Форум • 12 Қыркүйек, 2023

New Media Forum: Қазақша контентке көзқарас қандай?

236 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматыда алғаш рет Жаңа медиа форум өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйытқы болуымен өткен талқылау алаңында медиа саласындағы білікті мамандар мен спикерлер «Жаңа цифрлық әлем тәртібі», «Медиа нарық эволюциясы», «Креативті индустрия және жаңа медиа», «Цифрлы кеңістіктегі жаңа медиа этикасы», «Медиа және технологиялар: ақпарат кеңістігінің трансформациясы» тақырыптары төңірегінде ой-пікірлерін ортаға салды.

New Media Forum: Қазақша контентке көзқарас қандай?

Суретті түсірген – Азамат ҚҰСАЙЫНОВ

Журналистер, блогерлер, цифрлық контент авторлары мен өндірушілері, продюссерлер, мемлекеттік қызмет­кершілер мен инвесторлардың басын қосқан форумда жаңа медианың өзекті мәселелері мен міндеттері, болашағы кеңінен сөз болды. Жаңа медианың қыр-сырымен бөлісіп, өзекті мәселелерін сөз еткен алқалы жиында цифрлық контент өндірушілер, блогер, продюсерлер қазіргі таңдағы медиа нарығының беталысы, креативті индустрияның келешегі, сондай-ақ YouTube контенттің өзекті тақы­рыптарын талқылап, өзекті сұрақтарға жауап берді.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовтің мәлім­деуінше, форумды ұйым­дастыруға «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңды талқылау, үнқосу да түрткі болған.

– Ақпарат айдыны өкілдерінің басқосуында «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңының өзектілігі көрінді. Әлеуметтік желілер бүгінде негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалып­тастыратын платформаға айналды. Бұл заң алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Кез келген отандық ақпарат алушы сайттарға кіріп, жарнаманы оқыған кезде, ол жарнама жалған ба, қандай ақпарат берілген, оны инфлюенсер берген бе – осының бәрін біле алады. Заң шеңберінен тыс ақпарат орналастырылған контенттің жұмысын шектеу немесе тоқтату «Байланыс туралы» Заңның 41-1-бабына сәйкес жүргізіледі. Атап айтқанда, онлайн-платформаның меншік иесі немесе заңды өкілі уәкілетті органның нұсқамасын алғаннан кейін 24 сағат ішінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою шараларын қолдануға міндетті, – дейді министрлік өкілі.

Әлбетте, жаңа медиа дәстүрлі БАҚ-ты алмастырып келе жатқанын ешкім жоққа шығара алмайды. Онымен санасуға да тура келеді. Тіпті атышулы блогерлердің де күн сайын жаңа бәсекелестері пайда болып жатыр.

– Елімізде медиа саласы қарқынды дамып келеді. Әлеуметтік желілер де блог жүргізіп, халықты ақпаратпен құлақтандыратын блогерлердің де саны артты. Осы орайда еліміздегі жарнама нарығына тоқтала кеткеніміз жөн. Себебі дәстүрлі медиаға мемлекет қаржы бөледі, ал жеке тұлғалар қаражатты YouTube, TikTok, Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаларындағы жарнамадан табады. Осының арқасында ол өзін-өзі қаржыландырады. Халыққа түрлі ақпарат, пайдалы кеңестер, саяхаттау сынды бейнебаяндарды ұсына алады. Сондықтан да жаңа заңда жарнаманы таңбалап отыруға аса мән беру қажет. Жеке блогын жүргізетін адамдардың табысына зиян тимеуі қажет. Әлеуметтік желілерде ақпарат тарататын, блог жүргізетіндердің қатары көбейген сайын дәстүрлі медиаға бәсекелестік туғызып, медиа саласын қарқынды түрде дамытып отыр. Қазіргі уақытта адамдардың көпшілігі телевизия көруден қалып барады. Бір орында тапжылмай теледидар көру ыңғайсыз болғандықтан, көпшілігі YouTube арқылы қажетті дүниелерін қарай салғанды қалайды. Нәтижесінде, әлеуметтік желіде жұмыс істейтіндердің қаралымы артып, көрермені көбейіп келеді. Сондықтан осы салаға аса мән беру қажет, – дейді «Qamalladin bloggers agency» бас директоры Абылайхан Камаладин.

«Repost.uz» сайтының негізін қалаушылардың бірі әрі жетекшісі Тимур Абдуллин: «Біз жұмысымызды әлеуметтік желілерден бастадық. Кейінгі бірнеше жылда материалдар беруде белсенді қадамға барып, оқырманымызды бір арнаға шоғыр­ландырып отырмыз. Саяси ақпарат таратып қана қоймай, түрлі бағытты қам­туға көштік. Мәселен, шоу-бизнес, денсаулық, автомобиль әлемі, технология және спорт туралы ақпараттардың ең маңыздысын таңдап, әр бөлікке бөлдік. Оқырман карантин кезінде трафик бойынша шамамен 50%-ға өсті. Осы көрсеткішті сақтай отырып, оқырмандар санын арттыруды қолға алдық. Осы орайда, әлеуметтік желі оқырмандарының санын арттыруға таптырмас алаң екендігін есте сақтау қажет», деді.

