Олимпиада • 29 Қазан, 2023

Пара спортшылардың тарихи жетістігі

182 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қытайдың Ханчжоу қаласында ұйымдастырылған IV Азия пара ойындары өз мәресіне жетті. Бір аптаға жалғасқан байрақты бәсекеде еліміздің спортшылары 41 медаль олжалап, параазиада тарихында бұрын-соңды болмаған үздік көрсеткішке қол жеткізді.

Пара спортшылардың тарихи жетістігі

Биылғы сары құрлықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы сапынан 131 спортшы сынға түсіп, ел абыройын сәтті қорғады. Олар спорттың 14 түрі бойынша жүлдеге таласып, жарыс қорытындысында 8 алтын, 12 күміс және 21 қола медальды ұлттық құрама қоржынына салды. Осылайша, отандастарымыз 41 жүлдемен жалпыкомандалық есепте ең үздік 11 құрама қатарынан табылды. Бұл – Қазақстан Параазия спортшылары үшін тарихи көрсеткіш. Сонымен қатар жарыс барысында спортшыларымыз Азияның – үш, Азия пара ойындарының төрт рекордын жаңартты.

Салыстыру үшін айтар болсақ, осыған дейінгі ең үздік нәтиже бес жыл бұрын Индонезиядағы III Параазия ойындарында тіркеліп, спортшыларымыз 33 медальмен (5 алтын, 15 күміс, 13 қола) жалпыкомандалық есепте 13-орынға тұрақтаған еді. Жерлестеріміз бұл жүлделерді паражүзу, парадзюдо, парапауэрлифтинг, пара жеңіл атлетика, волейболды отырып ойнау және шахмат бәсекелерінен жеңіп алған еді.

Ханчжоудағы дүбірлі додада ел спортшылары параканоэ, парапауэрлифтинг, парадзюдо, пара жеңіл атлетика, паражүзу, паратаэквондо, шахмат, паравелоспорт және волейболды отырып ойнау жарыстарынан түрлі түсті жүлделерді қоржынға салды.

Атап айтар болсақ, парапауэрлифтингте Токио Паралимпиадасының жеңімпазы Давид Дегтярев Азия пара ойындарында да үздік шығып, ел қоржынына алғашқы алтынды салды. 54 кг салмақта өнер көрсеткен отандасымыз 186 килоны бағындырып, Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Ол Токиода 174 килоны еңсерген еді. Сонымен қатар Тұрсынай Қабыл (41 кг) мен Раушан Қойшыбаева (73 кг) күміспен күптелсе, Гүлім Құрманбаева (45 кг) мен Рахметжан Хамаев (88 кг) қола жүлдені қанжығасына байлады.

Парадзюдо күресінде де отандас­тарымыз тамаша нәтиже көрсетті. Үш бірдей жерлесіміз Ақмарал Науатбек (45 кг/ J2), Ерғали Шамей (73 кг/ J1) және Олжас Оразалыұлы (73 кг/ J2) барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын тұғырдан көрінді. Күміс жүлдеге Асылан Нұрдәулетов (73 кг/ J1), Жанбота Аманжол (-90 кг/ J2), Зарина Раифова (70 кг/ J2) және Ерлан Өтепов (+90 кг/ J2) ие болды. Ал Бауыржан Арыстанбек (-90 кг/ J1), Даяна Федосова (52 кг/ J2), Динара Куджулова (70 кг/ J1), Ғалымжан Смағұлұлы (-90 кг/ J2), Ерлан Қоңқиев (+90 кг/ J2), Талғат Әжғалиев (+90 кг/ J2) және Әнуар Сариев (60 кг/ J2) қола жүлдені еншіледі. Осылайша, дзюдошылар жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты.

Пара жеңіл атлетиканың ядро лақтыру сайысында сынға түскен Дастан Мұқашбеков алтын медаль иегері атанды. Ол 15,74 метр нәтижесімен Азия және Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Сондай-ақ осы санатта бақ сынаған Иван Зелезняк 12,39 метр көрсеткішпен қола медаль жеңіп алды.

Паражүзуден Нұрдәулет Жұмағали екі алтын жүлде еншіледі (100 метр брасс және 200 метр кешенді жүзу). Оған қоса 200 метрге кешенді жүзуде Азия пара ойындарының рекордын жаңартты. Сонымен қатар Диас Кенжебек 100 метр қашықтықты 1:05:42 секундта бағындырып, Азия және Азия пара ойындарының рекордын орнатты. Ал Нұрәлі Советқанов 100 метр брасста, Роман Потапов 100 метр шалқалап жүзу­де және 4х50 м аралас эстафетада өнер көрсеткен Зульфия Габидуллина, Сияз­бек­ Дәлиев, Наталья Звягинцева және Ай­сұл­тан Құлқаев қола медаль жеңіп алды.

Параканоэде Бибарыс Спатай KL2 және VL3 санатында қос күмісті қанжығасына байласа, Жалғас Тайкенов KL3 санатында күміс жүлдегер атанды. Ал Жаңыл Балтабаева KL3 санаты, Максим Богатырев KL1 санаттары бо­йынша қола жүлдеге ие болды.

Паратаэквондода Нышан Өмірәлі (80 кг) мен Кәмила Досмалова (57 кг) күміс жүлдегер атанса, Мәриям Сәлімгереева (65 кг), Нұрлан Донбаев (80 кг) пен Алишер Гариполлаев (+80 кг) қола жүлдені мойнында жарқыратты. Сонымен қатар құрамында Әлімжан Аяпов пен Серік Солтанов бар шахматтан ерлер командасы қола медаль жеңіп алса, паравелоспортта Кенжеғұл Сейітжан мен оның пилоты Антон Лаврентьев қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ жекелей уақыт есебіндегі бәсекеде Кенжеғұл ел қоржынына тағы бір қола жүлдені салды.

Волейболды отырып ойнауда ұлттық құрама спортшылары күміс жүлдеге ие болды. Спортшыларымыз жартылай финалда алаң қожайындары Қытай құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, финалда әлем және Азия чемпионы Иран спортшыларына 3:0 есебімен есе жіберді.

Биылғы Параазия ойындарына Азияның 43 мемлекетінен 4 мыңға жуық спортшы қатысып, спорттың 22 түрінен жалпы саны 564 медаль (паралимпиадалық спорт түрінен – 490 және паралимпиадалық емес спорт түрінен – 74) жиынтығын сарапқа салды. Қазақстан құрамасы биылғы додада пара жеңіл атлетика, бочча, парапауэрлифтинг, шахмат, паражүзу, паравелоспорт, парадзюдо, параканоэ, волейболды отырып ойнау, паратаэквондо, пара садақ ату, пара үстел теннисі, академиялық есу және пара оқ ату сияқты спорт түрлерінен сынға түсті.

Айта кетейік, жазғы Азия ойындарында жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілген ақшалай ынталандыру сыйлықақысынан пара спортшылар да құр қалмайды. Яғни параазиада чемпионы атанған спортшыға мемлекет тарапынан 10 мың доллар, күміс жүлдегерге – 5 мың, қола медаль иегеріне 3 мың доллар көлемінде қаржылай сыйақы табысталады. Сонымен қатар алтын медаль иегерін жарысқа дайындағаны үшін оның жаттықтырушысына – 5 мың, күміс жүлдегердің бапкеріне – 3 мың және қола жүлдегердің жаттықтырушысына 2 мың доллар көлемінде ақшалай ынталандыру белгіленген.