Мәдениет • 18 Наурыз, 2024

Тарбия Айдымбаева: Ұлттық киім адамға рух береді

518 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Осыдан 4-5 жыл бұрын «әлемге әйгілі бренд ретінде танытуға әлеуеті жететін ұлттық киіміміз ұмыт болып барады, өзіміздікін елемей, өзгенікін өнегелеп жүрміз» деп жиі шағымданатынбыз. Ала шапанды ағайынды айтып, доппысын басынан тастамай дәріптеп жүргеніне қызыға, қызғана қарайтынбыз. Ал бір туған қырғыз жұрты, жылдардың дүрмегінде «айыр қалпағынан» ажырап қалмады, тіпті мемлекеттік мәртебе беруге дейін барды деп талай тамсанғанбыз... Айта-айта қазаққа да «ұлттық дресс-код» дәуірі туып келеді, деп жазады Egemen.kz.

Тарбия Айдымбаева: Ұлттық киім адамға рух береді

Фото: Тарбия Айдымбаеваның жеке архивінен

Кәжекейдің көркін асырып, шапанды шалқи киіп жүрген көпті көз көріп жүр. Тіпті кейінгі 2-3 жылда қыздар қауымы арасында оқалы тақия трендке айналып, «киіз үйдің баламасы» біраз бұрымдының ажарын асырып жіберді. Жер-жерден мекемелер өз ішінде жұманы ұлттық киім күні деп белгіледі, енді оқушылар мектепке қазақи нақыштағы киім киіп келетін болды деген дүбір естіліп жатыр. Ұлттық киім - тарихты танытып, бабалар мұрасын балаларға, заманауи адамдарға ұғындырудың ұтымды тетігі. Оның үстіне өне бойы ұлттық құндылықтармен өзектелген қазақы образ ойды қозғап, жанға ерекше рух сыйлайтын құдіретті күшке ие. Археолог-академик Әлкей Марғұлан «қазақ халқы кілең ою-өрнек ортасында өмір сүреді» демеп пе еді?! Төсеніштері – текемет-киізінде ою, тұтынатын тұрмыстық заттары, бұйымы өрнектелген, тұрғылықты орны-киіз үй айнала ою-өрнектің ордасы, киімі мен әшекейін айтсаңызшы... Ертеде қазақ тіршілігі ұлттық ою-өрнекпен тұтасып жатыр еді. Бүгінде бұл үрдіс келместің кемесіне мініп кетті деуден аулақпыз. Әлеуметтік желі алысты жақындатып тұрған ғасырда сол платформадан баспанасының бір бөлмесін ұлттық үлгіде жабдықтап, сәндеп жатқан жандардың барын байқап жүрміз. Осы талпыныстың өзі бағалы.

Ұлттық киімді жиі киюге шарықтап тұрған құны да кедергі еді бір кездері. Неге қазақша киінбейміз дегенде, қалта көтермейді, бағасы қымбат деп ақтап алатынбыз өзімізді. Қазіргі ұлттық киім өндірісі сан сылтауымызды «сындырып тастауға» қауқарлы. Күнделікті киіп жүруге ыңғайсыз деген күңкіліміздің де күлі көкке ұшып жатыр. Себебі, заманауи трансформацияланған ұлттық киім сән-сапасы тұрғысынан едәуір алға қарыштап келеді. Біріншіден, ұлттық киімімізді уақытқа лайықтап, әрін тайдырмай кесіп-пішіп, тігіп жүрген дизайнер-бизнесмендердің «басы» көбейді. Қатар қалыңдағанда, бәсеке де күшейеді. Екіншіден, ұлттық киім наурызда ғана киетін атрибуттан, той-томалақта киетін образға ойысып еді, қазір күнделікті тамсана киетін киім санатына көшіп жатыр. Оған ұлттық киім өндірушілерінің ою-өрнек бедерленген киімді кеңседе, көшеде киіп жүруге ыңғайлы, жеңіл етіп ұсынып жатқаны септесіп отыр. Үшіншіден, сапаға қарай баға да әр түрлі. Нарық заңына сай қаржыңызға ыңғайы келетін ұлттық киімді қиналмай табуға болады.