Ал жиында «Eki bala» және «Asia Mix» тик-ток жобаларының авторы Эльдияр Кененсаров отандық медианың жаңа сипат алып келе жатқанын атап өтті. «Инфодемия жағдайындағы ақпаратты тұтынушы халықтың медиаға деген сенімнің жоғалуы медиа қызметкерлерінің бәрін алаңдататыны даусыз. Кез кел­ген әлеуметтік медиа маркетинг­тік науқанның негізі – сапалы кон­тент. Сіздің әлеуметтік желіле­рде жариялаған жазбаңыз компания­ңыздың мақсатын тікелей көрсетеді. Осылайша, жоғары сапалы мазмұн сізге сенімді, шынайы және мақсатты аудитория үшін абыройлы имидж құруға көмектеседі», дейді спикер.

БАҚ өкілдерінің осындай басқосу­ларында ащы да болса, айналып өтуге болмайтын өзекті бір мәселе – мемлекеттік тілдегі мазмұнға берілетін жарнамалардың мардымсыздығы. Осы орайда «Креативті индустрия және жаңа медиа» сессиясының спикерлері қазақтілді контентке жарнама берушілер неге аз деген мәселені кеңінен талқылады.

– Жобамызды қолға алғалы бері мемлекеттік тілде контент жасаудан танған жоқпыз және қоғамның қазақша контентке қатысты қалыптасып қалған көзқарасын бұздық. Біріншіден, қазақ аудиториясы өсек-аяң, шоу-бизнесті ғана көреді деген таптаурын пікірлер. Екіншіден, қазақтілді контент аудитория жинай алмайды деген көзқарас. Біздің танымдық контенттің орташа көрілімі – 200 мың. Қазақтілді аудитория қазір сапалы танымдық контентке сусап отыр. Оны арнамызды тұрақты көріп жүрген көрермендерімізден байқаймыз, – дейді «Sayahat Time» YouTube арнасының блогері Ернар Алмасбек.

Қазақ тілінде блог жүргізіп отырған отандастарымыздың сөзін сценарист, жүргізуші, продюсер Марат Оралғазин да қуаттайды. Ол: «Қазір қазақ тіліндегі контенттің көрермені көп. Мәселен, біздің YouTube арнада 1,9 млн жазылушы бар. Тек бір мәселе, қазақша контентке жарнама берушілер көп келе бермейді. Мәселен, орыстілді блогерлер «Samsung», автокөліктерді жарнамалап жүрсе, қазақ тіліндегі блогерлер пицца, донерлермен шектеледі. Яғни жарнама берушілер 90-жылдардағы қазақша ешкім қарамайды деген ескі көзқараста қалып қойған. Екіншіден, жарнама берушілер қазақтілді контент көрерменнің сатып алу мүмкіндігі жоқ деп ойлайды. Бұл – жаңсақ пікір. Көлік салондары мен техника дүкендерінде көбіне қазақтар сауда жасайтынын түсінбейді. Олар өздерінің нақты тұтынушылары кім екенін білмей отыр», деген уәжін алға тартты.

Қазақтілді мазмұн құрып отырған­дардың айы неге оңынан тумай жатыр деген сауалға «Sayahat Time» YouTube арнасының блогері Жазира Байдалы: «Қазақша контент креативтен кенде емес. Қазақтілді блогерлерге жарнама берушілер келмеуінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, сауатты контент жасаушылар бар да, PR директор, маркетинг директор деген мамандар жоқ, болса да көбінесе орыстілді. Екіншіден, қазақтілді блогерлер қызметін сатуды білмейді. Олар өзінің өніміне тек шығармашылық тұрғыдан қарайды да, сатуға ұялады. Өз еңбегіне деген көзқарасты өзгерту керек. Біздің жобамыз бес жыл дегенде енді ғана табыс әкеле бастады. Бизнестің қазақша контентке деген көзқарасын біртіндеп өзгертіп жатырмыз», деп жауап берді.

Ал «Abay Live», «Qasqa Jol» YouTube арналарының авторы Абай Сейфуллаұлы елімізде YouTube платформасына көбірек көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. «Статистикалық деректерден жыл сайын телеарналардың көрермендерінің пайыздық үлесі төмендеп келе жатқанын көріп отырмыз. Керісінше YouTube платформасы қарқынды дамып келеді. Подкаст, сұхбат, сараптамалық бағдарламалар, сериал түсіретін YouTube жеке арналары көбейді. Бұл саланың болашағы бар. Себебі жарнамалық интеграциялар қазақтілді контенттегілерге де келіп жатыр. Әлеуметтік желілердегі платформалар да еркін, тәуелсіз контенттерді ауқымды түрде жасауға болады. Сон­дай-ақ балалар контентін де дамы­туға мүмкіндік бар. Қазақ тіліндегі мультфильмдер мен бейнероликтерді түсіруге болады», дейді спикер.

 

АЛМАТЫ