Руханият • 13 Қыркүйек, 2023

Алаш жолын темірқазық еткен ғалым

173 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тарихшы, ғалым Әлімғазы Дәулетхан ағамыз туралы ойлаған сәтте ардақты Жағда Бабалықұлының есімі еске түседі. Мен бұл өмірімде ауыр тағдырды басынан кешкен, бірнеше империялық қысымның шеңгелінде болса да, ұлттық ұстанымын биік қойған, тек қана еңбек және күрес жолында еңсесін тік ұстаған екі адамды кезіктірдім. Бірі – Жағда Бабалықұлы болса, екіншісі – тарихшы һәм жазушы Әлімғазы Дәулетхан.

Алаш жолын темірқазық еткен ғалым

Әлімғазы Дәулетхан сонау жетпісін­ші жылдары «азаматты­ғы жоқ тұлға» деген құжат­пен 17 жыл бойы «екінші сортты» адамға айналып, Көкшетау­да және Шымкентте әртүрлі қара жұмысты атқарып жүрді. Сол жылдары жоғары оқу орнын енді ғана бітіріп ел жақта қызмет­те жүргенімде Әлімғазы Дәулетхан­ның «Сырымды айтам» атты алақандай ғана повестер жинағын оқыдым. Повес­тері қазақ ауылының тұнып тұрған таза бұлағындай тұнық, сол кез­дің өзін­де архаизмге айналып ба­ра жатқан этнографиялық атаулармен өрілген елеу­лі шығарма еді. Ол кезде Әлекеңді жыға танымасам да, сол шағын кітабы есімде қалып қойыпты. Қаншама жылдан ке­йін бір-бірімізге рухани жақын жанашыр ­аға-ініге айналдық.

Жоғарыда айтқанымдай, бұл кісі ұлттық мүдде жолындағы күресте тынымсыз еңбек етіп ке­леді. Саналы ғұмырын таза ғы­лыми еңбек жазуға арнаған Әлім­ғазы Дәулетханды бүгінгі кү­рескер азамат ретінде де ел таныды. Осы сөзіме дәлел ретінде қай­бір жылы Өскеменде «Flash!» деген газеттің бас редакторы Денис Данилевский Алаш көсем­де­рінің бірі, қазақтың аяулы тұл­ғасы Мұстафа Шоқайды өз ма­қа­ласында «фашистердің құйыр­шығы» деп балағаттап мақала жазды.

Артынша Сергей Михеев деген журналист аталған газетте «Как черное становится белым» деп аталатын тағы да бір мақала жариялады. Онда да Мұстафа Шоқайды қаралайды.

Мен мақала авторын сотқа бердім. Өскемен қалалық соты «жур­налис­тер фильм режиссерін емес, Мұстафа Шоқайды ғана фашистің құйыршығы атаған» деп үкім шығарды. Тіпті үкімге сәйкес сот шығындарын да сотқа берген мен төлеуім керек екен.

Осындай «қым-қиғаш» ала­сапыран күндерде империя­шыл орыстарға қарсы Әлімғазы Дәу­летхан «Ақ, аққа Құдай жақ» деген терең талдау жасалған ма­қа­ласын жариялады. Ол ма­қа­ланы «Айқын» газетіне шы­ғар­ды. Сол мақалада: «Бұл күн­дері Қазақстанда да, Ресейдің өзін­де де михеевшілдер (ке­ше­гі Солженицын мен Жиринов­скийшілдердің қазаққа, түркі халықтарына өшпенділік пен ұлтаралық жанжал ұрығын себу­шілер) аз емес. Ю.Алябьев, И.Ми­хеев, М.Акимов, т.б. орыс шовинистері соңғы кездері тіпті құтырына шабуылға көшкені баспасөзден халыққа белгілі.

