Руханият • 12 Қыркүйек, 2023

Марал ишан

213 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Қасиетті Түркістанның төрінде өткен Ұлттық құрылтайда елді елең еткізген бір жаңалық жария етілді. Сүйінші хабарды жеткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан-қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды», – деді.

Марал ишан

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Өз заманында тарыққанды демеп, за­рық­қанды жебеген халқының жанашыры ретінде танылған, ақиқатқа бергісіз ғажайып істерімен аты аңызға айналған біртуар тұлға Марал ишанның аты да, ісі де ұзақ жылдар тарих қойнауында тұншығып жатты. Кеңес заманында оның есімінің ауызға алынбауын түсінуге де, түсіндіруге де болады: ол патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы болған, Кенесары ханды ашық қолдаған жаужүрек жан. Тәуелсіздік жылдары да бұл өңірде оны ешкім іздей қойған жоқ.

Менің туған ауылым Балуан мен әулие бабаның кіндік қаны тамған Нұрымбетті ­«ауылы аралас, қойы қоралас» елді мекендер деуге келмейді, аралары – 60-70 шақырымдай. Ал Нұрымбетке Қарақамыс тиіп тұр. Осы Қарақамыста анамның туған апасы Зүбира тұрды. Жиі болмаса да барып жүруші едік. Сол ауылдың үлкендерінің Нұрымбетті Марал ишанның ауылы деп отыратыны құлағымда қалып қойыпты. «Ол кім?» деп, мән беріп, қазбаламасам да, содан бері бұл есім бүйрегімнің бір түкпірінде сақталып келгені анық.

Бертін журналистикаға ден қойып, қаламгерлер қатарына қосылғаннан кейін өңірімізде табанының ізі қалған дара тұлға­лар туралы сериялы материалдар жазсам деген ой жүрегімді тербей бастады. Бұл еңбекке отырмас бұрын өзім білетін батырлар мен ақын-жырауларды, ірі ғалымдар­ды түгендеп шықтым. Сонда ойыма оралған­дар: Шоқан Уәлиханов, Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Үкілі Ыбырай, Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов... Марал ишан... Кейіпкерлерімнің бойындағы асыл қасиеттерді оларды бесік болып тербет­кен туған жер төсінен іздеуге құрыл­ған сол кітабым 2009 жылы Астанадағы «Фо­лиант» баспасынан жарық көрді. Бірақ оған бір қайнауы ішінде жатқан сияқты кө­рін­ген Марал ишан туралы эссемді енгіз­ген жоқпын. Сөздің шыны – нақты дерек­тер­дің тапшылығынан ба, оның құпиясы ­көп өміріне терең бойлай алмадым. «Сабақ­­ты ине сәтімен», деген 2011 жылдың күзін­­де Парламент депутаты ретінде жұмыс сапа­рымен Сыр өңіріне барғанда көп жай­ға қанықтым.

Әуежайға табаным тиген сәтте, ойы­ма Марал баба оралды. «Ол кісі ертеде бір топ ауылдасын ертіп, осы жаққа кетіп, тұрақтап қалыпты. Солардың ұрпағы әлі бір ауыл болып отыр екен», деген әңгімені естіп жүруші едім. Өзімді қарсы алған жас жігітке осы әңгіменің шетін шығаруым мұң екен: «Ол кісіні бұл өңірде білмейтіндер кемде-кем, ұрпақтары қалада да бар, бірақ дені Қармақшы ауданында тұрады», деді. Расында да солай болып шықты, бұл өңірде Марал бабаны пір тұтатындардың қатары қалың екен.

Арада екі күн өткен жоқ, әлгі жігітім: «Бүгін Марал бабаның ұрпағы – Тілеуберген Нақыповтың үйіне қонаққа барамыз», – деді. Тілекең қапсағай денелі, қараторы кісі екен. Жасы алпыстың үстіне еркін шыққан-ау деп қалдым. Үйде бізден басқа да қонақтар бар екен, амандық-саулық сұрасқаннан кейін Тілекең оларды таныстыра бастады.

