Тарих • 13 Қыркүйек, 2023

Аңшылық өнердің ақиығы

545 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

«Қош, Қандыбалағым! Қош, текті қыраным! Тәңірден келген құтты құсым болып ең. Талай жыл бір-бірімізге деген адал серттен айнымадық. Тағдырдың дәм-тұзы да бітуге жақындағандай. Түз құсындай еркін ұш, қанатыңның астына азаттықты ала жүр».

Аңшылық өнердің ақиығы

Қарт бүркітші қарағай таласа өскен Ақбет таудың бөктеріне келгенде қимастық сезіміне ерік беріп тұрып қалды. Күбірлеп, күйбеңдей береді. Бір мезет томағасын сыпырып, балақбауын жиып алды да қандыбалағын босатып қоя берді.

Бұл Ертіс-Баян өңіріндегі кә­сіби құсбегілердің соңғы тұяғы Мәуия Әбікейұлының өмірден өтер алдындағы соңғы парызын орындау сәті еді. Қария қазақ аң­шыларының салт-дәстүріне деген адалдықтың қаймағын бұз­бады.

Баянауылдан шыққан әйгілі құсбегі, саятшы Мәуия Әбікеев кеңес өкіметі жылдары Мәс­кеу­де өткен Халық шаруашылы­ғы жетістіктерінің көрмесінде (1972 жылы) алтын медальмен ма­рапатталып, қазақтың құс­бе­гілік өнері жайында өзге ұлт­тар­дың аңшыларына паш еткен. 1957 жылы саятшылық өнер­дегі жоғары жетістіктері үшін КСРО Тұтынушылар қоғамы орта­лық одағының қаулысымен «Аң­шы­лық ісінің үздігі» атағы бері­ліп, қысқа ұңғылы бесатар кара­бин сыйға тартылады. Мәуия Әбі­кеев 85 жыл ғұмыр кешкен. Көнекөз қариялардың айтуынша, қазақтың үштен бірі қырыл­ған отыз екінің аштығында өзі сияқты аңшылармен тізе қосып, Алтайдан таутеке, бұлан, елік атып әкеліп, тұтас ауылдардың аштықтан аман қалуына сеп бол­ған. Түз жануарларының еті бір шеті Қарағанды, бір шеті қазіргі Екібастұздың аумағындағы ашық­қан елге таратылған.

сми

Ол ел алдындағы абыройының арқасында талай азаматты ажал сотынан аман алып қалып, жүздеген адамға шарапаты тиген. Кеңес өкіметінің түкпір-түкпірінен хат жазушылар аңшыдан қасқырдың өті мен бауырын жіберуді өтінген. Ол уақытта қызыл жегі, шошыну, сібір жарасы, алапес, өзге де қауіпті аурулардың еміне қасқырдың ағза мүшелері пайдаланылған екен.

Мәуия Әбікейұлы 1900 жы­лы қазіргі Баянауыл ауданы Жа­рыл­ғап ауылындағы Бәлтеш қыс­тауында дүниеге келген. Ес біліп, етек жиған жасөспірім шағынан алыс-жақынға құсбегілік өнерімен танымал бола бастайды. Жалпы, Баянауыл аумағында кезінде небір дүлдүл құсбегі-саятшылар, тазы өсірушілер болған. Аумақ­та аңшылық өнерге айрықша ма­ңыз беріп, оны дамытуға атса­лыс­қан атақты Мұса Шорман­ұлы. Кезінде Мәшһүр Жүсіп «Боз­дағым» деп Мұса мырзаны жоқтаған. Осы төңіректің арғы-бергі тарихын жазып кеткен өлкетанушы Өкпе­­нің Кәрімтайы өз кітабында аймақ­та ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасыр­дың басында оннан аса мықты аңшы болғанын баяндайды. Олар – Өкпе Дүйсенбайұлы (1864-1954), Қасен Әбенұлы (1886-1971), Жұмаділ Жақыпұлы, Мәуия Әбікеев (1900-1985), Бұғыбай Көбеұлы (1875-1934), Тілеубай құсбегі, Сқақ Уфанұлы (1891-1982), Мағаз Сәтбаев, Шайман Омаров, Нұржан Кемешов, Мұқан Құлманов (1907-1967), Кәрімтай Өкпеұлы (1930-2011).

