған соң жабайы жануар егінге түседі. Оның үстіне бірнеше күннен бері толассыз жауған жаңбыр шаруаларға бидайды толық жинап алуға мүмкіндік бер­мей жатыр.

Ақтөбе облысы аумағында киік­­тердің Бетпақдала және Үстірт таралымы мекендейді. Көктемде жүргізілген әуе санағында Бай­ғанин және Шал­қар аудандарында Үстірт тобына жататын 39 700 бас, ал Әй­теке би, Ырғыз, Хромтау аудандары аумағынан Бет­пақдала үйірінің 120 мың басын есептеді. Әйтеке би ауданы аумағынан күзде киіктердің Бетпақдала тобы Арқаға қарай ауа­ды. Ал жергілікті тұрғындар осы кез­де киіктердің Ресей жа­ғынан да ке­ліп жатқанын айтады. Киік шабуы­лынан зардап шеккен шаруалардың шағымын негізге алған облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасы бір ай бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазған. Әзірге жауап жоқ. Киіктерді қорғауға жауап­ты мекеме «Охотзоопром» РМҚК Ақтөбе облыстық бөлім­шесі рейдтерге шығып, дала жануа­рының қоз­ғалысын сырттай бақылап қана отыр­ғандарын жет­­кізді. Өйткені елімізде киік ату­ға мо­раторий 2024 жылға дейін ұзартылған.

 

Ақтөбе облысы