Аймақтар • 13 Қыркүйек, 2023

Жаз бойы титықтатты

155 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Киіктің шектен тыс көбейіп кетіп, егістік алқаптарына қауіп төндірген кезі кеңес заманында да болған. Ақбөкен анталап кеткен шақта аң шаруашылығының мамандары түнде АН-24 ұшағымен атып, тездетіп Қостанайдағы ет комбинатына жеткізіп беретін.

Жаз бойы титықтатты

Биыл жаз бойы мыңдап өріп жүрді. Мотоцикл мен «Жигулиге» мініп алып әркім өз алқабын күзетті. Біздің егістік 70 шақырым қашықта, оған күн сайын барып тұру мүмкін емес. 500-ге тарта гектар арпамыз киікке жем болды. Бидайдың да біразы киіктің тұяғының астында қалды. Әулиекөлден 8 адам комиссия келіп, шы­ғынымызды есептеп акт толтырып кеткен. Ауылдың шетіндегі малдың ма­ңайын­да да 500-1000-дай киік жайылып жүрді. Бір шаруа қуса, екінші шаруаның алқа­бындағы арпаға түседі. Қашқан киікке жете алмайсың, қуа да алмайсың, жолсыз жермен жөңкіле жөнеледі. Үйірінің бас-аяғы 5 шақырымға дейін созылады. Тір­сек жақта 7-8 мыңдайы жүрді. Атуға тағы бол­майды. Қолдан келер қайран жоқ, үш ай бойы әбден титықтатты. Әлі күнге дейін жүр.

Киіктен кейін жаңбыр діңкелетіп кетті. Біз негізінен Әулиекөлдің әйгілі асыл тұқымды сиырларын өсіреміз. Қыс­­тан мал қоңды шығу үшін 5 мың тонна шөп керек. Соның 2 мың тоннасын ғана жинап алдық. Енді мал басын қыс­қартатын шығармыз. Қысты күні қалай бағамыз? Әп-әдемі жайқалып тұр­ған 500 гектар егістігіміз жоқ болды. Жағ­дай – ауыр. Мемлекет қолұшын со­зып, қаржылай көмек көрсеткеннің өзін­де ол ақшаны малға бере алмаймыз ғой.

Сондықтан қалайда киік санын реттеп отыратын бір амал табу керек. Бұл мәселеге консерві шығаратын кә­сіп­орындарды тартып, киік азайы­п кет­пеу үшін оны қорғайтын заң кү­шін әлі де қатайта түссе, белгілі бір мөл­шер­ден асқанын өндіріс көзіне айналдырса, құба-құп. Бұдан киік те, шаруа да ұтылмайды деп ойлаймын. Өйткені түз жануарларының саны шектен тыс көбейіп кетсе, індет тарауы мүмкін. Бұл киікке де, қоршаған ортаға да, сайын даланың бір шетіндегі шалғай елді мекенде тұрып жатқан адамдарға да қауіпті.

 

Дулат ЖАҢБЫРШИНОВ,

«Москалевское» ЖШС басшысы

 

Қостанай облысы,

Әулиекөл ауданы