Атақты құсбегі Шайман Ома­ров жөнінде де ел аузында аңыз көп. Әулиелі Қызылтау өңіріндегі Айыртаста (Мәшһүр Жүсіптің туған жері) «Шайманның асуы» де­ген тік жартастан тұратын биік тау бар. Мына бір аңыз әңгі­мені өлкетанушы Рамазан Нұр­ғалиевтің аузынан естіп едім. «Бір­де қаракесек елінің сері жігіттері Шайманға келіп: «Мынау биік тау­дың ар жағында қара түлкі бар дейді, міне қаршығамыз, жол бастаңыз» депті. Құсбегі сендер жер жағдайын білмейсіңдер, мен өз бүркітімді ұшырайын деген шешімін айтады. Шайманның елге мәлім сары бүркіті болған көрінеді. Қайыңтоғайға жеткенде қара түлкі қашып, қыранының томағасын сыпырып қоя береді. Түлкіден айла артылған ба, жыл­ғалармен қашып, әлгі биік таудан әрі асып кетіпті. Жоғарыдан сорғалаған сары бүркіт те сол жаққа ағып түседі. Қаракесек­тің сері жігіттері түлкі де, бүркіт те жоғалды деп күліп тұрғанда Шай­ман бұл биіктен астымдағы бай­талыммен асып түсіп, түлкіні бөктеріп келмесем маған серт дейді. Әлгілер сенбесе керек, 40 жылқыға серттесіпті. Сөйтсе, құс­бегі мінген байтал таутекелер­ше орғитын ерекше жануар екен. Әлгі биіктен асып, түлкіні басып отырған қыранына аман жетеді. Қара түлкіні сері жігіттің қанжығасына байлаған екен. Сол уақыттан әлгі адам бас­пас биік тау «Шайманның асуы» аталып кеткен».

Мәуияның атасы Құжан да атақты саятшы болған. Бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, балалары Әбікей мен Дәстер де қыран баптап, тазы ит жүгірткен. Тағы бір ұлы Бек заманында он саусағынан өнер тамған ұста, етікші болыпты. Мәшһүр Жүсіппен бірге жүріп, онымен айтыс жасаған. Ол туралы ғұламаның еңбектерінен оқуға болады.

М.Әбікеевтің кәсіптік аң­шы­лықпен кеңес өкіметі ал­ғаш құ­­рылған уақыттардан-ақ айна­лыс­қаны байқалады. Саятшылық­қа аттың аты ғана шыдас беретіні түсінікті. Оның жылқы жануарын ерекше тани білетінін байқаған әскерилер Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жылқы зауытына жұмысқа алады. Ол жерде ұрыс аттарын баптап, жаудың бетін қайтаруға үлкен үлес қосқан.

–  Әкеміздің өмірінде мықты үш аты болған. Соның ішінде ерек­ше есте қалғаны ала ат еді. Жарық­­тық жылқы ішіндегі ең ірісі, кеу­десі кең, төсі алшақ-тұғын. Болды­ру дегенді білмейді. Әкем Кере­ку мен Баянауыл арасында жиі сапарлап жүрді. Соғыстан кейінгі жылдары Павлодар қаласында Ертіс өзені үстінен қазіргідей үлкен көпір жоқ, ел-жұрт пароммен шұбырып өтетін. Әкей елге қайтқанда кешкілік пароммен бері өтеді де, сол жерде түнеп қалады. Таң алагеуімде жалғыз ат жегілген екіаяқты жеңіл арбасына отырып шу дейді. Сонда кешқұрым 200 шақырым жердегі Баянауылға жетіп келетін. Ал енді күз бен қыста аң аулауға шыққанда 2-3 ай үйдің бетін көрмейді. Астындағы атының мықтылығы ғой, қазір­гі Қарағанды облысының аумағы­на, Екібастұздың ар жағындағы Өлеңті мен Шідерті даласына, тіпті Алтай тауларына дейін барып аң аулап қайтады. Ол кісінің еңбегі жанкешті еңбек еді. Мені жастайымнан аң қағушы етіп жанына ертті. Қызық үшін айтайын, ол кезде облыс орталығындағы №9 мектепте оқимын. Әкейді ел керемет сыйлайтыны сол, директордың кабинетіне емін-еркін кіріп баратын. «Қарағым, директор жолдас, мынау балам жазу білсе бол­ғаны. Мұны сен босат, менің қолғанатым ғой айналайын» деп қыркүйекте оқу басталғанда мені алып кететін. Содан қара күз әбден түскенше әкейдің жанында аң қағушы болып жүремін. Екеуіміз құла түзде қасқыр мен түлкінің ізіне түсіп, жөнеп береміз. Мен атыммен баспалап барып, аңды бір жағынан үркітемін. Әкем қолындағы қыранын жібергенде, жарықтық Қандыбалақ әуелі сонау зеңгір көкке самғайды да, қанатын жиып, атылған жебедей қашқан түз тағысына тура түседі. Әкем өте қырағы, бүркіттің түскен жерін бірден дөп басып аңғаратын. Қасқырдың талайын алды. Әкем бір мезетте 2-3 бүркітті баптады. Барлығын «Қандыбалақ» атайтын. Құстың нағыз қыранда­рын солтүстіктегі жалқарағай орман­дарының арасынан әкеліп жүр­ді. Бірде жан-жағы толған түр­лі аңның сүйектері, қарағайдың ұшар басындағы ұяға кезігеді. Әлгі аң­дардың қаңқа сүйектері өте ірі екен, бүркіттің нағыз текті еке­нін аңғартады. Сөйтіп, балапанын олжалап қайтқан. Ол – қыраны қас­қыр біткенді жапыратын на­ғыз алғыр құс болды. Қасқыр­лар­дың апанынан талай мәрте тірі­дей бөлтірік алғанымыз да есімде. Он­дайда әкей қолыма білтелі шам мен қалтасынан тастамайтын бәкісін ұстатып жібереді. «Ішінде қаншығы кезігіп, айбат шексе, жүрек тұсынан сұғып ал», дейтін. Бөлтірігі алынған қасқырдың жер­гілікті малшы қауымға маза бер­мейтінін жақсы білетіндіктен сол жердегі қасқыр үйірінің арланын, қаншығын бір-бірлеп соғып алатын, – деп әңгімелейді атақты аңшының ұлы, құсбегі Босаға Мәуияұлы.

