Білім • 13 Қыркүйек, 2023

Жаһандық жарыс жүлдегерлері

235 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық колледж студенттері кәсіптік білім беру бойынша ұйымдастырылған EuroSkills Gdańsk чемпионатында үздік нәтиже көрсетті. Дәлірек айтсақ, олар екі медаль және төрт үздік медальон иеленді. Біздің құрама бұрын-соңды мұндай жетістікке қол жеткізген емес.

Жаһандық жарыс жүлдегерлері

Жаһандық жарысқа әлем­нің түкпір-түкпірінен 32 ел­дің өкілдері қатысты. 25 жас­қа дейінгі 600 жас маман бақ сынаған чемпионат Поль­ша­ның Гданьск қаласында ұй­ым­дастырылды. Ұлттық құ­рамаға 28 қатысушы және 25 халықаралық сарапшы кіріп, 25 бағыт бойынша сынға түсті. Орал ақпараттық технологиялар кол­леджінің студенті Руслан Юсупов «Веб-технологиялар» ба­ғыты бойынша күміс медаль иеленді. Ал Қостанай автомобиль көлігі колледжінің өкіл­дері Андрей Степанюк пен Ста­нислав Горицин «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» бағыты бойынша қола жүлдені қоржынға салды.

Халықаралық жарысқа студент­тердің барлығы қатыса алады. Ол үшін өңірлік, респуб­ли­калық іріктеу жарыстарынан сүрінбей өту қажет. Осы жолы жүлдемен оралған жастарға жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігімен қатар, басқа да бағалы сыйлықтар беріледі.

чсм

– Бұл жеңіс – педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлері­нің кәсіби қызметінің жемісі. Қа­жырлы еңбекпен келген жетістік өзге жастарға да үлгі болады. Үздік нәтижемен оралған ба­ла­лар еліміздің барлық айма­ғын аралап, студенттерге шебер­лік сабағын өткізеді. Олар қатар­ластарына халықаралық білім жарыстарында қалай жетістікке жетуге болатынын түсіндіреді, – деді Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Серік Жартыбаев.

EuroSkills чемпионаты – Еуропадағы кәсіптік білім беру және біліктілікті артты­ру саласындағы маңызды іс-шара. Ең ірі халықаралық кә­сіби шеберлік додасы WorldSkills Europe-ге қатысушы ел­дер­дің бірінде екі жыл сайын өткізіледі. Чемпионатты ұйым­дастырған WorldSkills Inter­national қауымдастығы тех­ни­калық мамандықтарды кәсіби даярлаудың мәртебесі мен стандарттарын арттыру мақсатында жұмыс істейді. Бүгінде қауым­дастыққа 72 ел мүше болып отыр. Қазақстан бұл қатарға 2014 жылы қосылды.

Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары Ақзира Қасымова бүгінде WorldSkills International ұйымына мүше елдерде кадр­ларды кәсіби даярлау стандарттары жетілдіріліп жатқанын айтты. «Бұл тізімде біз де бармыз. Қазір WorldSkills чемпио­наттарына қатысушыларды да­йындау, олардың біліктілік­те­рін арттыру мақсатында тиіс­ті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жолғы жарысқа бармас бұ­рын да 28 қатысушы дайындықтан өтті», деді ол.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы 9-сыныптан кейін оқушыларды 100 пайыз қажетті мамандықтармен даяр­лау көзделіп отыр. Қазір бұл тап­сырма 80 пайызға орындалды.