– Төрде отырған ағамыз – Исағали Жұмағұлов. Бұл кісінің есімі Сыр жұртшы­лығына жақсы таныс, отыз жылдан астам шаруашылық басқарды, әлі де еңбектен қол үзген жоқ. Қармақшыда тұрады, – деді. Ал мына кісі белгілі дәрігер Балтабай Майтанов.

– Біз Ашамайлы Керейдің ішінде Тарышыдан тараймыз, ертеде аталарымыз Марал бабаға еріп келіп, осы жақта тұрып қалыпты, – деді Исакең әңгімеге араласып.

– Тікелей ұрпағы болдыңыздар ғой?

– Иә, бір атаның балаларымыз, ал баба­ның өз кіндігінен тараған шөпшегі қазір Ақтөбеде тұрады.

– Марал ишанды бұл өңір қатты құрмет­тейді. Қармақшыда оның атында мешіт, көше бар, қорымы да сонда, – деді Бәкең әңгімесін жалғастырып.

Ұзақ отырдық, біраз әңгіменің басы қайы­рылды. Марал ишан туралы атадан бала­ға жалғасқан сырдың ұшы-қиыры жоқ екен.

Осыдан кейін тезірек Қармақшыға жетуге асықтым. Жолда Қалжан ахун ауылына соқтық. Діни ұғым бойынша, бір өзінде қырық молданың білімі бар ірі оқымыстыны ахун деп атайды екен. Қалжан өз заманында мешіт салып, пірлік құрған уағыз-насихаты арқылы мұсылмандарға Алла Тағаланы, оның бүкіл құдіретін таныта білген ғұлама болыпты. Бір таңғалғаным, нарықтың дауылы бұл ауылға мүлде соқпаған секілді, бәрі өз орнында, «қой үстіне бозторғай жұ­мыртқалаған» замандағыдай, Мәдениет үйі, сауда орталығы сияқты әлеуметтік сала нысандары қалыпты жұмыс істеп тұр екен. Осы жайға назар аударған едім, ауыл ағасы: «Қызылорда әулиелерімен аты шыққан қасиетті өңір ғой, біздің ауыл да құт қонып, қыдыр дарыған, имандылық киелі туын тіккен мекен, ісімізді Қалжан ахун сияқ­ты бабаларымыздың рухы нұрландырып, шуаққа бөлеп тұрғанына кәміл сенеміз», – деді. Айтса айтқандай, Қалжан ахунның құдіретіне бұл ауылдың жасы да, кәрісі де бас иеді екен. Ол негізсіз де емес, кеңес заманында шаш ал десе, бас алатын белсенділер теміржол бойына Қалжан ахун салдырған мешітті қиратып, кірпішін алмақ болады, оларынан ештеңе шықпайды. Әуре-сарсаңға түсіп, ақыры өздері қайғылы жағдайға ұшырайды. Міне, осы Қалжан ахун Марал ишанды әулие деп, пір тұтып өтіпті.

Қармақшы топырағына табанымыз тиген­нен кейін оған деген ілтипатымыз тіпті арта түсті. Марал бабаның мәңгілік меке­ніне осы жерді таңдауы тегін емес сияқты. Қармақшы ауданы, шын мәнінде, әулиелер шоғырланған жер екен. Солардың бірі XV ғасырда өмір сүрген Қармақ «Сыр өзеніне жайын қармақ салып, ағайындарын, айналасына көшіп келушілерді балықпен асыраған екен. Бірте-бірте халық көбейіп, ақыры әжептәуір елді мекенге айналған. Сонымен бұл жер сол кісінің есімімен аталып кеткен» («Ислам және Марал баба», Сәден Нұртайұлы. – 13 б.).