Мәуияның анасы Ақбөпе 105 жыл өмір сүрген абзал ана. Боса­ға ағамыз 1955 жылы сол кісінің босағасында дүниеге келіп, әжесі сөйтіп атапты. Ақбөпе әжей өжет мінезді, айналасына сыйлы адам болғанын ел әлі күнге айтып жү­реді. Мәуия атаның 78-ге келген шағы болса керек, бірде көңіліне жақпай қалған қылығы үшін анасы ұлын жұрт көзінше таяқпен сабалап, соңынан тұра жүгірген екен. Саятшының үлкен ұлының есімі – Ертоғай, Босағадан бес көйлек ерте тоздырған. Босағаны үй іші «Бошан» атап кетеді. Кенже әрі ерке ұлына әкесінің барлық өнері қонған.

Босаға аға әңгімесін одан әрі жалғастырды. Әкесі оқымаса да құй­мақұлақ, зерделі сөз айта бі­ле­­тін баяғының көкірегі ояу қа­­риясы болған. Үйіне мейман кел­­месе, байыздап отыра алмай­тын, қонағының сұрағанын орындау парызы деп есептейтін саят­шы 10-нан аса қазақ тазысын ұс­таған. Жүйрік тазылардың кү­шік­­терін елдегі сері, саятшы аза­­маттар үнемі бөлісіп әкетіп отыр­ған. «Кейбіреулер әкеме ақша ұсынғанда алмайтын. Жақсы иттің тұқымы құрып кетеді, елге осылай үлестіріп отыруымыз керек», дейді.

Бір жылдары Чехословакия­ның бұрынғы президенті Людвиг Свободаның немере інісі, армия полковнигі Вацлав Свобода бүркітшіге хат жазып, жыртқыш құстарды қолға үйрету бойын­ша ақыл-кеңесін сұрайды. Сол тұста жергілікті журналист Айт­жан Бәделхан Мәуия ата­ның айтуы­мен қыран құсты бап­тау­дың қыр-сыры жайында В.Сво­бодаға бірнеше мәрте жауап жолдапты. Осылайша, екі жақ бі­раз уақыт хат алмасып тұрады. Вац­лавтың өзі сұңқарға құмар жан екен. Кейін Чехословакияда аң­шы­лардың дүниежүзілік форумы өтіп, қазақ бүркітшісі әлгі жиын­ға арнайы шақырту алады. Чехо­словак әріптестерін сонау қазақ даласындағы 73 жастағы қарияның бүркітшілікпен әлі де болсын айналысып, қасқыр соғып жүргені ерекше әсерлендірсе керек.

