Пікір • 13 Қыркүйек, 2023

Туризм мен тарихты тану үйлессе...

133 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Байтақ Қазақстанда қасиетті, киелі жерлер баршылық. Бұл тұрғыда елімізде біле-білгенге шексіз мол қазына бар десе болғандай. Айталық, өңірлердегі Алтын Орда, Жошы ұлысы, Отырар, Сарайшық сынды тарихи орындарды «біздерде мынадай бар» деп жарқыратып көрсетсек, туристер ағылар еді.

Туризм мен тарихты тану үйлессе...

Сондай-ақ саяси репрессия, жаппай қуғын-сүргін, қудалау кезінде, яғни 1920-1950 жылдары қазақ жерінде миллиондаған тұтқын отырған бірнеше лагерь болды. Олар әр аймақта орна­ласқан. Ал осын­дай орындарға шет­елде қалай қарай­ды? Мысалы, Германияның Мюн­хен қала­сының іргесіндегі «Дахау» концлагеріне күніне жүздеген турист барады.

Мұндай тарихи, қилы тағ­дырлы жерлер бізде де бар. Қараған­дыдағы Карлаг, Жезқазған жері тарихының көлеңкелі бір тармағы болып қалған Степлаг, Ақмола өңіріндегі Алжир және басқа да жерлердегі зобалаңның көзіндей қасіретті орындарда музей ашып, әлем жұртшылығына неге көрсетпеске? Елімізде аштық құрбандары жаппай қырыл­ған, бас сауғалап елден қашқан босқындар безіп кеткен, Сталин заманында сырттан жер ауып келгендер орналасқан мекендер аз емес. Айта берсек, туризм саласына байланысты тілге тиек етер жүздеген ұсыныс бар. Тағы бір мәселе – туризм саласын дамыту үшін ЖОО-ларда мамандар даярлау ісі әлі де ақсап тұр.

Жолдауда айтылған еліміздің жасыл стратегиясын Ұлыбри­танияда өткен басқосуда әлем қауымдастығы қызу қолдап отыр. Алайда елімізде туризмді дамытамыз деп тұмса табиғатты бүл­діріп алмауымыз керек. Өйт­кені кейінгі кезде мөлдіреген Көлсайға, Қайың­дысай мен Шарын шатқалына ағылған халық тым көп. Өкінішке қарай, сол аймақты лас­тап, былғап кетушілер де көбей­ген. Табиғаты ерекше мекендерде демалушылардан кейін қалатын көл-көсір қоқысты ешкім тазартып жатқан жоқ. Себебі бұл жерлерді ешкім өз қамқорлығына алмаған.

Осы орайда айтарымыз, өт­кен­­нің жақсы тұстарын да ұмыт­­пай, кәдеге жаратуымыз керек. 90-жылдар басында дүркіреп тұрған Арқадағы әйгілі «Целинсельмаш», Мәскеу мен сол кездегі Ленинградты сапалы етпен қарық қылған Семей ет комбинаты, Алматы мақта-мата комбинаты, Жетісу фаб­рика­лары, КСРО-ға өнім шы­ға­ратын Алматы ауыр машина жа­сау зауыты, Станок жасау зауы­ты, Киров зауыттары қайда? Бәрін қиратып, орнына шетелден қым­бат жиһаз таситын «Армада» сия­қты арби­ған орындар пайда болды. Еліміз­дің әр аймағындағы толып жатқан өндіріс орын­дарына қайта жан бітіріп, өркен­дету қазір­гі таңда аса маңызды әрі ау­адай қажет.

 

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының директоры