Қармақшыға біз қас қарая жеттік те, Марал бабаның басына таңертең баруға ұйғардық. Марал ишанның кесенесі аудан орталығы Жосалы кентінің теріскейінде, ­жиырма шақырымдай жердегі жалпақ тө­бенің басында екен. Ертеде бұл жерді «Қа­мыр» қорымы, одан кейін «Қырық ме­шіт» деп атапты. Қазір жергілікті тұрғындар «Марал баба қорымы» деп атайтын көрінеді.

Марал баба қорымының шырақшысы қайтыс болғанмен, отбасы (әйелі мен келін-баласы) осында отыр екен.

– Бір шаруамен облыс орталығына барып едім, алыстан қонақ келді деген соң, бәрін тастап қайта оралдым, мен өзім бабаға жиен боламын, – деді апай. – Марал бабаның өзі де, ұрпақтары да осында тұрақ тапқан.

Екі бөлмелі кесененің кіре берісіндегі оң босағада жатқан бейітке назар аудардық.

– Бұл Құлжымыр деген бидің бейіті, өзі Марал бабаға туыс болып келеді, – де­ді апай. – Сол кісінің сақалы өте ұзын бол­ған екен. Ишанның ерке кенже ұлы Пір­таза бірде әлдебіреулердің айдап салуы­мен Құлжымырдың сақалын кесіп алыпты. Болған жайт әкеге жетісімен, ол дереу туысын шақырып алып: «Айып бізден, бітісетін, тұратын жеріңізді айтыңыз», деп­ті. Сонда Құлжымыр: «Піртазанікі бала­лық қой, кешірдім, маған ештеңенің керегі ­жоқ, дүниеден өткен кезде бейітіңіздің кірер ­аузынан, оң қапталдан орын берсеңіз бол­ды, басқа тілегім жоқ», – депті.

Бүгіндері кесененің басына тәу етіп келгендер алдымен осы кісіге құран бағыштайды екен. Төргі бөлмеде Марал баба мен анасы қатар жатыр. Анасы да қасиет дарыған жан болуы керек, қайтарында баласына: «Сен де осында келесің», деген көрінеді. Қырда туып өскен Маралдың мәңгілік мекенін Сыр елінен табуында да тылсым бір сыр жатқаны анық. Сірә да, оны осы өңірге, қалың қазақтың арасына көріпкелдігі, болашақты болжай білетіндігі жетелеген шығар-ау.

Бабаға құран бағышталғаннан кейін оның шығыс жағындағы ойпаңда тұрған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесе­не­сінің үлгісімен салынған ғимаратқа кел­дік. «Бұл – Марал ишанның ұлы Қалқай ишан­ның кесенесі» деді жол бастаушымыз. Осы арада қасиетті бабамыздың ұрпағы туралы бір-екі ауыз сөз сабақтай кету артық болмас. Марал бабаның өзінен сегіз ұл өрген. Олардың бәрі де оқыған, небір жақсы қасиетті бойына жиған жандар болыпты. Төртеуінің ишан атануы да көп жайдан сыр ұқтырса керек-ті. Десек те, солардың ішінде Қалқай ишанның орны бөлек екені даусыз. Қалқай ишан туралы Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» романында: «Күллі ислам дүниесінің, олардың ішінде Бағдатта 25 жыл оқып, 12 пәнді тамам ғып келіпті», деп жазады. Қазақ халқының біртуар ұлы Шоқан Уәлихановқа қатысты мына бір дерек те оқырманды қызықтыруға тиіс. Сәбеңнің жазуына қарағанда, Шоқан туғанда Қалқай ишан Шыңғыстың үйінде қонақтап жатса керек. «Әулие, сіз қойып беріңіз, нәресте­нің атын», деп өтінеді Уәлі тұқымдары... Мұхаммед пайғамбардың қызы Фатиманы алған күйеуі әрі әскерінің бас қолбасшысы – хазретті Ғали. Оның үш қатынынан он сегіз ұл болған, солардың ішіндегі ең батыры Мұхаммед-Қанапия дейтін ұлы екен... Болашақтың Мұхаммед-Қанапиясы болар ма екен деген тілекпен Қалқай ишан Зейнептен туған ұлдың атын Мұхаммед-Қанапия қойды».

