Спорт • 20 Наурыз, 2024

Жарыс күнделігі

21 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Швейцарияның Айроло қаласында өткен фристайл-акробатикадан өткен Еуропа кубогінің кезеңдік сайысында Шерзод Хаширбаев бас жүлдені олжалады. Қазақстанның спортшысы 96,93 ұпай жиды. Күміс медальды украиналық Максим Кузнецов (94, 82 ұпай) иеленсе, швейцариялық Пир­мин Вернер (93, 99 ұпай) қолаға қол созды. Бұған дейін Хаширбаев дәл осы жарыста екі рет жүлдегерлер қатарынан көрінген еді.

Жарыс күнделігі
  • 19 сәуірде Алматыда аралас жекпе-жектен OCTAGON 57 турнирі өтеді. Оған еліміз­дің және бірқатар шет мемлекеттен келген спортшылар қатысады. Кештің басты бәсе­кесінде Сүндет Айтқұл (7-1) мен Хайтао Ти (14-5) күш сынасады. Қандасымыз үшін бұл айқастың оңайға соқпайтыны анық. Өйт­кені Қытай файтері өте қарулы. Ол өзінің 14 жеңісінің барлығында қарсыласын есінен тандырды. Сондай-ақ Дамир Төленов пен Цю Лунның бәсе­кесі көрермендер көңілінен шы­ғады деген ойдамыз.
  • 2024 жылдың 10-15 қыр­күйек аралығында өтетін теннистен Дэвис кубогінің топтық турнирін қабылдайтын қалалар анықталды. Бұл бәсекелердің шымылдығы Италияның Бо­лонья, Ұлыбританияның Ман­честер, Испанияның Вален­сия және Қытайдың Чжухай шаһарларында түріледі. Ал аталған жарыстың жеребе тарту рәсімі 19 наурызда өтеді.
  • Қазақтың танымал жекпе-жек шебері Олжас Есқараев Бахрейннің BRAVE CF про­моутерлік компаниясымен келі­сім­шартқа отырды. Азия бойынша үздіктердің бірі саналатын ұйымда өнер көрсету үшін әр спортшы үшін үлкен мәртебе. Мәселен, кезінде BRAVE CF-да күш сынасқан Асу Алмабаев бұл күндері UFC-де табысты өнер көрсетуде.
  • Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Бешикташ» клу­бының жартылай қорғаушысы Бақтиер Зайнутдинов Түркия чемпионатында өнер көрсететін бұрынғы посткеңестік елдер ара­сындағы ең құнды ойыншы болып танылды. Transfermarkt порталының мәліметінше, жер­лесіміздің трансферлік құны 6 миллион еуроны құрайды. Екін­ші және үшінші орындарда – «Кайсериспордың» жартылай қорғаушысы, өзбекстандық Ота­бек Шүкіров (2,5 млн) пен «Хатайспордың» шабуылшысы, әзербайжандық Ренат Дадашов (2 млн). Ал Түркия суперлигасында «Адана Демирспордың» намысын қорғап жүрген Қазақ­станның тағы танымал бір аяқдоп шебері Абат Айымбетов 800 мың еуроға бағаланды.