Айбын • 20 Наурыз, 2024

Ақжайықтан – 600 сарбаз

331 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл наурыз бен маусым аралығында Батыс Қазақстан облысынан Отан алдындағы әскери борышын өтеуге 600 жас жігіт шақырылады.

Ақжайықтан – 600 сарбаз

Батыс Қазақстан облыстық Қор­ға­ныс істері жөніндегі департамент бас­шы­сының орынбасары, подполковник Альберт Бек­мұханов әскерге шақыру пункт­терінде қалалық және аудан­­­дық әскерге шақыру комиссиялары жұмысын бастағанын хабарлады.

Қолданыстағы заңға сәй­кес, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан боса­тылуға негізі жоқ 18 жастан 27 жасқа дейінгі Қазақстан Рес­пуб­­ликасының азаматтары мер­зiмдi әскери қызметін өтеуге міндетті. Облыста 30 маусымға дейін Қарулы күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, Ұлттық ұлан және Мемлекеттік қызмет қатарына 600-ден астам жас шақырылмақ.

– Қорғаныс министрлігі жас жігіт­тер­дің әскери қыз­метін өткеруге ынта­лан­ды­руға бағытталған ұсыныстар әзірлеп, жүзеге асырып жатыр. Мысалы, мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде несиелік каникул беру, әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген соң ҰБТ-ға қатыспай жоғарғы оқу орындарына түсу сияқты жеңілдіктер қарастырылған, – дейді Альберт Маркистұлы.

вап

Бұған қоса жыл аяғына дейін Қазақ­стан Республикасы Үкі­метінің қаулысына сәй­кес еліміздің түрлі әскери құ­ры­­­лымдарына 700 лейтенант келуге тиіс. «Сондықтан кейінге қалдыруға негізі жоқ 29 жасқа дейінгі запастағы әскерилер, 32 жасқа дейінгі меди­цина мамандығы бар запас­та­ғы офицерлер де әскерге шақы­рылады», дейді подполковник А.Бекмұханов.

Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесіп жатқан шекаралық өңір. Сондықтан жастар арасында шекара қызметі де жақсы танымал. ҰҚК Шекара қызметі БҚО департаменті басшысының орынбасары, подполковник Мереке Аймағанбетовтің айтуынша, былтыр өңірден 115 сарбаз шекара қызметін таңдаған.

– Біздің облыстан шекара қызметіне шақырылған жас сарбаздар әуелі Алматы қаласында және Алматы облысында шекара басқармаларында 2 ай оқып, Атырау мен Маңғыстау облыстарында әскери қызметін өтейтін болады. Орта, арнайы және жоғары білімі бар сарбаздар 6 айдан кейін келісім шарт бойынша тұрақты жұмысқа орналаса алады. Ол үшін арнайы тексерістен және әскери медициналық тек­серістен өтуі керек. Былтыр біздің шекара қызметіне шақырылған 115 азаматтың 35-і келісімшарт арқылы жұмысқа орналасты. Оларға ай сайын 46 098 теңге тұрғын үй төлемақысы, 240 мың теңгеден жоғары айлық жалақы төленеді. Тегін киім және тамақпен қамтамасыз етіледі, – дейді М.Аймағанбетов.

Бір қуанарлығы, кейінгі жыл­дары әскер қатарына шақы­рылған оралдық жастардың денсаулығында оң өзгеріс бар екен. «Бұрын жастарда жүрек, құлақ, көз аурулары, хирургиялық сырқаттар жиі тіркелетін. 2023 жылғы әскери медициналық комиссиялар нәтижесі 2021-2022 жылдарға қарағанда әскер қатарына денсаулығы жарамай қалған жастардың саны азайғанын көрсетті», дейді А.Бекмұханов.

Әрине, елді, жерді қорғау әр азаматтың қасиетті борышы екені сөзсіз. Осынау әскери қызметтің абыройын асырып, жастар арасында насихаттау ісіне Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімі де барынша үлес қосып отыр. Бүгінде еліміздің әр аума­ғынан келген 400-ге жуық азамат Ұлттық ұланға қарасты 5517 әскери бөлімінде Отан ал­дын­­дағы борышын орындап, үл­кен өмір мектебінен өтіп жатыр.

– Жастардың бойында пат­риот­тық сезімді ояту мақсатында біздің әскери құрылымдар аянбай еңбек етіп келеді. Әсіресе Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы көптеген іс-шара өткізіп жүр. Әскери бөлімдер­дегі ашық есік күндері, мектеп оқушыларына арналған үгіт-насихат жұмыс­тары, басқа да іс-шаралар осы­ның айғағы, – дейді «Батыс» Өңір­лік қолбасшы­лы­ғы Баспасөз қыз­ме­тінің офицер тілшісі, лейтенант Бақдәулет Манарбек.

Мысалы, жақында 5517 әске­ри бөлімнің тәрбие және әлеу­­меттік-құқықтық жұмыс жөнін­дегі бөлімше қызметкерлері №19 орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, Ұлт­тық ұлан академиясына­ оқуға шақырды. Кездесуде әскери қызметтің қыр-сыры, Отан қорғау жолында абыройға бөленген аға ұрпақтың өнегелі істері айтылды.

Ал Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарас­ты 5517 әскери бөлімінде өт­кен «Ашық есік күні» атты іс-шараға Орал қаласындағы мек­тептердің жоғары сынып оқу­шы­лары қызыға келді. Олар бөлім­дегі әскери техникамен, қару-жарақ түрлерімен таныс­ты. Мұндай жиын­дар өскелең ұр­пақ­тың әскери-патриоттық се­зі­мін күшейтіп, жастар арасын­да Ұлттық ұланның имид­жін кө­те­рері сөзсіз дейді ұйым­дас­ты­­ру­шы­лар.

 

Батыс Қазақстан облысы