Медицина • 28 Ақпан, 2024

Отандық өндірушіні қолдау күшейеді

45 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өт­кен Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Сондай-ақ Үкімет Астана агломерация­сын дамытудың 2024-2028 жылдар­ға арналған кешенді жоспарын бекітті.

Отандық өндірушіні қолдау күшейеді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Құрылыс басталғаннан бақылауға алынады

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұлттық жоба 655 жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын (медициналық пункт, фельд­шерлік-акушерлік пункт, дәрігер­лік амбулаториялар) салуды, 32 көп­бейінді орталық аудандық ауру­хана­ларды жаңғыртуды, сондай-ақ ауылдағы денсаулық сақтау нысандары үшін 1 100 медицина қызметкерін даярлау керектігін алға тартты. Бүгінгі таңда 92 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісінің құрылысы аяқталған, 7 медициналық мекеме бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бұйыртса жыл соңына дейін тағы 556 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ұлттық жобаның қалған бағыттары бойынша қажетті рәсімдер мен үдерістер жүріп жатыр. 

Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта жобалардың сараптамасын кешіктірулер жиі болып жүр. Бұдан басқа Ұлытау мен Қостанай облыс­тарында нысандарды салу мерзімдері ауысқан. Аталған мәселелер бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев пен өңір әкімдері Берік Әбдіғалиұлы мен Құмар Ақсақалов түсініктеме берді.

Үкімет басшысы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру мәселесі Үкіметте бірнеше рет қаралғанын, бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ екеніне тоқталды. «Өткен жылы 309 нысанды салу жоспарланған болатын. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақтылы бөлуде түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Сондықтан ауылдық жерлердегі медицина нысандарының құрылысын бастау мерзімдері бұзылды», деді ол.

Оның айтуынша, былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді, бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Жалпы, биыл 239 нысанның жобалық құжаттамасы да­йын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, құрғақ сөз күйінде қалып отыр. «Құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет. Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді. Әлі күнге дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларда күрделі жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Сондай-ақ оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай іс-шаралар көп уақытты алады», деді О.Бектенов.

Мұнымен бірге ол ұлттық жоба үшін жиһаз және құрылыс материалдарын жеткізуге отандық өндірушілерді тарту қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге тиіс. «Өткен аптада ғана жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы­ның басшысы Салтанат Әбдікәрімова «Самұрық-Қазына» қорының тауар сатып алу саясатын сынға алып, конкурстарда шикіліктің барын айтып, шағымданды. Мен кәсіпкерлердің пікірін қолдаймын. Біз осы саладағы жағдайды түбегейлі өзгертіп, отандық өндірушілерді қолдау жүйесін құруға тиіспіз», деді Премьер-министр.

Сонымен қатар ұлттық жоба бо­йын­ша жағдайды жақсарту үшін жұ­мыс қарқынын барынша күшейту қажеттігін айтты. Атап айтқанда, әрбір нысанның құрылысын құжаттарды дайындау, қаржыландыру кезеңінен бастап, уақтылы тапсырғанға дейін күнделікті бақылауға алу керек. Сондай-ақ медициналық жабдықтармен және персоналмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмауға тиіс.

Үкімет басшысы облыс әкімдіктеріне Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1 сәуірге дейін жобаларға саладан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтауды тапсырды. «Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер жобаларды қаржыландыру мәселесін жедел шешуге тиіс», деп түйіндеді О.Бектенов.

 

Астана маңындағы мекендерді дамыту жоспары

Үкімет отырысында Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арнал­ған кешенді жос­пары да жан-жақты талқыланды. Премьер-министрдің орынбаса­ры – ұлттық экономика министрі Нұр­лан Байбазаров қазіргі уақыт­та Астана агломерациясы­ның аумағына Астана қаласы (агломерацияның өзегі) және өңір халқының 40%-ы тұратын Қосшы қаласымен бірге Ақмола облысы үш ауданының 40-тан астам елді мекені кіретінін баяндады.

Жалпы, соңғы 10 жылда Астана тұрғындарының саны 46%-ға өсті. Бұл ретте, болжамды деректерге сәйкес, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,3 млн адамға дейін артады.

Астана агломерациясын дамытудың кешенді жоспарында 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шара­ны іске асыру көзделген. Атал­ған жоспар қала құрылысын дамы­­ту­ға, әлеуметтік және инже­­нерлік-көлік инф­рақұ­рылы­мын жаңғыртуға, эколо­гия­лық тұрақ­тылық пен қауіпсіз­дікті қамта­­масыз етуге, төтенше жағдай­лардың алдын алуға бағытталған.

