Технология • 18 Наурыз, 2024

Су үнемдейтін қондырғы

190 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде егістік алқаптары­ның 70 па­йызы су көзде­ріне зәру. Суару құрыл­ғы­ларының тозығы жетіп, заманауи су үнемдеу технологиялары көптеген шаруа қожалықтары үшін қолжетімсіз болып отыр. Satbayev University ғалым­дары әзірлеген технология суармалы ай­мақтардағы осындай мә­се­лені шешуге ықпал етеді. Топы­рақты құр­ғақшылықтан, тозудан сақтайды.

Су үнемдейтін қондырғы

Университет ғалымдары, гидрогеолог Виталий Кулагин және доктор Рhd Аида Исмағұлованың жетекшілігімен іске асқан жоба аясында жайылым және егістік алқаптарында су үнемдейтін техно­логиялардың көмегімен жо­ғары өнімділікке қол жеткі­зуге болады. Ғалымдар су тап­шы­лығының алдын алу үшін маневрлі насос­ты қондырғыны пайдаланады. Бұл қондырғылар стандартты емес су көздері ар­қы­лы қолданылады. Қазіргі кезде ғалымдар әзірлемелерін тәжірибеде сынақтан өткізді. Мұн­дай қондырғыны толыққанды пай­­да­лану су тапшылығы өріс алған аймақтарда егін егіп, мал өсі­ріп, жайылымдық аумақтарды көбей­туге ықпал етеді.

«Судың жетіспеуінен туындайтын қауіп-қатердің алдын алуда жемшөп дақылдары көп өсірілетін маңға резервтік қоймаларды орналастыру жұ­мыстары жүргізілді. Мұн­дай су қорлары қатты құр­ғақ­­шы­­­лық кезінде таптырмай­тын әдіс. Бағдарлама мал-азық­тық да­қылдарды өндіруде суды үнем­дейтін технологияларды қол­дануды көздейді. Жоба Алматы облысындағы Алға ауылында тамшылатып суару бойынша қанат­қақты жоба негізінде жүзеге асты. Жобаны іске асыру барысында еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнді­ретін жайылымдық және жер ресурстарының деградациясына байланысты мәселелердің өзектілігі және күрделілігі негізге алынып отыр. Деградацияға ұшы­ра­ған жерлер қазіргі уақытта жер ресурстарының 70 пайызын құрайды. Яғни республиканың жалпы аумағының шамамен үштен екі бөлігін алып жатыр. Шөлейттену мен жер тозуының экономикалық салдары ауыл шаруашылығы дақыл­дарының өнімділігі мен өсім­дік шаруа­шылығы өнімдер көлемі­нің, жемшөп қорының және мал шаруашылығы өнімділігінің төмен­­деуіне, мал басының азаюына соқтырды. Соның кесірінен рес­публиканың жал­пы эконо­микалық шығынын БҰҰДБ сарапшы­лары 93 миллиард теңгеге бағалап отыр», дейді жас ғалым Аида Исмағұлова.

Ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалану бағдарламасы біріншіден, ирригациялық инфра­құрылымды қалпына кел­тіру мен 2040 жылға қарай су ысырабын 45-тен 20 пайыз­ға дейін төмендету, екінші­ден, осы мерзімге қарай шаруашылықтардың 80 пайызын сумен қамтамасыз етуде бақылау-өлшеу аспаптарын орнату және суды бөлу үрдісін автоматтандыру, үшіншіден, топырақ өңдеудің заманауи әдістерін енгізуді қамти­ды. Бұған қоса 2025 жылға қарай ықтимал алқаптардың 50 пайызына, ал 2040 жылға қарай алқаптардың 30 пайызына мүм­кін­дігінше ауылшаруашылық дақыл­дарын егу, сондай-ақ 80 пайызға дейін суды үнемдейтін суару технологияларын енгізуді, суды көп қажет ететін егістік ал­қап­тарын қадағалау міндеті тұр. Аймақтарда баста­уын таудан алатын бұлақтарды, сонымен бірге жазықты кесіп өтетін көптеген өзеннің аңғарларында, сондай-ақ аллювийлік желдеткіштер бойымен ағып жатқан бұлақтарды жоғары тиімділікпен қолдануды қазіргі кезде ғалымдар басты назарға алып отыр.

 

АЛМАТЫ