Әлем • 12 Қыркүйек, 2023

G20: Сауда дәлізі және Түркия мүддесі

169 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үндістанда өтіп жатқан G20 елдерінің саммитінде Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған «Үлкен жиырмалық» елдерінің жаңа сауда дәлізінің құрылысын салу жоспарын сынға алды.

G20: Сауда дәлізі және Түркия мүддесі

Бұл бағыт Үндістаннан шығып, Сауд Арабиясы және Израиль арқылы өтпек, ал Түркия одан тыс қалып отыр. Осыған байланысты Р.Ердоған мұндай жобаға Түркия араласпаса, оны жүзеге асыру қиын екеніне тоқталды.

«Түркиясыз дәліз жоқ», деді Ердоған Үндістанда өтіп жатқан G20 саммитінде. «Түркияда маңыз­ды өндірістік және сауда базасы қалыптасқан. Шығыстан Батысқа тауар жеткізудің қолайлы тәсілі – Түркия арқылы өту».

«Үндістан – Таяу Шығыс – Еуропа» экономикалық дәлізі немесе IMEC деп аталатын көлік байланысы Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Иордания және Израиль арқылы өтіп, содан кейін Грекия мен Еуропаға жететін темір жол желілері мен кеме қатынасын құруға бағытталған.

Дәліз құрылысы жөніндегі өзара түсіністік меморандумына Еуропалық Одақ, Үндістан, Сауд Арабиясы, БАӘ, АҚШ және G20-ның басқа серіктестері қол қойды. Жобаның негізгі мақсаты – жүк тасымалдау уақытын 40 пайызға қысқарту, сондай-ақ түрлі шығынды азайту.

Алда-жалда дәліз осы нұсқасы бойынша қабылданса, онда Түркияны айналып өтеді. Р.Ердоғанның сөзіне сүйенсек, түрлі сауда дәліздерін салу арқылы көптеген мемлекет ықпал ету ауқымын кеңейтуді көздейді. Сондай-ақ Түркия президенті өз сөзінде БАӘ басшысы Мұхаммед бен Заидтың осы мәселеге қатысты батыл ұсыныс жасағанына назар аударды.

Жалпы, «Үлкен жиырмалық» саммитінде бірқатар маңызды мәселе талқыланды. Былтырғы кездесуде мемлекет басшылары Ресейді ашық айыптаған. Алайда биылғы жиынның қорытынды құжатында Украинаның аумақтық тұтастығы ғана айтылған. Сарапшылар мұны G20 елдерінің көзқарасы жұмсарғанымен байланыстырады.

Бұдан бөлек, ресми түрде Африка одағы «Үлкен жиырмалықтың» тұрақты мүшесі атанды. Бұған дейін онда тек Оңтүстік Африка Рес­пуб­­ли­ка­сы ғана бар-тұғын. Сарап­шы­лардың пайымдауынша, Африка ода­ғы­ның ресми мүше атануы қара құр­лықтың даусын жеткізуге жол ашады.

G20 көшбасшылары 2030 жылға қарай жаһандық деңгейде жаңар­тылатын энергия қуатын үш есе ұлғайтуға келісті. Көмірден өнді­рілетін қуатты қысқарту қажет екені­н тағы бір мәрте мақұлдады. Деген­мен жаңартылатын қуат көздерін ұлғайтуға қатысты қолданыстағы сая­сатты өзгерту жоспарын ұсынған жоқ. Қазіргі таңда түбегейлі жасыл энергияға көшу үшін жылына 4 триллион доллар қажет. Бірақ оны қайдан алуға болатыны туралы ешкім тіс жармады.