Пікір • 18 Наурыз, 2024

Өңірлік ғылым – өңірді дамыту үшін

69 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қоғамның даму қарқынын ғылым мен білімнің даму деңгейі анықтайды. Оны біз алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тәжірибесінен анық көріп отырмыз. Олай болса, қоғамдағы ғылым мен білім саласына қалыптасып қалған көзқарасымызды түбегейлі өзгертуіміз керек.

Өңірлік ғылым – өңірді дамыту үшін

Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдарында біз отандық ғылым­ды ұйымдастырудың заманауи жүйесін құра алмадық. Осы уақытқа дейін мемлекеттік орган­дар жұмысының негізгі қағидаты жылдам жеңістерге және жоғары жаққа табысты есеп беру үшін тез нәтижелерге қол жеткізу болды. Мемлекеттің басты басым­дықтарынан тысқары қалған отан­дық ғылым мұндай жағдайда, әрине, тиісті түрде дами алмады.

Қоғамда «Қазіргі заманның Сәтбаевтары, Мар­ғұ­ландары, Есеновтері қайда?» деген са­уал туындап отыр. Егер қажетті технологияларды шетелден сатып аламыз деп, жылдар бойы өз ғалымдарымызды мойындамасақ, егер бізде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру дамыған елдерге қарағанда 10, 20 және 30 есе аз болса, олар қайдан пайда болмақ?

Кейінгі уақытта ғана ғалым­дар­ға тиісті назар аударыла бастады. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бастамасымен елімізде ғылым мен білім беруді дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп келеді. Енді біз ғылымды дамыту стра­те­гиясын дұрыс құруымыз керек. Ол басқа елдердегідей экономиканы дамытуға бағытталған шын мә­нін­де прагматикалық болуға тиіс.

Бұл ретте Ұлттық ғылым академиясына ерекше рөл беріледі. Ол ғалымдардың үстінен қарайтын тағы бір әкімшілікке айналмауы керек. Оның өзіндік бірегей миссиясы мен пайымы бар, ол – тәуелсіз ұсы­ныстарын беретін автономды, бе­делді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу және ғылымды бас­­қару саласында жіберілген жүйе­лік олқылықтардың орнын толтыру.

Ең алдымен ғылыми зерттеу­лердің басым бағыттарын дұ­рыс анықтау қажет. Өкінішке қарай, біздің дамыған елдерден айырмашылығымыз басым бағыттар көбіне елдің қажет­ті­лігіне емес, ғалымдардың мүм­кіндігіне негізделген. Осыған байланысты академия базасында экономиканың, ғылымның нақты жай-күйімен және ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтерін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесі енгізіледі.

Екіншіден, конкурстық негіз­де­ қаржыландырудың үшжыл­­дық кезеңімен ғылымның бар­лық бағытына қолданылатын шаб­лондық тәсіл ғылымда, әсіресе іргелі зерттеулер саласында­ нәти­женің төмендеуіне әкеліп соқты. Осы уақытқа дейін Қазақ­станда заманауи базалық құзыреттерді дамытуға ықпал ететін және қолданбалы әзірлемелердің тиім­ділігін арттыруға негіз болатын, елдің зияткерлік әлеуетін тұрақты түрде қамтамасыз ететін іргелі (фундаменталды) ғылым үшін тиісті жағдай жасалмады. Сондықтан біз іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру форматын түбегейлі өзгертуіміз қажет.

Сонымен қатар академия жетекші ғалымдармен бірлесіп, іргелі негіздерді қалыптастырудан бас­тап практикалық қолдануға дейінгі барлық аспектіні қамтитын, тігінен интеграцияланған нысанда құрылатын заманауи цифр­лық және геномдық технология­ларды пайдалана отырып, ел дамуының маңызды әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған ірі пәнара­лық мегажобаларды іске асыруға ұсыныстар енгізеді.

Қазір біз осындай бес стра­тегиялық маңызды бағдар­ла­­маны әзірлеуді бастадық. Мәсе­лен, әлемге танымал ғалым, ака­де­мияның вице-президенті Дос Сарбасовтың жетекшілігімен елі­мізде ауыл шаруашылығындағы заманауи биотехнологияны дамыту жөніндегі жобаны дайындау бас­талды. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді.

Үшіншіден, ауқымды аумағы бар елімізде экономиканы тең­ге­рімді түрде дамыту үшін өңірлік ғылымды дамыту өте маңызды. Технологиялық дамыған елдер табысының құпиясы неде? Мысалы, АҚШ-тың әр штатында дерлік ірі зерттеу университеттері бар, олар сол өңірдің экономикасын дамытудың инновациялық орталығы, «ми хабы» болып саналады. Бұл жұмысты тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады.

Ал бізде жағдай мүлдем басқа. Ғалымдар өңірдегі мәселелерді білмейді, ал өңірлер ғалымдардың мүмкіндігінен хабарсыз. Тіпті көп әкімдікте ғылыми салаға жауапты мамандар да жоқ.

Бұл мәселені шешу үшін академия өңірлік университеттер мен ғылыми зерттеу институтта­рын жан-жақты қолдайды. Қажет бол­ған жағдайда ака­де­мия мүше­лері мен шетелдік серік­тес­­терді тарта отырып, өңір­лер үшін ғылы­ми зерттеулерді дұрыс ұйым­­дас­тыруға көмектеседі. Бұл жұ­мысты өңір­лік университеттер базасында облыс әкімі орын­баса­ры­ның бас­шылығымен Ғылым және те­х­но­логиялық даму жөнін­дегі ке­ңесті құрудан бастауды ұсы­на­мыз. Кеңес құрамына жетекші ға­лым­дар, академиктер, қоғамдық ұйым­­д­ардың, ірі кәсіпорындар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіреді. Кеңестер өңірлердегі өзекті мә­се­­ле­­лерді анықтап, оларды ше­шу­­­д­ің қолайлы параметрлерін ұсы­нады.

Өңірде ғылымды дамыту жөнін­дегі жұмыс көрсеткіштерін әкім­дер­­дің рейтингіне қосу қажет. Бұл жо­ба­ны өзара іс-қимылға дайын әкім­­дермен, 2–3 облыс мысалында қа­­нат­қақты режімде бастауды ұсынамыз.

Академияның бұл «Өңірлік ғы­лым – өңірлер үшін» атты бас­та­ма­сы – ғылым саласындағы праг­ма­­тикалық тәсілдің мысалы. Бұл ғы­лыми, ғылыми-техникалық сая­сат­­тағы жүйелі «олқылықтың» орнын толтырып, ғылымды прак­ти­ка­­­ға және нақты өндіріске жақын­да­­тып, осылайша елдің ғылыми-тех­­­но­логиялық әлеуетін нығайта оты­­рып, өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуына мүм­кін­дік береді. Жұмыстың тағы бір ерекшелігі, біз өзгерістерді әдет­те­гі­дей жоға­ры­дан төменге емес, тө­мен­нен, яғни дұрыс бастап отырмыз.

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

ҰҒА басқарма президенті