Марал ишан туралы әңгіме қанша көп болғанмен, мені «жазба деректері бар ма екен?» деген ой мазалай берген. Әр жылдары жазылған қалыңдығы пышақтың қырындай 2-3 кітапқа, негізінен, оның діни жолы арқау болыпты. Осыншама уақыт халық жадында қалған адамның басқа да қасиеттері болғаны анық. Сол әңгімеге ойыспас бұрын, Марал бабаның өмір жолына қатысты кейбір деректерге назар аударуды жөн көріп отырмын.

Марал бабамыз 1780 жылы қазіргі Қостанай облысындағы Обаған өзенінің төңірегінде, Құсмұрын атырабында, кейін Марал шілігі аталған қоныста дүниеге келген. «Бұл – бүгінгі Аманқарағай орманымен іргелес Қайранкөл жазығы», – деп жазады Марал ишан өмірін көп зерттеген қостанайлық қаламгер Сырлыбай Бүркітбайұлы («Марал ишанның нұр ша­пағаты». Қостанай, 1998, 3-бет.).

Зерттеушілердің жазуларына қараған­да, Марал ишанның әкесі Құрман Абылай­ханның ең сенімді адамдарының бірі, ем­шісі болған, ал шешесі қалмақ ханы Қал­­дан-Цереннің қазақ әйелінен туған, есімі – Фатима. 1741 жылы ақпан айының аяғында жоңғар әскерлері қазақ жеріне тұтқиылдан шабуыл жасайды. Нақ осы кез­де Абылай қапылыста қолға түседі. Бұл жөнінде Ямышев бекінісінің комендан­ты Сібір губерниясының кеңесіне жол­даған мәлімдемесінде: «Қалмақтар оларды (қазақ әскерін. – Ж.С.) талқандап, сұлтан Абы­лайдың өзін қолға түсірді», деп хабарлайды («Ақиқат». 1992. №7. 59-б.). Екі жылдан астам тұтқында болған Абылай 1743 жылдың қыркүйегінде аман-сау елге оралады. Қалмақ ханы Абылайды тұтқыннан босата отырып, оған үлкен сый-сияпат жа­сайды. Осы жайында Орынбор комиссиясы­­ның өкілдері Иван Лакин мен Мансұр Аса­нов: «Етегі алтынмен көмкерілген қым­бат шатыр, алтын зерлі қамқа тон сияқты асыл бұ­йымдар­ды тарту етті», деп жазады ­(«XV-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынасы». ­243-б.) Қал­мақ ханы Абылайға жан да сый­ла­ды де­генді тарихшылар жоққа шығар­май­ды. Сөйтіп, қалмақ тұтқынынан оралған Абы­лай көшіне ілесіп келген екі қыздың біріне өзі үйленеді де, екіншісін емшісі Құр­ман­ға қосады. Күндердің күнінде екі әйел де босанып, шекесі торсықтай екі ұл өмірге келеді, оның бірі – Қасым (Кенесарының әкесі, екіншісі – Марал). Сәбит Мұқанов­тың «Аққан жұлдыз» романында: «Атадан балаға қалған сөздерге қарағанда Марал ишан мен Кенесары Қасымовтың шеше­лері туыс, екеуі бөле еді», – деген сөздері де ­осыны дәлелдейді.

Марал ишан – Ашамайлы Керейден тарайтын Танаш бидің он бірінші ұрпағы. Ол туралы мәліметтер көптеген еңбектерде кездеседі. Мысалы, атақты Балқы жырау «Сұм дүние» деген толғауында:

«Мына шолақ дүниеде,

Әулие өлмес дер едім,

Отқа салса күймеген.

