Егемен Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2023

«Хат қоржын»

183 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

«Гауһартас» – өміршең қойылым

Театр туралы сөз қозғалса, ең алдымен, елордамыздағы Музыкалық жас көрермен театры ойыма оралады. Ол – 2020 жылы елорда төрінде Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ашылған жас театр. Бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Алғаш сахна шымылдығын заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасымен ашқалы бері, театр сүйер қауымның ыстық ілтипаты мен үлкен сұранысына ие. Тағы да аншлаг. Шығармашылық ұжымы көрермен жүрегін жаулаған «Гауһартасты» қойды.

Жазушы Дулат Исабековтің қаламынан туған повестің негізінде түсірілген кинофильмді әлі күнге дейін жалықпай көріп келеміз. Кезінде Салтанат рөлін сомдаған актриса Жанна Қуанышеваға ең үздік әйел образы деген атақ берілген екен. Музыкалық драмада театрдың белді актрисасы Инабат Ризабекқызының талантына қалайша тәнті болмассың! Сыпайы, адал, ибалы – нағыз қазақ келінінің бейнесі, эталоны десем, артық айтқандығым емес.

Театр актерлерінің құрамы өте талантты жастардан құралған. Дінислам Нұрмағанбетов, Оразалы Игілік, Бақдәулет Оразбек, Мақпал Дүйсен, Арелана Амангелдиева, Аққанат Қуандықов, Саламат Мұқашев сынды актерлер есімін ризашылықпен атаймын.

 Аталған өнер ордасының қойылымын тамашалауға еліміздің өзге аймақтарынан да келетін көрермен көп. Өзім де театрға жиі барамын. Қай кезде болса да зал лық толы жастар, бос орын деген мүлде болмайды. Мұндай жайт, әрине, көңіл қуантады. Мен қойылымның 71-ші көрсетілімін тамашаладым. Спектакль соңында көзге жас үйіріліп, көңіл босамауы мүмкін емес. Көрермен тамаша әдеби шығарманы сахна төріне әуелеткен актерлер құрамының еңбегіне толассыз қошемет көрсетіп жатқаны.

Мен үшін «Гауһартас» – өміршең туынды, үздік қойылым.

 

Айсәуле КЕМЕҢГЕР,

Еуразия ұлттық университетінің студенті

 

АСТАНА

 

 

Ертең өкініп қалмайық, ағайын

Заманның емес, адамның өзгергеніне қарап қарның ашқандай. Қыздан туған баланың жиен екенін мойындамайтын ата-әжелердің қатары күн сайын қалыңдап келеді. Той жасаса, өз әке-шешесімен емес, ата-енесімен кеңесетін, өз жұртынан қайын жұртын жоғары қоятын азаматтарымыз да аз емес бүгінде. Өзінің жеті атасын біл­мейтінін жасырып қалу үшін бе, әлде құда-құдағиының қас-қабағын баққаннан ба, немересіне жеті атасын жаттатқызбайтын аталар да көбейіп барады. Өзінің шыққан тегін білмейтін ұрпақтан қайыр күту де күпірлік болар, бәлкім!

Өткенде бір замандасымыз сыңарын тапқан ыңғайда: «Үйленіп, үй боламын!» деп батыл қадам жасамақ еді. Бірақ арманы орындалмады. Себеп – сүйген қызы алтыншы атадан қосылатынын жігіттің емес, қыз жақтың ақсақалы талдап-талқылап, ағайын болатынын айтқан соң, екі жақтың ата-анасы болашақ жас жұбайлардың қосылуына қарсы болды. Қыздың жүкті екеніне қарамастан, екеуін қосқызбады. Жігіт өмірінің соңына дейін үйленбейтінін айтып, серт берді. Ал арада бес-алты ай өткенде дүниеге кесте тігер келді. Оң жақта отырып босанғанымен қоймай, мүгедек перзенттің өмірге келгені қабыр­ғамызды қайыстырды.

Себеп-салдарын талқылаған қарттардың айтуынша, үйленбек болған жігіттің атасы кезінде өз бала-келінінің бақытты болғанын және ұлы жоқ құда-құдағиының көңіліне кірбің түспегенін қалап, немересіне жеті атасын үйретпеген. Және де бір атаның балаларымен араласпай, ағайындар бір-біріне жат болып кеткен. Қалада қызмет етіп, жылда атажұртына барып тұрса да, не баласын, не немересін ертіп жүрмеген. Енді зардабын өзі емес, ізін басып, тамырын жалғастырған ұрпағы тартып отыр.

 Бас қосып, соғым етін жеп қауқылдасып жүрген қарттар насихат, өсиет айтпаса, мұндай шақырысты «етсоғарлар басқосуы» дегеніміз дұрыс болар. Егер уақытында ғибратты әңгімелер айтылғанда, бір атадан тараған қыз бен жігіт тағдыр тәлкегіне түспес еді.

 

Самрат ҚҰСКЕНОВ

 

ПЕТРОПАВЛ

 

 

Жаман әдеттен жиренейік

«Көрмейін десем көзім бар, айтпайын десем аузым бар» дегендей, мына өмірде кездесіп қалатын кейбір жаман әдеттерді көргенде қайтып шыдап тұрарсың? Кезінде айтып, тоқтау салмасақ, үлкендігіміз қайсы? Нені меңзеп отыр дейсіз ғой, айтайық.

Байқап жүрміз, соңғы кездері кейбір ұл-қыздарымыз денесіне татуаж салдыруға әуес болып бара жатыр. Ертеректе татуировка дегенді өмірде жаза басып, түрмеде отырып келген бірлі-жарым жаннан көруші едік. Ендігі жерде ол, өкінішке қарай, сәнге айналғандай. Әсіресе, бәзбір қыздардың денесіне татуаж салдырып, жазғы күндері кіндігін ашып, түйреуіш салып қоюы ойландырмай қоймайды. Барша жұрт білетіндей, атам қазақ кіндік тұсын ежелден-ақ киелі деп санаған. Ашық жүрген кіндікке жел қарысатыны белгілі. Әр көзде энергия болатынын да ұмытпайық. Қыз қылығымен, әдептілігімен, инабаттылығымен көрікті де әсем болмақ. Ондай қыз өмірде адаспайды, қайта бәсі артып, бағы жанады.

Медицина саласында жүргендердің айтуынша, денеге татуаж салу­дың ақыры әртүрлі тері ауруларына апарып соқтырады екен. Енде­ше біздікі не үлгі? Одан әдемі болып көрініп тұрған ештеңе жоқ. Бі­луімізше, көп елде татуаж салдыруға заңмен тыйым салынған.

Қазақ – онсыз да әдемі, әдет-ғұрпын, дәстүр-салтын берік сақтаған ұлт. Сондықтан да оған баршамыз адал болуымыз керек.

Қалай болғанда да, жоғарыдағыдай жаман әдеттер жайлы мен болмасам да біреу айтуға тиіс қой. Ендеше «Жирен жаман әдеттен» дегендей, бойымызға жақсыны дарытып, әулекі тірліктерден аулақ болайық.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

 

ТҮРКІСТАН