Руханият • 20 Наурыз, 2024

Наурыздың «Ақ желкені»

248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ақ желкен» республикалық балалар мен жасөспірімдер жур­налының наурыз айындағы саны Наурыз мейрамына және Фа­риза Оңғарсынованың 85 жыл­­дығына арналды.

Наурыздың «Ақ желкені»

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын мерекелеуге жаңаша көзқарас қажет екенін атап өтті. Осыған орай жаңа нөмірде журнал бетінде Наурыз мейрамына қарасты ғылыми ізденіс пен батыл болжам берілді. Журнал қызметкері, жас жазушы Досхан Жылқыбай «Наурыз батыр және түйе жылы» мақаласында қазақы та­нымды ғылыми пайыммен шебер байланыстыра баяндап, табиғи катаклизмдер себебін халық фольклоры мен аңыздардан іздейді. Сондай-ақ Досхан «Күн мен түннің теңелуі» атты екінші мақаласында қазақ халқының аспан әлемін, табиғи құбылыстарды нәзік түсіне отырып, күн райын ғана емес, адамзат болашағын да сергек пайымдағанын нақты деректер арқылы сипаттайды.

«Ақ желкен» журналын 1978-2000 жылдар аралығында 20 жыл бойы басқарған, басылымның «Пио­нер» деген атауын «Ақ желкен» деп өз­герткен қазақтың қабырғалы қа­ламгері, поэзия патшайымы Фариза Оң­ғарсынованың туғанына биыл 85 жыл толады. Осы мерейлі датаға орай журнал бетінде ақын жайлы әдемі естеліктер, сүбелі сұхбаттар, ғы­­лыми мақалалар жарық көрді. Пар­ламент қабырғасында Фариза апаймен иықтаса қызмет істеген қоғам қайраткері Ирак Елекеевтің, ақынның соңғы демі шығарда жанында бірге болған Зибагүл Кемелдің, қаламгердің курстасы Қадыр Жүсіптің естеліктері жан тебірентеді. Ақынның қызметтес шәкірттері Бейсенбай Сүлейменов, Бекзат Омаров, Сәкен Сыбанбай, Бауыржан Ғұбайдуллин, Дария Тала­пова естеліктерінде Фариза бей­несі адамгершілік, мейірім, кісі­лік сипатынан ерекше ашылады. Ақын­дар Оңайгүл Тұржан мен Елена Әбдіхалықова Оңғарсынова өлеңде­рін жаңаша талдайды. Қазақ жерінде ақын атын алған мектептердің тыныс-тіршілігі де журнал бетінде кеңінен көрініс тапты.

Өткен жылы «Ақ желкен» жур­налы оқырмандар арасында «Қай­та­ланбас сәт» фотобайқауын ұйым­дастырып, жыл соңында бес жеңім­пазға бағалы сыйлықтар ұсынған еді. Биыл да сол дәстүр жалғасын табады. Басылым наурыз айындағы санынан бастап «Қазақтың нар тұл­ға­лары» викторинасын жария­ла­ды. Әр нөмірде жыл соңына дейін ме­рей­тойлары аталып өтетін қазақ ­хал­қының асыл перзенттері Қ.Сәтбаев, Ш.Айманов, Б.Соқпақбаев, Ж.Айма­уыт­ұлы, Ә.Қастеев, т.б. өмір жолы мен шығармашылығына арналып 10 сұрақтан тұратын 10 викторина беріледі. Ең көп ұпай жинаған бес оқырманға бағалы сыйлықтар, атаулы дипломдар табыс етіледі. Биыл да байқауға Ғ.Құлахмет атын­дағы қоғамдық қор мен MED365 ком­паниясы демеушілік көрсете­ді. Наурыз айындағы викторина Ф.Оңғар­сыноваға арналып, жас оқыр­ман­дар­ға поэзия патшайымы­ның өмір жолы, шығармашылығы, жур­налистік қызметі туралы 10 сұрақ қойылды.

«Ақ желкеннің» шыға бастаға­ны­на 2025 жылы 100 жыл толады. Бір ғасыр бойы қазақ балаларының сенімді серігі, ақылшы досы, тұр­ғылас-сырласы болып келе жатқан басылым алдағы уақытта да оқыр­ман­дармен етене тыныстап, заманауи тақырыптардың барлығын қамтып, әр жасөспірімнің есігін қағып тұруға тырысады.