Отбасы • 15 Наурыз, 2024

"Барлығы әйелге байланысты": Жұлдызды жұп отбасын сақтап қалудың жолын айтты

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Танымал әншілер Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева Qazaqstan ұлттық телеарнасындағы бағдарламада қонақ болып, отбасы құндылығы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Барлығы әйелге байланысты": Жұлдызды жұп отбасын сақтап қалудың жолын айтты

Өнер иесінің айтуынша, арадағы махаббатты мәңгі сақтау үшін адам бір-бірін бағалауы керек.

«Адаммен бірге мәңгі, ғұмыры біткенше жасайтын махаббат. Абай атамыз «Махаббатсыз дүние бос» деп айтады. Шынымен де, адамның махаббаты біткен күні – өзінің біткен күні. Алладан сұрап алған жалғыз адам болса, ол қасымдағы Бейбіт қой. Ол маған еркелеуі керек, мен оған еркелеуім керек. Оны және мені еркелететін адамдар алыста», - дейді Тоқтар Серіков.

«Алғашқы көзқарас, бір-бірімізге деген сүйіспеншілікті барынша алақанда аялап, сақтау керек ойлаймын. Махаббат деген – қайтып келмейтін дүние. Сондықтан сыйластық, ерлі-зайыптының арасында мәдениет деген болу керек, сол арқылы махаббатты сақтап қалу керек деп ойлаймын», - дейді Бейбіт Сейдуалиева.

Тоқтар Серіков отбасын құрған алғашқы жылдары ер азаматтарда қандай сезім болатынын айтты.

«Ер азаматтарда үрей болады, өз басымда болған, жасырмаймын. Әбден жүріп, назарды өзімізге аударып үйреніп қалғанбыз. Ертең үйге қамалып, бір адамның алдында ғана өмір сүру ер азамат үшін ақырет сияқты болып көрінеді. Олай емес екен. Қазақтың әдімі сөзі бар, «Бір жастықта қартайыңдар» деген. ...Жұбайың сөзіңді құптауы үшін қасыңда көп болуы керек. Отбасы болғанымызға көп емес, 17 жыл болды. Бірақ маған кеше ғана сияқты», - дейді әнші.

Әнші Бейбіт Сейдуалиева отбасындағы береке-бірлікті, тұрақтылықты сақтау алдымен әйелге байланысты деп есептейді.

«Барлығы әйел адамға байланысты деп ойлаймын. Әйел адам үйдегі шуды шығармай, тігісін жатқызып, жаманды жасырып, жақсыны асырып, шыдамдылықты, төзімділікті, ақылдылықты көрсетсе, барлығын сақтап қалады», - дейді әнші өнер иесі.