Пікір • 13 Қыркүйек, 2023

Күндіз-түні егінімізді қорыдық

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылда осы мәселеге тап боламыз. Алайда біздің жанымызды түсініп, жанайқайымызға құлақ түріп жатқан ешкім жоқ, өкінішке қарай. Менің егіс алқабым шеткері орналасқан. Киіктер менің жерімді таптап барып өтеді.

Күндіз-түні егінімізді қорыдық

Биыл 26 мың гектар егін ектік. Қап­таған киіктің таптауынан 1 500 гектар егінім жарамсыз болып қалды. Киік егіс алқабының әр ше­тінде жүреді. Таптағаныңыз былай тұр­сын, жерді тұяғымен тырмалап кетеді.

Жабайы аңнан жерді қорып жүрміз. 40 шақырымға қоршау қойдым. Мұ­нымнан ештеңе шықпады, басқа бұрыш­тан келіп, кіреді. Киіктерді қанша қуала­сақ та мұнымыздан түк шығар емес. Пісіп тұрған бидайымыздың дәмін көрген әлгілер табынымен біресе ана бастан, біресе мына бастан кіріп кетеді. Ашығын айтқанда, бірнеше шақырым егіс алқаптарын қорып отыруға шамамыз жоқ. Биыл киік саны былтырғыдан әлдеқайда көбейді. Және адамнан да қорықпайды. Үркітіп жіберген күннің өзінде әрі кетсе, 200 метр ұзайды да тағы қарап тұрады. Үкімет қандай да бір шара қабылдамаса, киік бізді әбден шығынға ұшыратты.

Киіктердің бізге айтылып жүрген есебі – құр жай сан ғана. Мыңдап жүреді бір табыны. Жалғыз адамның қолынан ештеңе келмейді емес пе? Аудандағы шаруа қожалықтары бірігіп, арнайы чат ашып алдық. Сонда егістікке кірген киік­тердің бағыты қалай кеткені, фотосын, видеосын салып отырамыз. Өзіміз күзе­теміз. Күніміз күндіз-түні киік қуу­мен өтіп жатыр. «Охотзоопромға» хабар­ласқанымызбен олар да күнде шап­қылай бермейді.

Біздің шығынға батқанымызды, бұл шыр-пырымызды бәрі естіп отыр. Алай­да қозғалыс жоқ. Осыдан келе ас­тық қымбаттайды. Ал ол кімге ұнайды?

 

Сейітжаппар Нығметов,

«Қайнар» ЖШС директоры

 

Қарағанды облысы,

Нұра ауданы