Олар Қазақстанның әлем мо­йындаған тәуелсіздігін, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқын, оның мемлекеттік тілін мүлде мойындағысы келмейді. Сергейді сергелдеңге түсірген ең басты бас ауру – «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмінің халыққа, әсіресе Қазақстан жастарына ететін қайдағы бір «кері» әсері болса керек. Михеев­тер не деп міңгірлесе, міңгірлей берсін. «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмі үлкен жолға шығып қойды», – деп айтқанынан-ақ мақаланың қаншалықты өткір жазылғанын аңғаруға болады. Батыл сөйлеу үшін де, терең парасат-пайым, білім мен үлкен жүрек керек. Осындай қайсар күрескер ағамыз сонымен қатар, жан-дүниесі өте нәзік адам екендігін екінің бірі білмеуі мүмкін.

Оның мұңайғанда ән шығарып, көңіл­денгенде домбыраны шебер ойнап, ән салатын өнерін көп адам білмесе керек. Қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» дегені осы Әлімғазы ағамызды көргенде ойыма оралады. Өйткені ол кісінің бойындағы өнерді санап бола алмайсыз. Жан-жақты. Тұнып тұрған қазына.

Бүгінде Әлекеңмен рухани көзқара­сымыз үйлесіп, пікірлес, көңілі­міз жақын, ағалы-інілі сыйлас достарға айналдық.

Жағда Бабалықұлының төте жазумен жазылған архивін бұл кісіден басқа ешкім де ретке кел­тіре алмасы анық. Соны білген Жағда ағамыз бүкіл қолжазбасын Әлімғазы Дәулетханға табыстап кетті. Ол қолжазбалар 56 папкаға (немесе қорапқа) жинақталған күйі Әлекеңнің үйінде тұр. Жағда Бабалықұлының баға жетпес байлығы – қолжазбалары мен жинаған еңбектерін қызы Роза Жағдақызы тек екі адамға – Әлім­ғазы Дәулетхан мен маған арнайы заңдастырып, сенімхат арқылы аманатқа берді.

Бүгінгі күні денсаулығының сыр бер­геніне қарамастан аға­мыз сол қораптар­ды кирилли­цаға түсіріп жатыр. Әлімғазы Дәулетхан Жағда Бабалықұлын ерекше құрметтеп, еңбегін халық арасында кеңінен дәріптеп келеді. «Осы жұрт Жағда Бабалықовты біле ме екен?» атты мақала жазып, этнографияға қосқан орасан еңбектерін жариялады.

Әлімғазы Дәулетханұлы қаймағы бұ­зыл­маған қазақ арасында өскен­дік­тен, өмірде көргені көп, білгені мол, мем­ле­кетшіл азамат. Ұлтын жанындай сүйген, досқа адал, сертке берік жан. Ол қазақ­тың салт-дәстүрін терең білетін, салт-сана­ға жетік шығармашылық адамы екеніне менің көзім әбден жетті. Бұл қасиеттер Әлекеңнің туған топырағынан бойына сіңіп, өскен ортасы мен ата-бабасынан дарып, халықтық тәлім-тәрбиесінен бас­тау алғаны анық.

Әлімғазы Дәулетхан – біз­дің ұлттық-этнографиялық «Дәс­түр» журналының алқа мү­ше­­сі, құрметті оқырманы. Әлім­ғазы ағамыздың басылымға жария­лан­­ған салт-дәстүр, ұлт тарихы ту­ралы мақа­лаларын оқырман­дар қызығып оқиды. Ағамыз­дың мерейтойына орай «Дәстүр­­дің» №4 (89) 2023 жылғы санын­да екі этнографиялық әңгімесін бердік. Тарихи-этнографиялық әңгімелері өте тартымды.

Рухы мықты Әлекең туралы тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы: «Тарпаң тағдыр, тентек ойдың иесі», – дей отырып: «Өмірінде қан­шама іс тындырып тастағанымен, «Мен тасты шағып, тауды қопарып тас­тадым» деп жар салмай-ақ», айылы босатылмай, ауыздығымен жайылып, қоң алып жүре бере­тін қойшының ақ айыл торысы» сияқты адамдар болады. Арамызда мұндай адамдар аз емес, солардың бірі – мен білетін Әлімғазы Дәулетхан», – деп терең бағалаған.

Тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әбжан Әлімғазы Дәу­летханның өнімді әрі батыл жазатынын, үнде­мей жүріп үлкен іс тындыратын ғы­лым қайраткері екенін баса айтып, «Адал еңбегімен жазып жүрген ғалым» деген баға берген. Кезінде жазушы Қабдеш Жұмаділов пен ғалым Мекемтас Мыр­захметұлы да Әлекеңнің еңбе­гін жоғары бағалады.

Белгілі тарихшы Зардыхан Қинаят­ұлы тарихқа қатысты өті­рік әңгіме­лер­дің бірі – Либайға қа­тысты айта келіп: «Әлім­ғазы сол кезде лауазымды тұлғалар бастап, көлденең көк аттылар қос­тап жүрген осы өтіріктің бетін ашып, ғылыми тұрғыдан дәлел­деп, жеңіске жетті. Тіресіп жүріп жеңді», – деді.

Сол кезде бірнеше тілді еркін мең­герген тарихшы Әлімғазы Дәу­летхан: «Ли Байды қазақ қы­лу – Қытайдың бо­лашақ экспансиясы үшін тарихи негіз жасап беру», – деген мақала жазды. Өкі­нішке қарай, елімізде орын алған, тарихты соншалық дөрекі бұрмалаудың бірі – б.з.б. VІІ ға­сырда өмір сүрген қытайдың әйгілі ақыны Ли-Байды Шу-Талас бо­йында туған, қазақтан шыққан «Елібай» деген қазақ ақыны-мыс деген әфсәна еді. Әфсәна авторлары Ли-Байдан – Елібай (Елдібай), әкесі Ли Кіден – Алқаби, оның тоғызыншы ата­сы Ли-Хаудан – қазақ жасау­ға әрекет­тен­ді. Осы қысылтаяң кезеңде баспасөзге шыққан үш тарихшының жанайқайын, қар­сылық көрсеткен мақаласын оқы­дық. Соның бірі – қытай тілі мен әдебие­ті, түркілердің тарихын терең білетін Ә.Дәу­­летханның жауабы дұрыс әрі нақ­ты болды. Бұл күрестің қалай өрбігенін Әлекең бүгінгі күні қызықты әңгіме етіп айтып отырады.

Басынан өткен қиын кезеңді жеңе білген, рухы мықты ағамыз Қытайдан елге оралған соң, білі­мін толықты­рып, күндіз-түні ең­бек етті. Ұл өсіріп, қыз тәрбие­леді. Бүгінде немерелерінің сүйік­ті атасы.

Тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан ға­лым ретінде тарих, әдебиет, кө­сем­сөз саласында 5 монография, 3 оқулық, 4 аударма, 170-ке жуық ғылыми-публицистика­лық мақала, оннан аса ән мен төрт-бес күйдің авторы.

Қытайдағы диссидент жазушы Қа­жы­­ғұмар Шабданұлының еңбегі туралы тың мағлұматтар айтып, жазушының тірі кезінде атажұртына келуіне алаңдап, өз ойы мен пікірін БАҚ беттерінде ашық жазып, Қытай елінің қит­ұр­қы саясатын әшкерелегені өз алдына бір жыр.

Бірнеше тілді, оның ішінде ұйғыр, қытай және түрік тілін жетік мең­гер­ген Әлімғазы Дәулетхан отандық бас­қа ұлттың тарихшылары мен жазушы­ларының жалған мәліметтер келтіріп жаз­­ған еңбегін дәлелдеп, оқырманды елең еткізді.

Елжанды Әлімғазы Дәулет­хан өзі көрген Шыңжаң қазақ­тары­ның мәсе­лесін де үнемі наза­рында ұстап келеді. Қазақты жаны­мен сүйген ағамыз: «1,5 миллион қа­зақ Қазақстанға қосыла ма, әлде 9,5 миллион қазақ Қытайға қо­сы­ла ма?», – деп алаңдайды. Атажұрт­қа көшіп келетін қандастар үшін көптеген кедергі бар екенін үнемі айтып отырады.