Мәселен, агломерацияны аумақтық дамыту шеңберінде елорда мен Ақмола облы­сының даму жоспарларын сәй­кестен­діретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу жоспарланған. Жалпы ауданы 940 гектардан асатын эко қалашықтар құру көзделіп отыр. Олардың аумағында шағын бизнес жүргізуге арналған үй-жайлары бар тұрғын үйлер салынатын болады.

Агломерацияның көлік-логисти­калық инфрақұрылы­мы мәселелерін шешу мақса­тын­да электровоздарға қыз­­мет көрсететін логистикалық 6 ке­шен мен сервистік орталық салу, сон­дай-ақ қала маңын­дағы тұрақты мар­шруттарды суб­си­диялау шаралары қарас­тырылған.

Сонымен қатар агломерация елді мекендерінде 400 шақырымнан астам жол жөнделіп, 300 шақырым жол және 4 көпір салынады. Сондай-ақ 70 км кәріз жүйесін, 500 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 800 км электр желісін, 3 қазандық т.б. салу және реконструк­ция­лау көзделген.

Азық-түлік белдеуін дамыту және инвестициялар тарту үшін 25 азық-түлік өндіру нысаны, 12 өнеркәсіптік тауарлар өндіру кәсіпорны салынады. Бұлар­мен бірге Аршалы ауданында жалпы ауда­ны 300 гектар индустриялық ай­мақ құрылады.

Елорда төңірегінде 7 өрт сөндіру депосының құрылысына дайындық барысы туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндама жасады. Астана әкімі Жеңіс Қасым­бек қала маңына қатынайтын қоғамдық көлік мәселесін шешу жоспарлары туралы хабардар етті. Баяндамаларды тыңдаған Премьер-министр кешенді жос­парды іске асыру үшін елорда мен өңірдің өзара белсенді іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.

Ол қалаға жақын маңдағы елді мекендерде халық санының күрт өсуі мен елордаға күнделікті келіп-кететін адамдардың легі агломерацияның негізгі проб­лемасы екенін еске салды. «Бұл Астана қаласының инфра­құрылымы мен экологиясына және қауіпсіздігіне түсетін жүктемені едәуір арттырады. Адамдар елордаға жақын маңда тұрғысы келеді. Оны түсінуге болады. Алайда мұндай көші-қон еңбек нарығына әсерін тигізеді, облыста жұмыссыздықтың өсуіне ықпал етеді. Сондықтан, аталған мәселелерді шешу үшін ауқымды жұмыс істеуге тура келеді», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, ұсынылып отырған Кешенді жоспар осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Қала маңындағы ауылдардың сумен қам­тамасыз ету, су бұру, электрмен жаб­дықтау, жолдардың жай-күйі сияқты өздерінің проблемалары да баршылық екенін атап өтті.  «Жоспарды іске асыру осындай өзекті мәселелердің де шешімін табуға тиіс. Сонымен қатар елорда іргесіндегі ауылдарда тұрақты жұмыс орындарын ашу қажет. Астана қаласы агломерацияның өзегі ретінде іргелес жатқан аумақ­тардың орнықты дамуы­на негіз болады. Бұл елорда мен оған жақын маңдағы елді мекен­дердің тұрмыс деңгейінің арасын­дағы теңгерімсіз­дікті азайтуға мүмкіндік береді», деді О.Бектенов.

Үкімет басшысы Кешенді жоспарды іске асыру кезінде инвестициялар тартуға қолайлы жағдай жасау керек екенін айтты. Бұл көлік-коммуникация, сауда-логистика, инженерлік-коммуналдық және әлеуметтік инфрақұрылым­ның біртұтас кешенін құруға көмекте­седі. Осылайша, агломерацияның тірек қаң­қасы қалыптасады.

«Сондай-ақ 45 ауылдық елді мекеннің әрқайсысына өзіндік экономикалық ерекшелік беру қажет. Сол кезде ауылдармен қатар, Астана қаласы да мал және өсімдік шаруашылығының, құрылыс индустриясының, сондай-ақ басқа да салалардың қажетті өнімдерімен өзін өзі қамтамасыз етуге қол жеткізе алады», деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр атап өткендей, жоспарланған барлық іс-шараны жауапты әрі сапалы іске асыру елорда мен қала маңындағы аймақтардың эко­номикалық даму тиімділігін арт­тыруға мүмкіндік береді.