Залымдықтың өмірі

Бір шарпуы тимеген,

Арамды көңілі сүймеген.

Дін-мұсылман баласын

Кереметпен билеген.

Сахар тұрып жылаған,

Қатын медет сұраған.

Ол ерлердің тағаты

Құдайына ұнаған.

Баба түкті Шашты Әзіз,

Ер Сейітпенбет, Мағзаман.

Марал ишан, Соны Әзіз

Солардан да өткен сұм дүние», дейді.

Әкеден тоғыз жасында жетім қалған Марал арада үш-төрт жыл өткеннен кейін білім іздеп, анасымен бірге жолға шығады. Қаржының жоқтығынан жол азабын тартып, көп қиналады. Ақыры жаяулап-жалпылап Ақмешіт маңындағы Құланбай ишанның ауылына жетеді. Құланбай ишанның кісі танитын қасиеті болса керек. Маралдың тегін бала емес екенін іштей сезеді де, оған жабысып, айырылмайды. Ақыры қызы Меңлібикеге қосады. Бірақ Марал бұл жерде тұрақтап қалмай, сапарын одан әрі жалғастырып, қазіргі Өзбекстанның аумағындағы Жам тауын мекен етіп отыр­ған Жалаңаяқ ишанның алдына барады. Атақ­ты әулие Маралды екі сөзге келмей оқуға қабылдайды. Кешікпей Марал зеректігі­мен көзге түсіп, ұстаздың ілтипатына бөле­не­ді. Жалаңаяқ ишаннан 10 жыл дәріс алған Марал діни шариатпен бірге дәрігерлік ма­мандықты да жете меңгереді. Оның атағы халыққа тез тарайды. Туған жеріне оралысымен, ауру-сырқаулар ағылып келе бастайды. Ауыр халде келгендердің өздері дем салғаннан кейін сырқаттарынан құлан-таза айығып кетеді. Осылай оның даңқы бүкіл елге жайылып, халық алдындағы беделі өсе түседі.

Осындай заманынан озып туған көзі­қарақты, көкірегі сәулелі Марал бабамыз елдің де жайын ойлады. Күннен-күнге кү­шейіп жатқан орыс патшасының зорлық-зомбылығы, қазақ жерін отарлаудағы неше түрлі айла-шарғысы оны да назаландырады. Бұл кез қазақ елін қанаудың нағыз шектен шыққан тұсы еді. Марал Құрманұлы сол кезде-ақ Ресейдің отаршылдық саясатының қазақ халқының басына төнген қауіп екенін сезген. «...Россияға қарамаңдар, өздерің бірігіп, орыстан басқаланып, егін салумен айналысыңдар, сендерді егін байлыққа жеткізеді» («Дала уәлаяты» газеті, 1899.) деп халық арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізеді. «Марал ишан Керей болысының старшинасы Байсалмен бірге Орынбор әскери генерал губернаторы Эссенің және Сібірдегі әскери бөлімнің бастығы генерал-лейтенант Капцевичтің атына екі хат жолдаған... Хатында Марал баба көп жылдардан бері Ресеймен достық қарым-қатынастың бұзылып, олар қазақтар­дың шұрайлы жерлеріне кіріп алғанын, ал қазақтардың өз тарапынан орыстардың жеріне баруы үлкен жанжал тудыратынын жазады», («Қасиетті Марал Ишан», «Тұмар», Қызылорда, 2005. – 81-82-б) кикілжің­нің алдын алу қажеттігіне назар аударады, им­ператордың қабылдауына баруға рұқсат алып беруін сұрайды. Марал Құрманұлының бұл хаттары елеусіз қалмайды, сол кездегі вице-канцлер, граф Нессильрод пен Сібірдің генерал-губернаторы Сперанский ақылдаса келіп, Маралдың Петербургке баруына рұқсат беру туралы шешімге келеді. Бірақ Марал патшаның қабылдауына бармайды. Өйткені оның ниетін аңғарған патшаның жандайшаптары басқан ізін аңдумен болады. Орынбор генерал-губернаторының жүзбасы Жантөре Жиһангеровке Маралды тауып алуды тапсыруы, орыс подполковнигі Граматиннің сұлтан Шотай Бақтыгереевке Маралды ұстауды бұйыруы патша үкіметінің Марал Құрманұлын қауіпті адамдар тізіміне енгізгенін аңғартады.