Алайда ұлттық киімнің айналасында түйіткіл азайса да, түйін түбегейлі тарқаған жоқ. Кәсіби ортада оюды орнымен қолданбау, авторлық құқықтың сақталмауы сынды мәселелер айтылып жүр.

Несін жасырайық, көздің жауын алып, көңілді елітіп әкететін ұлттық киім өндірушілері шет елдегі дүркіреген дефиледен жүлде алғанда ғана назарға ілігетін. Шырайы кіріп тұрған заманауи шапанды да шынайы өмірден гөрі экраннан көбірек байқайтынбыз. Бүгінде бұл олқылықтың орны толысып жатыр. Тіршіліктің кез келген қырында киюге қолайлы ұлттық киім тігетін дүкендер баршылық. Соның бірі әрі бірегейі – Tarbiya ulttuq kiim сән үйі. «Бірегейі» деген сөзді пафос үшін ғана қолданған жоқпыз, себебі, осы ұлттық брендтің негізін қалаушы Тарбия Айдымбаева елде ең алғашқылардың бірі болып ұлттық киім үлгілерін заман сұранысына лайықтады.  

P.S. Халық арасында елеулі сұранысқа ие болып жатқан Tarbiya ulttuq kiim сән үйі тіккен ұлттық киімдерді жақында Астана қаласында ашылған шоурумнан көріп, белгілі этнодизайнер Тарбия Айдымбаева ханыммен сұхбат құрып келдік.

пп

«Қазақтың қанында табиғи, жоғары талғам бар»

Кейіпкерімізді бүгінгі биігіне кітапқа деген құмарлық бастаған

«Бала күнімнен тарихты тануға құмартып, әдебиетті оқуға әуес болдым. Үйдегілердің ас-суға деп беретін 15 тиынын кітап алуға жұмсадым. Есейе келе тарихшы атануға аңсарым ауды. Мектепті тәмамдаған соң, тарих мамандығында оқуға құжат тапсырдым. Алғашқы жылы жолым болмай, ауылға қайттым. Тарихшы болу маңдайыма жазылмаған болар, келесі жылы тігіншілікке түсу бағы бұйырды. Анам тігінге епті болғандықтан, мені де сол өнерге баулыды. Бойымда инеге икемділік бар болған соң, осы мамандыққа бет бұрдым. Студент шақта да кітаптан қол үзбедім. Алматыдағы кітапханалардың тұрақты оқырманы болдым. Тіпті, сол кездегі Мұқанов көшесінің бойындағы дискпен оқитын кітаптарды да тыңдап, оқыдым. Жазушылардың адамның жан дүниесін терең толғаныспен жеткізетін шеберлігі кітапты сүюге түрткі болды. Шығармалардағы адамның терең тебіренісін дөп суреттеуі көңілімде тоқылғаны сонша, қазір бизнесте де олардың нені қалап тұрғанын, қимыл-қозғалысынан, көзқарасынан-ақ сканерлеп, біліп тұратын деңгейге жеттім. Ересек өмірімде кітапты жиі қолға алуға мүмкіндік жоқ. Дегенмен ешқандай іс адам тағдырында бекер болмайтынына көзім жетеді. Себебі, сол кездегі кітапқа құмарлығым, әдеби кейіпкерлерді тануым бүгінгі тұтынушыларымның талғамын дөп басуға көп сеп болып жатыр. Қазақтың қанында табиғи, жоғары талғам бар. Дүкенге келушілердің таңдауынан осыны оңай аңғарамын. Олардың жаңа киімді кигенде бірден жарқырап, жайнап шыққысы келетін тілегін түсінемін. Біз оны сол миссиясына жеткізу үшін еңбектенеміз. Талғамына, түр-сипатына сай ұлттық киім таңдап беру, ұсыну - міндетіміз. Мен бұл процесске ерекше мән беремін», дейді Тарбия Айдымбаева.