Бүгінде Потанин атындағы өңір­лік тарихи өлкетану музейін­де әйгілі саятшы жайында жа­зыл­ған мақалалар, фотосуреттер, құ­жаттары мен жеке затта­рынан құралған бұрыш бар. Ертіс-Баян өлкесіндегі белгілі тұл­ғалар жайындағы кітаптардың авторы, аңшы туралы көптеген очерк­ жазған Д.Приймак Мәуия Әбікейұлымен дос болған. Оның жергілікті баспасөзде аңшы туралы жазған мақала-очерктері же­­терлік. Осы мақаланы жазу барысында көне газет парақтары­на үңіле отырып, жерлесіміздің даң­қы дүйім кеңес одағына белгілі болғанын білдік. Д.Приймактың жазбаларынан байқағанымыз, кейіпкеріміз тек құсбегі, саятшы ғана емес, халық ауыз әдебиетінің насихатшысы, ел мен өлке тарихын жақсы білген.

Д.Приймактың «Охота и охотничье хозяйства» атты журналда жариялаған «С собаками и бер­кутами» очеркінде былайша баян­далады: «Мәуия Әбікеевке аңшылық арғы аталарынан да­ры­ған. Оның әкесі, атасы, бабасы аңшылықпен айналысқан. Шөбересі (Мәуия) шақпақты мыл­­­тық пен ежелгі заманғы әше­кей­лермен көмкерілген ерто­қым­­­ды ұзақ уақыт сақтап, кейін өлкетанушылардың сұрауы бо­йын­ша оларды музейге тапсырды. Заманға сай қару сатып алды. Дейтұрғанмен аңшылық кезінде оның негізгі достары – тазы ит­тері мен бүркіттері. Маңайдағы колхозшының барлығы оны алыс­тан-ақ бүркітіне қарап таныр еді. Әбікеев бағалы аң терісін тап­сыру бойынша жылдық жос­парды үш-төрт есеге, кейде тіпті бес есеге артық орындап тастай­ды. Ол Құрмет грамоталарын ал­ған. Орталық одақ оған кәсіптік аңшылықтың үздігі атағын берді, оның бұған қоса қаншама Құрмет грамоталары бар. Осы жылдың алғашқы алты айында Мәуия 57 қасқыр терісін (жылдық жос­пар – 10), 66 түлкі (жылдық жос­пар – 20), 30 күзен (жылдық жоспар – 10) терілерін тапсырды. Оны жергілікті мал бағушы­лар аса құрметпен қарсы алады. Аңшы Ертіс өңіріндегі жүздеген шо­панның отарын қасқырдан құт­қа­рып отыр» деп жазады.

Жоғарыда ақсақал соғыстан кейінгі жылдары кеңес одағы­ның түкпір-түкпірінен хат жазған адамдарға көмектескен дедік қой. Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінде жарияланған сон­дай бір хаттан үзінді келтірейік: «Сəле­метсіз бе, газет арқылы таныс та бейтаныс Мəуия Əбікеев. Менің мұңым өзіңізге жазуға мəжбүр етті. Газеттен бүркітпен аң аулау туралы мақаланы оқыдым. Төрт баланың жəне науқас ұлдың анасы ретінде сізден көмек сұрауды жөн көрдім. Үш жыл болды, үлкен ұлымның ұстамасы кетпеді. Бұл ауруды қасқырдың бауырымен емдейміз, бірақ оны алу өте қиын. Əке ретінде, дос, жолдас ретінде қасқырдың бауырын жіберуіңізді сұраймын. Мен өте риза болар едім. Асыға күтемін, Чернявская А.Н.». Бұл тектес хаттар өте көп болған. Ал Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың немере інісі, ақын Шай­мерден Торайғыров 1967 жылы жазған «Саятшы Мәуия» поэмасында қарт аңшының бейнесін шынайы суреттейді.

Құсбегінің заманында атағы аспандап тұрғанының тағы бір дәлелі, атақты кинорежиссер Шәкен Айманов 1969 жылы Баян­ауылға келіп «Найзатас бау­райында» картинасын түсірген­де қарт бүркітшінің бейнесін сомдау үшін Мәуия қарияны ша­қырады. Дәл сол жылы аңшы Мәс­кеуде өткен дүниежүзілік биолог-аңшылардың ІХ әлемдік конгресіне Қазақ КСР атынан жалғыз қатысып, құс баптаудың қыр-сыры жайында бірнеше сағат әңгімелейді. Айтқандары сол замат аудармашы мамандармен бірнеше тілде аударылып отыр­ған. Құсбегінің саятшылық туралы пікірлері отбасылық мұраға­тын­да сақталған. «Текті құстың асылы мен жасығы, қырағысы мен көз састысы, жүректісі мен жүрексізі, әлдісі мен әлсізі болады. Тағатсыз адам аңшы бола алмайды. Дегбірсіз, мазасыз адам аң-құс жайын қайдан білсін? Менің айтарым, кімде-кім аңшылық­қа, құсбегілікке әуес болса, ол ең ал­дымен, аңның, құстың іздері қай­да жатқанын айыра білуі керек. Қалай, қашан өтті, қаншасы кетті? Саятшы, аңшыға, міне, алғашқы білуі керек нәрсе осылар», деп отырады екен жарықтық.