2011 жылдың жазында Қызылжарда Салық Зиманов, Мәмбет Қойгелді, Бүркіт Аяған, Камал Бұрқанов сияқты белгілі ғалым­­дардың, тарихшылар мен ақын-жазу­шы­лардың қатысуымен «Солтүстік Қазақ­стан: өңір тарихы, тұлғалар тағдыры» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфе­ренция өтті. Конференцияда тарихшылар осы өңірден шыққан қайраткерлердің өмірі туралы соңғы кездегі ізденістерін ортаға салды. Қостанай мемлекеттік педаго­гика институтының профессоры, тарих ғылым­дарының докторы Еркін Әбіл «Марал ишан: ұлт-азаттық қозғалысының идеялық негіздері және сипаты» атты баяндамасында қасиетті бабамыздың руханият әлемінде алатын орны зор екенін дәлелдеп, ұлттық деңгейдегі ұлы тұлға екенін айғақ­тайтын тың деректер келтірді. Мысалы, жоға­рыда біз келтірген патша өкілдеріне жол­даған хатында ишан «...орыстардың барлығы сіздің қарауыңызда, қазақтардың барлығы да біздің қарамағымызда», деп батыл сөйлейді. Капцевичтің рұқсат қағазы Маралдың хатын апарған Орта жүздің старшинасы Байсал Аткелді баласында қалып қойған. Деректер Маралдың жауап келгенше басқа жаққа кетіп қалғанын жеткізеді. Қалай десек те, Маралдың патшаға өтінім білдірсе де, кейін бойын одан аулақ салғаны шындық. Оның себептері көп. Марал ишан туралы «ХVIII-XIX ғасырлардағы қазақ-орыс қатынастары», (Алматы, «Ғылым», 1964 ж. 198-б.), В.В.Бартольдтің «Ишан» (Шығармалары, 6.т. Мәскеу, 1970, 679-б.), «Бұрынғы Ресей империясы аумағындағы ислам» деп аталатын (РҒА Шығыс әдебиеті, 1999, 40-б.) энциклопедиялық сөздікте, басқа да еңбектерде көп деректер келтірілген. Мәселен, Краф мырза қазақтан Марал деген шығып, «Қазақты кәпірден құтқаруға шыққан әулиемін» деп, ел арасына әңгіме таратқанын жазады. Орыс армиясының тілмашы Захаров оны «орданың шырқын бұзушы» деп атайды. «Ол Торғайда өмір сүріп, жеңілтек орталықтарды өз жағына тартып, ауылынан орыс қашқындарға бас­пана беріп отыр» деп жазады.

Керей руына қарайтын ауылдардың ишанның соңынан үдере көшкені рас еді. Кей дерек көздерінде олардың саны 10 мың­ға жеткені айтылады. Марал орыс патшасы­на қарсы үгітін өрістетіп, жақтастарын мұ­сыл­ман мемлекетін құруға шақырады. Мұ­ның аяғы қарулы қақтығысқа дейін барады.