Тарбия ханым - отандық ұлттық киім брендін қалыптастыруда оюды моншақпен көмкерген, одан қала берді заманауи ұлттық киім үлгілеріне ою-өрнекті принт арқылы басу ісін бастаған алғашқы жан.

«Жастық шағымнан ұлттық киім тігу, оны насихаттауға ерекше құлшыныс болды. 5-курста оқып жүргенде-ақ ұлттық киімдер тігу бойынша гран-при иелендім. Амбициямның күшті болғаны сонша, дәрежелі конкурстарға қаймықпай қатыстым. Конкурстың 4000 теңгелік жүлдесі осы салаға өмірлік жолдама сыйлады. Ең бірінші Зеңгі баба, Қамбар ата образдарын тіктім. Ол кезеңде мата, ине-жіп, оймақтан басқа дүние нарықта болмады. Зеңгі бабаның образын жасауда қоңыраулардың бәрін қолмен жасап шықтым. Ол образдарды толықтыруға анам қолғабыс етті. Мені осы коллекциям өзгелерден ерекшеледі. Орайы келгенде ел бойынша алғаш болып оюға моншақты көмкеру, оюлы принт жасау біздің бастамамыз болғанын атап өткім келеді. Бұл істе мені шабыттандырған бір себеп – ұлттық киімдер рухты көтереді. Оған жеке тәжірибедегі әр сатып алушы дәлел, әсіресе, шапанды шаттана киген ер адамдардың бойы мен ойын түзеп, еңсесін тіктей шыққанын талай көрдім», дейді Тарбия ханым.

пп

(Фото: Толғанай Батырхан)

«Әр коллекцияма - мифтік маңыз, қисса-аңыз арқау болады»

«Әр елдің өз мифі бар. Алайда кейбір мифтік персонаждар тек қазақ аңыз-ертегілерінде кездесетінін баса айтқым келді. Менің ұлттық бренд саласында атымды қалыптастырған іс – мифтік кейіпкерлерді киімде бедерлеу болды. Мәселен, коллекциямдағы албасты, марту, суын айғыр образдары сәтті шықты. Топтамамдағы таңғы, түнгі шолпан жұлдыздардың табиғатын ашуға бағытталған Күнекей, Түнекей киімі де аңыздан арқау алған. Ұлттық киім брендіне миф кейіпкерлерін қосу үшін Серікбол Қондыбай еңбектерін терең зерттедім. Асылында, мифтік бейнелерді матадан тігу оңай болмады. Сенсеңіз, осы образдар ойымда 7 жыл толқыды. Оның жарыққа шығуына Маңғыстау облысында өтетін мәдениет күндеріне арналған көрмеге топтама ұсын деген сол кездегі облыс әкімі Ералы Тоғжановтың сөзі болды. Құдайдан бұйрық та осы уақытқа қиысып тұрған болар. Сол кезең Рамазан айы еді. Осындай қасиетті айда 7 жыл толғатқан образдар дүниеге келді. Көрмеге бір күн қалғанда тек тау тайлақ образы дайын болмаған еді. Оны тігіп шығудың тетігі қанша тер төксем де миыма келмеді. Барымен базар деп қол сілтеген түні, түсіме тау тайлақтың образы енді. Мен тылсым дүние барына сенемін. Сондықтан тау тайлақсыз кетпейміз деп, ертеңіне оның басын, өркешін салып бастаған едім түгел образ толыса кетті. Осылайша күн-түн еңбектену арқылы Маңғыстаудағы мәдениет күндеріндегі көрмеге өз дүниемізді ұсындық. Облыс әкімі жоғары бағалап, Астанада өтетін халықаралық көрмеге жол сілтеді. Қазақтың аңыз-қиссалары шексіз. Мен кішкентай бөлшегін ғана біліп осындай дүние шығардым», дейді кейіпкеріміз.

