Қоғам • 12 Қыркүйек, 2023

Әдепке баулитын әдіс

243 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Заман құбылып барады. Байырғы халықтың мә­дени келбеті уақыт шека­расынан шығып, бүгін­гі субмәдениет өкілдері жаңа ереже қалыптастырды. Бұл үрдіс қоғамды ізгілік­тен алыстатып, бүтін мем­лекеттің болашағына балта шабуда. Әсіресе жас­тар жағы рухани тұрғыдан әл­сіреп, қатыгездікке ұры­нуда. Сондықтан да Жеті­суда «Әдеп-тәрбие жө­ніндегі ментор» жобасы қол­ға алынды.

Әдепке баулитын әдіс

Бүгінде жасөспірімдер ара­сын­дағы буллинг мәселесі қоғам­ды әбігерге салды. Оқушылар ара­сындағы түсініспеушілік, бір-біріне жәбір көрсетуі әлеуметтік желінің әсерінен болуы мүмкін. Бүгінде психологтер соған сай жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Жолдауында: «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәме­летке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшей­туді талап етемін. Жол, ғима­рат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе.Білім беру мекемелеріндегі пси­хологиялық қолдау қызметін ­инс­титуционалды түрде күшей­ту қажет. Бірыңғай сенім телефо­нын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зом­былыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», деп атап өткен еді.

Бұл ретте ресми мәліметтер көңілге қаяу салады. Қараңыз, елімізде 11-15 жастағы әрбір бе­сінші жасөспірім ай сайын бул­­линг құрбаны немесе қаты­су­шысы болады. Яки дегбірсіз дерт жастар арасында өршіп тұр деген сөз. Сондықтан білім ошақтарында оқушылардың тәрбиесіне көбірек көңіл бөліп, ата-аналарымен де жұмыс істеу маңызды. Мемлекет басшысы бұл саладағы мәселелерді шешуде мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда өңір басшысы Бейбіт Исабаевтың бастамасымен «Әдеп-тәрбие жөніндегі ментор» жобасы жүзеге асты. Биылғы оқу жылынан бастап мектеп қабырғасында арнайы мамандар қызмет көрсетеді.

«Зорлық-зомбылық ұлдар ара­сында көбірек таралған және бұл – өте алаңдатарлық мәселе. Бұл ретте «Жастар рухы» жас­тар қанаты жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Мысалы, Президент Жолдауда балаларымызға жол, ғимарат, киім-кешек, азық-тү­лік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керектігін атап өтіп, бұл бағытта біздің тараптан «Қауіпсіз қала», «Түнгі қала­дағы балалар» сынды шаралар ұйымдастырылып келеді», дейді облыстық мәслихат депутаты Еркебұлан Ақболатов.

Аталған жоба қанатқақты режімде Талдықорған қаласын­да жүйелі түрде жұмыс істемек. Әзірге жобалық кеңсенің басшысы Мәдина Атайбаева және қосымша 2 маман қызмет атқа­рады. Олардың негізгі мін­де­ті – білім беру үрдісінде этика­лық тәрбие, заң үстемдігі қағидат­та­рын іске асыруға ықпал ету. Сон­дай-ақ кемсітушілік, зорлық-зом­былық және құқыққа қарсы мінез-құлықтың барлық түрінің алдын алу мәселелері бойынша іс-шаралар ұйымдастыру. Қазір мамандар өңірдегі мектептермен бірлесе жұмыс істеп, тәрбие сағаттарын өткізеді.

«Биыл 27 маусымнан 4 та­мыз­­ға дейін менторларды тарту мақсатында біліктілік талаптарын ескере отырып, үміткерлерді іріктеудің 4 легі жүргізілді. Ірік­теудің 4 легінің қорытынды­сын­да 43 үміткер оң баға алды және жоба мақсаты бойынша оқы­тудан өтті. Алайда оның 12-сі өз еркімен қатысудан бас тартты. Ал 31-і комиссия қарауы­ның қо­рытынды отырысына қаты­сып, «Әдеп-тәрбие жөніндегі ментор» лауазымына тағайындал­ды. Осы­лайша, менторлардың білік­тілік қабілеттеріне сай қала мектептерінің контингентін ес­кере отырып бекітілді», дейді М.Атайбаева.

Оның айтуынша, 7-11 тамыз аралығында Талдықорған қала­сының менторлары, тәрбие ісі жө­­ніндегі директор орынба­сар­­ла­­ры, педагог-псиохологтері және әлеу­меттік педагогтерінің қаты­суымен арнайы «El Umiti» қоры» КҚ ұйым­дастыруымен «Smart ustaz» жо­басының тренингтері өткен. Жалпы, оқу тренингіне 90 адам қатысқан. Нәтиже жаман емес.

«Жақында Талдықорған қала­сының мектеп директорлары­мен менторлардың кездесуі өтіп, бекітілген мектептер бойынша мектеп басшылықтары мен мен­торлар өзара танысып, білім кү­ніне орай өткізілетін салтанат­ты жиын жайлы талқылау жүр­гізілді. 1 қыркүйектен бастап мен­­торлар салтанатты жиында өз­­де­рін таныстырып, менторлық жайында баяндамаларын оқып, жұмыстарына кіріскен», дейді М.Атайбаева.

Жоба бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған жұмыс жоспары мен жол картасы құрылған. Жоспар бойынша құқық қорғау органдары өкілдерінің қауіпсіз­дік қағидаларын түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында білім алушылармен кездесу ойластырылып отыр. Алдағы уақытта еліміз­дің үздік жоғары оқу орындарына экскурсия және т.б. іс-шаралар өткізіледі.

Әлеуметтік зерттеу жүргізу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық психикалық денсаулық орталығы, полиция департаменті, проку­ратура және жергілікті поли­ция қызметі басқармасынан мектеп оқушылары арасында тір­­келген құқық бұзушылықтар ту­ралы сұрау хат жолдаған. Сол арқылы мамандар нашақор­лық пен лудомания фактілері, жы­ныс­тық қол сұғылмаушы­лық, суи­цид, буллинг және кибербуллинг, зорлық-зомбылық се­кілді қылмыстардың себебіне үңілмек.

 

Жетісу облысы