Марал ишан туралы жазбаларда оның қайтқан жылы осы күнге дейін екі түрлі көрсетіліп келеді. Кейбір зерттеушілер ол 1841 жылы қайтыс болды десе, кейбіреулер 1852 жылы өмірден озды дейді. Соңғы тұжырым шындыққа көбірек саятын секілді. Өйткені генерал И.Ф.Бларамберг өзінің күнделіктерінде 1852 жылы әскерлерімен бірге Қосқорған және Қарақұл маңына тоқтағанын, Марал ишанмен кездескенін: «Ол маған өте сенімсіз адам ретінде көрінді. Менің жанымдағы қазақтар оның алдында құрдай жорғалап, менің оны алып кетуіме көмектеспейтіні белгілі болды. Марал ишан үнемі басына сәлде орап, қолында жылқы құйрығының қылынан жасалған үлкен желпуішімен желпініп отырды», деп жазады.

Осы мәселеге қатысты 1993 жылы Ақ­төбе облысының Әйтеке би ауданына қа­рай­тын Толыбай-Жабасақ бағытында ұйым­­дастырған экспедицияға қатысушы Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қыз­мет­кері Ырысжан Ілиясқызының айтқан ойлары да көкейге қонымды сияқты көрін­ді. «Кейбір зерттеушілердің пайымдауынша, Марал ишанның қайтыс болуы 1841 жылы емес, одан біраз кейін деуінде негіз бар сияқты. Аққұмдағы Жуғы маңындағы құлпытастардың жазылған уақыты 1855-1960 жылдардан басталады. Бұл жерде қорымның пайда болуына осы Жуғы негіз болған болар деп топшылауға болады», деп жазады ол. Одан әрі зерттеуші «Жуғы» деген сөздің Марал ишанға қатысын таратады. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Қостанай жақта жүріп қайтыс болған Марал ишанның денесін осы жолмен алып жүріпті. Алыс жол, жаз айы, күн ыстық, жолда бірнеше рет тоқтап, қара былғарыға оралған әулиенің денесін жуып-шаюға тура келеді. Сол жерлерді аяқасты етпеу үшін сыртын орлап тастайды. «Сыртқы ордың шеңбері жүз метрдей. Қазылған ордың тереңдігі мен айналасының қыры әлі бір метрге жуық. Әулиенің Жуғысы маңында XIX ғасырдың екінші жартысынан үлкен қорым өсіпті. Бүгінде тамдар құлап, төмпешіктерге айналып, құлпытастар әр жерден қылтиып көрініп тұр. Бір кезде Жуғы маңында қалың бейіттердің қанат жаюына әулиенің Жуғысы негіз болғанға ұқсайды» («Қасиетті Марал ишан», Қызылорда, 2005. – 197- б.)

Сөз жоқ, Марал ишан – тарихи тұлға, ислам дінінің ұлы насихатшысы. Кезінде Бұхара медресесінде, кейін Мазари Шариф­те (қазіргі Ауғанстан жері) білім алған, ол ағартушылық қызметпен де көп айналыс­қан, бүгінгі Қызылорда, Қызылжар, Қоста­най өңірлерінде бірнеше мешіт пен мед­­ресе ашқан. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген емес пе, кейін оның жолын балалары жалғастырған.

«Ұлы Алла мұнша бақыт қалай берген,

Әр әулие – атқан ақ таң, арай белден.

Ишан боп көп әулеті бабамыздың,

Тараған атақ-даңқы, талай жерден.

Қалқай мен Қалыбайдың, Елібайдың,

Әулиелік қасиеті мол, керім айқын.

Алдажар, Тобағабыл, Үндеместің,

Ишандық құдіретіне куә – ай, күн.

Кең жайған Әмит, Оспан қанаттарын,

Жүнісхан, Сәруар,

Ысқақ – талант-дарын!

Сүлеймен мен Мамырбай тірлігінде,

Кәміл білген, бақида абат барын».

Қостанайлық ақын Жолбарыс Баязид «Дала елінің әулиесі» атты көлемді тол­ғауында Марал ишанның ұрпағы туралы осылай жырлайды. Заманның талай дауылына ұрынса да, екі ғасырдан астам уақыт бойы есімі ел есінде сақталып, ұмытылмай келе жатқан Марал ишан – шын мәнінде әулие адам.

 

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

журналист