Осындай іркіліссіз ізденіс, терең тебіреніс нәтижесінде «Тарбия бренд» келді өмірге. Бүгінгі күні брендтің бұйымдарына сұраныс күн санап өсіп келеді. Соған орай Тарбия Айдымбаева Қазақстанның алты қаласында (Атырау, Ақтау, Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан) ұлттық киім дүкенін ашты. Дүкенге барып білгеніміз, ұлттық киімдердің бағасы 120-350 мың теңге аралығында екен. Онда кеңседе киюге лайықталған шапан түрлерінен бастап, пальто орнына жүретін сырт киімдер де бар. Бағамдасақ, біз шетелдік костюм-шалбар мен сыртқы киімдерді сол бағада сатып алып жүрміз. Ендеше, бұл баға ұлттық киім қымбат түсінігін жоққа шығарса керек.

Қазір ұлттық киім брендінің иесі сұранысқа сай – люкс сападағы киім тігуге ден қойған. Осы мақсатта Альпі тауларында өндірілетін таза кашемир материалын елге алдырмақ үшін Италия кәсіпкерлерімен келісімге келген. 2 айда бренд ұлттық киімнің люкс нұсқасын ұсынады.

«Lv, Dior, Prada сынды әлемдік танымал брендтер қолданатын материалмен ұлттық киім тігуді қолға алып отырмыз. Қазақ киімі жоғары сапаға лайық. Оның сапасын, әсіресе, шетелдіктер жедел аңғарады. Бізге мұнай мен газдан басқа саладан қаржы табатын кез келді. Сондықтан мен люкс сапалы ұлттық киім жасау арқылы экономиканы дамытуға ат салысқым келеді. Егер біз мақсатымызға жетсек, бұл бастама қазынаға 10-20 жыл азық болар еді. Себебі, кейінгі Италияға барған сапарымда ол жақтың тұрғындары Түркі халықтарының ішінде біздің ұлттық киімдерімізге асқан қызығушылық, ыстық ықылас танытқанын көрдім.

Меніңше, бізді «осы да бола береді» деп немқұрайды жасау жарға жығады. Әрдайым биікке ұмтылу керек. Бұл маған бала күннен бойыма әкемнен сіңген қабілет. Сондықтан осы іске бел буып отырмын. Алдағы уақытта қазақ қоғамы үшін жастарға, жыршы-күйшілерге, іскер әйел, адамдарға бөлек топтама тігеміз.

Тарихтың бір бөлшегі екенімізді ұмытпау керек. Бізге бабалар нақышы аманат болып жеткендей, біз жасаған бүгінгі бұйым - келешекке мұра. Сондықтан ұлттық киім саласында тер төгіп жүрген әріптестерімді түс шығару, оюды орынды қолдану, авторлық құқықты таптамау ісіне мән беруге, тігіншілік өнерді трендке айналдыру үшін насихаттай жүруге шақырамын», деп Тарбия ханым әңгімесін түйіндеді.

аа

Қазақтың ұлттық ою-өрнегі тек сәнді сурет емес. мәнді функциясы бар маңызды штрих. Этнографтар: «Бозбала қыздың қолындағы білезікте бедерленген өрнегіне қарап, оған құда түскен-түспегенін ұғынған. Жас келіншек тұрмыс құрғаннан кейінгі ахуалын ою-өрнекпен бейнелеп жіберген. «Құсмұрын» сәлемдемесі жіберілсе, құстай ерікті екенін ұғынып, уайымдамайтын болған. Ал бойы ұзын, талдырмаш жан бедерленіп, жанында дөп-дөңгелек адамның бейнесі жағдайының мүшкіл екенін сөзсіз-ақ ұғыныпты», деген дерек келтіреді. Бұл қазақтың ою-өрнегінде зор мән-мағына жатқанын айғақтаса керек.

оо