Жоба • 12 Қыркүйек, 2023

Жақын және жаңа нарықтар

156 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметте ҚХР бизнес капитандарымен өзара іс-қимыл алгоритмі және әлеуеті бар бірлескен инвестициялық жобалардың жол картасы әзірленеді.

Жақын және жаңа нарықтар

Жуырда вице-премьер Серік Жұман­ғарин мемлекеттік органдар мен ұлт­тық компаниялардың басшылары­мен отандық өнімді өткізудің жаңа нарық­тары және Қытай, Иран, Ауғанстанға елдегі заманауи өндірістер құру мүмкіндіктерін ашатын мемлекеттермен ынтымақтастықты күшейту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен қабылданып жатқан шараларды талқылады.

Қытаймен арадағы ынтымақтастық – басты назарда. Вице-премьердің таяу­дағы аспанасты еліне сапары Қазақ­станда жоғары технологиялық өндіріс­тер құру бойынша кең перспективалар ашады. Металдарды өңдеу, электрондық коммерция, құрылыс, жаңа материалдар мен технологиялар өндірісі, АӨК салаларындағы ірі әлемдік көшбасшы компаниялардың басшылары ынтымақтастықты нығайтуға ашық қызығушылық білдірді.

Мемлекет басшысының Жолдауда бел­гілеген өңдеуші секторды жедел да­мыту және өнімді жоғары деңгейде өң­дей­тін кластерлерді құру туралы мін­де­тін тиімді әріптестік пен үздік тәжі­ри­бе­лерді енгізу арқасында орындауға болады.

«Қытай – біздің шығыстағы ең жақын көршіміз және өнімдерімізді өткізетін ең тартымды және қолжетімді нарықтардың бірі. Сапар барысында біз жеті ірі компаниямен кездесулер өткіздік, Шэньчжэньдегі дөңгелек үстелде тұқым, фосфор тыңайтқыштары, пести­цидтер өндіретін қауымдас­тықтар, көлік, логистика, сертификаттау ком­пания­­лары өкілдерімен таныс­тық, олар­дың барлығы бірлесіп жұмыс істеуге және тәжірибе, технология, ғылы­ми әзірлемелермен алмасуға дайын екен­дерін білдірді. Енді біз ынтымақ­тас­тық бағытынан бастап жобаны Қазақстанда локализациялауға дейін әр компания бойынша өзара іс-қимыл алгоритмін пысықтау қажет. Алгоритмді пысықтау үшін «Qaztrade», «Kazakh Invest» және «Атамекен» ҰКП өкілдерінен жұмыс тобын құруды және барлық мүдделі министрлік және ведомствомен жобалардың жол картасын құруды тапсырамын», деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ кеңесте Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымын 3 млрд долларға дейін жеткізу жөніндегі іс-шаралар талқыланды. Құжат жобасы АӨК, көлік және логистика, мұнай-газ саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға бағытталған 30 іс-шарадан тұрады. Оны Иран тарапы қарап жатыр. ЕАЭО мен Иран арасындағы еркін сауда аймағы туралы келісімге осы жылдың соңына дейін қол қойылады деп күтілуде, осыған орай бұл құжат аса өзекті болып отыр.

Бұдан басқа қазақ-ауған бизнес-форумы барысында қол қойылған келі­сімдерді іске асыру үшін Ауған­станмен өзара есеп айырысу тетіктері талқыланды.