Сұхбат • 13 Қыркүйек, 2023

Ғалым АХМЕДЬЯРОВ: Жаңа маусымда ұлттық репертуарымыз артады

164 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Он жылдық белесін табыспен тәмамдаған «Астана Опера» ұжымы күні кеше жаңа маусымының шымылдығын түрді. Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің әйгілі «Абай» операсымен ашылған театрдың жаңа маусымда да жаңалығы мол. Өнер ордасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров театрдың алдағы жоспарын айтты.

Ғалым АХМЕДЬЯРОВ: Жаңа маусымда ұлттық репертуарымыз артады

– «Астана Опера» елор­да­мыздағы жас театрлардың бірі болғанына қарамастан, өзінің бай да мазмұнды репертуарымен қашан да көрерменіне зор қуаныш сыйлап келеді  Он жыл бойы бас қаламыздың рухани-эстетика­лық кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан ұжым еліміз ғана емес, әлем бойынша мойындалған, тамаша талантымен танылған таңғажайып өнер ордасы деп бүгінде мақтанышпен айта аламыз. Театр репертуары әлемдік классикалық жауһарлармен ғана емес, ұлттық туындылармен де маусым сайын толығып, қазақ өнерінің көсегесін көгертуге бар күш-жігерімізді арнап қызмет ету үстіндеміз. Биыл да осы дәстүр­ден танбадық. Театрымыздың жаңа маусымының шымыл­ды­ғы Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің әйгілі  «Абай» операсымен түрілді. Тамаша туынды Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Алан Бөрі­баевтың баян етуінде «Астана Операның» жаңа маусымына жаңаша өрнек сыйлағаны сөз­сіз. 70 жылдан астам уақыт бұ­рын қазақстандық классика­лық музыка данышпандары­ның қаламынан шыққан бағалы ­туынды еліміздің жетекші опера театрында жаңа тынысқа ие болды. «Астана Операның» бас дирижері Алан Бөрібаев шексіз таланты мен ұлттық клас­сикаға, атап айтқанда, өзінің нағашы атасы А.Жұбановтың шы­ғармаларына деген ерекше құр­метінің арқасында «Абай» операсын еліміздің музыка өнерінің бойтұмарына айналдырды. 2018 жылы осы қойылым үшін театр Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік сыйлығымен ма­рапатталды. Тәуелсіз Қазақстан­ның төл бейнесіне айналған спектакль әлемнің көптеген елдерін­де қойылып, көрермен қауым­ның ыстық ықыласына бөленді. Атақты «Абай» жаңа маусымда да көрермен көзайымына айналады деп сенеміз.

Он жыл – театр үшін үлкен белес. Айтулы белесті артқа тастаған ұжымның жаңа мау­сымда көрерменіне ұсынар қандай жаңалығы бар? 

– Алғашқы жылдары біз репертуарымызды классикалық қойылымдармен толықтыруға белсене күш салдық, өйткені «Астана Опера» – классикалық театр. Десек те ұлттық репер­туарды да назардан тыс қалдыр­ма­дық. Қазір, керісінше, репертуар­ды ұлттық спектакльдермен байытуға жұмыс істеудеміз. Өзі­ңіз де көріп көзайым болған­дай, театрымыздың өткен ме­рей­­тойлық маусымын Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбано­ва­ның «Құрманғазы» операсымен қорытындыласақ, биыл­ғы  маусымның ашылуы да қазақ­стандық композиторлардың туын­дыларын тірек етті. Алдағы маусымдарда бұл іс тіпті еселене түспек. Яғни жаңа маусым да ұлттық репертуармен жанданады. Алайда мынаны түсіну керек: біз қойылымдарды «қалыпқа» салмай, қазақ музыка мәдениеті­нің алтын қорына енген ұлттық туындыларға өте мұқият қарай­мыз және оларды әлемдік деңгей­де басқа театрлардың жұмысын қайталамайтын бірегей көзқарас тұрғысынан қоямыз. Оның ай­қын мысалы – әңгімеміздің басында сөз еткен «Абай» опера­сы. Жаңа маусымды ұлттық клас­сика туындысымен аша отырып, «Астана Опера» театры еліміздің бай мәдени байлығын сақтау мен арттырудың, отандық автор­лар мен орындаушыларды танымал етудің маңыздылығын баса көрсетті деп есептеймін.

Ғалым Алғиұлы, Астанаға ел өңірлерінен адамдар өте көп келеді, олардың кейбірі театрға дресс-код сақтап қана кіруге болады және билеттердің бағасы аса қымбат деген ойда. Осы рас па?

– Театрдың баға саясаты барынша оңтайлы десек бо­ла­ды. Спектакль билеттері қым­бат емес, жазғы демалыс­тан ке­йінгі ке­зеңде. Мысалы, қыр­­күйек а­йында К.Байсейітова атын­дағы Камералық залдағы кон­церттерге билеттер шамамен 3 мың теңге тұрады, сондай-ақ театрымыздың Үлкен залында өтетін спектакльдердің бағалары да әбден қолжетімді. Дресс-кодқа келер болсақ, бұл да қате пікір. Біз тілек білдірушілердің бәрін қуана қарсы аламыз. Әрине, егер адамдар әдемі киініп келсе, құп­таймыз, осы арқылы олар, ең алдымен, өздеріне мереке сыйлайды ғой. Сондықтан да театрымыздың есігі өнерді сүйіп, бағалайтын кез келген көрерменге айқара ашық!

Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»