Тазы десе, ішер асын жерге қойған аңшының Ақторғай, Аққасқа, Көкқасқа және тағы бас­қа аңшы тазылары болған. Ақ­торғайы иесі өмірден өткенде қабірінің басына барып жатып алған көрінеді. Көзінен жас парлап, аңшыны жоқтағанына тамам ел куә болыпты. Сол оқиғадан соң көп ұзамай тазы құсадан өлді деседі. Мәуия ақсақалдың келіні Сара апайдың айтуынша, атасы тазы мен қыран құсын қолымен тамақтанды­­рып, өзгелерді жуыта қоймап­ты. Шылым шеккен адам­ға әуелі қолыңды жуып кел дейді екен. Тазы­лары қыстың күні үйдің ішінде жататын, сонда әлгілердің бірде-біреуі дастарқан басына жоламапты.

«Атам асыл текті адам еді. Мінезі жібектей, жеку дегенді біл­меді. Балаларына барлығын ақылмен жеткізетін. Білуімше, талай азаматты абақтыға қамалайын деп тұрған жерінен аман алып қалған. Бірде облыстың білдей прокурорымен әңгімелесіп отырып, «қарағым, мынау жігіттің аталары асыл еді, осыны жазаламай-ақ қойсаң етті» деді. Келесі күні әлгі азаматтың айыбы жеңіл­деп, босап шықты. Жас азаматтар атам­нан ақыл сұрап үйге келетін. Екінші дүниежүзілік қырғын­да соғысқан азамат, қайраткер Қаб­деш Нұр­­кин атамызды «Ерке аға» деп ­атай­­тын. Ол жоғары қыз­мет­те болған, об­лыстың билік ба­­сын­да болған қадірлі тұлға еді. Ка­­­бинетіне кі­ріп барғанда, шаруа­сын тастай салып, барлық зейі­нін атама аударады екен. Сондай зор құрметке ие болды. Мені қыз кү­німде ұлы Бошанға өзі айттырып, алып берді. Атамның батасын ал­ғанымды мақ­таныш тұтып, айтып жүремін», дейді Сара Әбікеева.

Облыс орталығының ірге­сін­­дегі Кенжекөл ауылын мекен қылған Босаға Мәуияұлы бүгінде құсбегілік пен тазы ит жүгірту­дің қыр-сырын соңынан ерген інілеріне үйретіп жүр. Бірнеше мәрте елімізде өткен бүркітші­лер слетіне қатысқан. Былтыр Баян­ауылда әкесінің құрметіне бүркітшілердің халықаралық са­йысы ұйымдастырылып, сонау Моңғолия, Алтай жерінен де құсбегілер жиналыпты. Бұйыр­са, игі іс-шара алдағы уақытта жал­ғасын табады деген үміт зор. Ал атақты құсбегінің немересі Дәметкен Бо­са­ғақызы Баянауыл ауданының орта­лығында осыдан бірер жыл бұрын атасының құр­метіне орнатылған ескерткіш маңайы абаттандырылса екен деген тілегін жеткізді. Айтуын­ша, әлгі жерде жергілікті әкім­дік саябақ салмақ болып, эскизін өз қаржысына сызып берген. Ескерткіштің өзін әлдекімдер бүлдіріп кетіпті. Осы кемшіліктер түзетіліп, атақты аңшының аяулы есімі жас ұрпақтың жадында жаңғыра берсе екен деген зор тілегін айтты.

* * *

Кереку жеріндегі кәсіби аң­шылықтың дегдары, атақты саят­шы Мәуия Әбікейұлы 1985 жы­лы дүние салды. Ақсақал өмір­ден өтерін білді ме екен, 1984 жы­лы туған жеріне барып, ең соңғысын Ақбеттаудың бауырына ұшырып қоя берген. Аты аңызға айналған қария соңғы демі үзілгенше аттан түспей өтіпті.

 

Павлодар облысы