Білгір маман, білімді тарих­шы: «Өзі­нің ғылыми зерттеу жұмыстарыма қарай ерте за­ман­дағы біздің тарихымызды бір­тұтас қарастыруды – ең негізгі та­лап деп есептеймін. Мейлі қазақ­тың жерінде болсын неме­се одан тыс, яки Моңғолия, Шы­ғыс Түркістан, Ресей, тағы басқа рес­публикалардың жерінде қал­ған қа­зақ тарихының іздері, ата-бабамыздың жүріп өткен жолы біртұтас қаралуы керек», – деген берік ұстаныммен еңбек етіп, қазақ ғылымына үлкен үлес қосқан Әлімғазы Дәулетханның қазақ әдебиеті зерттеушілері мен сыншылары назарынан тыс қалып келе жатқан тағы бір қыры – оның сын-зерттеулері еді. Ес­те­ріңізде болса, «қайта құру» басталған 80-жылдардың соңына ала «халық жауы» ретінде атылып кеткен Алаш арыста­рын ақтау басталғанда біздің ака­де­мик-профессорларымыз «түрі – ұлттық, мазмұны – социалис­тік қазақ кеңес әдебиетінің негі­зін қалаушы «Алыптар тобы» тізі­мін барынша жалаулатып, Міржа­қып, Шәкәрім, Мағжандар­дың атта­рын атауға да батылдық таныта алмай және оған талпынғандары­­ның өзі «әрі жақсы, әрі жаман» Мағжан­дар туралы айта бастады. Сондай ала-құла пікір ағыстарына батыл тойта­рыс берген Әлімғазы Дәулетхан «Қазақ әдебиетін түрі – ұлттық, мазмұны – социалис­тік әдебиет» деп, 70 жыл бойы жаңылтпаштап келгеніміз жетер. «Қазақ әдебиетінің түрі де, мазмұны да ұлт­тық болуы керек» бізге тілі қазақша, маз­мұны социализм мен компартия көсем­дерін жырлайтын сарай ақындары керек емес. «Нағыз алыптар 70 жыл бойы қорланып, аты атаусыз кеткен Ахмет, Міржақып, Мағжандар бастаған Алаш ардагерлері емес пе еді?», – дегенді айта келіп: «Мағ­жан және қазақ поэ­зия­сы» атты көлемді зерттеу еңбегін 1993 жылы жазып, 1994 жылы «Жұл­дыз» журналының №5-6 са­ндарын­да жариялаған болатын. Ол тұста әдебиет зерттеушісі ретінде таныла қойма­ған Әлекеңді қораш­сынған талай «Қазақ совет әде­биетінің» профессорлары өре түрегелгенін баспасөзден білеміз. Кейінгі 30 жылдық рухани, әдеби өмі­ріміздегі жаңғыру мен жаңа­ру барысында ғалым Әлекеңнің көрегендігі мен нағыз ұлтшыл, алашшыл қай­рат­керлігіне көзіміз жетіп, көңі­ліміз сенген болатын.

Түйін сөз ретінде Әлімғазы аға­мыз­дың «Мағжан және қа­зақ поэзиясы» атты зерделі зерт­теуінде келтірген В.Г.Белин­ский­дің төмендегі үзіндісі мен тия­нақтағанды жөн көрдік:

 «Данышпандық дегеніміз – (Алып­тар – данышпандар емес пе? – Ә.Д.) жеке адамның шығармашылық дамуының ең биік сатысы. Талант – данышпан­дық­қа қарағанда шығармашылық кемі­рек дарындылық. Біріншілер – мезгілінде түсінілмей, танылмай, бағаланбай, кө­­бінесе өз за­ман­дастарынан қуғын мен көре­алмаушылыққа ұшырайды. Олар­­дың даңқы келешекте өз­де­рінің сүйек­тері қурап қалған­да мәлімдене­ді. Екін­шілері – өз дәуірінің сүйетін, беделін жүр­гізетін адамдары болады. Бірақ тірісінде құрметтеліп, мақтаумен бақытты болып өтсе де, өлген соң бұл маңызды ала бермейді. Ал кейде көзі тірісінде-ақ олар өз даңқының сөнгеніне куә болады».

 

Қасымхан БЕГМАНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын