Ғылым • 20 Наурыз, 2024

«500 ғалым» тағылымдамасы тиімді ме?

85 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Отандық ғылымды дамыту мақсатында игі жобалар жүзеге асып жатыр. Соның бірі – «500 ғалым» тағылымдамасы. Бұл бағдарлама аясында жыл сайын 500 ғалым үздік шетелдік ұйымдарда тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады. Бірақ сол тағылымдама стипендиаттарының саны алғашқы жылдан-ақ 500-ге жетпей қалды. Себебі неде? Талаптары қиын ба, стипендия аз ба, жоқ әлде біздегі ұйымдар қызметкерлері біліктілігін арттыруға құлықсыз ба? Тереңіне үңіліп, сараптап көрдік.

«500 ғалым» тағылымдамасы тиімді ме?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бірінші жылы 419 адам стипендиат атанды

Оқырманға түсінікті болу үшін алдымен аталған бағдар­лама жөнінде түсіндіре кетейік. «500 ғалым» бағдарламасы ғалымдарға шетелдік ғылыми және жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында 3-12 айға дейінгі тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік береді, сонымен қатар осы арқылы олардың біліктілігін арттыруға бағытталған. Бұл жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмасынан соң қолға алынып, 2021 жылдан бастап іске аса бастады.

Алғашқы жылы ғылыми тағылым­дамаға 786 ғалымнан өтініш түскен, соның ішінде стипендия 419 адамға тағайындалды. Аталған бағдарламаны үйлестіруге жауапты «Болашақ» халық­аралық бағдарламалар орталығының дерегіне сүйенсек, сол іріктелген 419 сти­пендиаттың 357-сі – жоғары оқу орын­дарының, 31-і – ғылыми-зерт­теу институттарының, 28-і – басқа ұйым­дардың қызметкері.

Бағдарлама бас­талғаннан бергі 3 жыл­­да, анығы 2021-2023 жылдар ара­лы­ғында үміткерлер­ден іріктеліп, стипендиат атанғандар­дың саны 1 225-ті құрайды. Бұл дегені­ңіз – жылына 400 адамның айнала­сы. Негізінен аталған тағылымдама 134 мамандық бойынша қарастырыл­ған. Ең жиі таңдала­тын бағыттарға инже­нерлік, жаратылыс­тану, әлеуметтік ғы­лымдар саласын­дағы, сондай-ақ ақпа­раттық-коммуникация­лық техно­логиялар, медицина, білім беру, агро­өнеркәсіптік кешен саласы жатады. Ғылыми тағылымдама иесі үшін визаны ресімдеу, тұру, тамақтану, меди­циналық сақтандыру, тіпті арнайы ғы­лыми әдебиеттерді сатып алуға де­йін­гі шығындар республикалық бюджет есебінен толық төленеді. Негізгі талаптың бірі стипендиаттың шетелде ғылыми тағылымдамадан өткеннен ке­йін жұмыс берушінің өтініші бойынша та­ғылымдамадан өтуге жіберілген ұйым­да кемінде 3 жыл үздіксіз еңбек етіп, жұмыспен өтеуге міндеттелетінінде болып отыр. Бәлкім, үміткерлерге осы талап орындауға қиындау соғатын шығар.

 

Ғылыми туризмге айналып кетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық зерттеу университетіне қарасты Биомедицина ғылыми зерттеу орта­лы­ғының директоры Әлібек Ыдырысұлы 2022-2023 жылдар аралығында Амери­ка­дағы «George Washington Univer­sity»-де «Білім берудегі менедж­мент» мамандығы бойынша тағылымдама­­дан өтіп келген. Кейіпкеріміз тағылым­да­маның берері көп екенін, соның ішін­де кәсіби өсуге айрықша мүмкіндік бер­генін айтады.

– Тағылымдамада жүрген бір жыл мен үшін шығармашылық, зерттеу тұр­ғысынан өрлеу болды. Сол біржыл­дық жұ­­мыстың нәтижесінде «Қазақстан­­ның ғылыми жарияланымдарының саны мен сапасын талдау» тақырыбын­да­ғы жобамды сәтті қорғап, Web of science және Scopus базасына 9 мақала, Ғы­лым комитеті тізіміндегі журналдарда 4 мақала жариялап, 3 ғылыми жобаны конкурсқа өткіздім, соның ішіндегі бі­реуі қаржыландыруға ие болды. Тағы­лым­дамадан алған тәжірибенің әлі де пайдасы тиіп жатыр. Мұның бәрі – бір жыл бойы АҚШ-тың білім және ғылым жүйесінің тарихы, мақсат-міндеттері, жұмыс істеу механизмдері, білім беру мекемелерінің және осы салаға қатысты ұйымдардың қызметімен танысып, арнайы шақырылған профессорлардан дәріс тыңдап, жеке жобаларымызды қорғап жүріп жинаған тәжірибенің нәтижесі. Осыған қоса Америкада тұру арқылы ондағы халықтың ішкі мәде­ниетін де сіңіруге мүмкіндік туды. Айталық, олардағы саяси, қоғамдық жүйенің жұмыс істеу механизмі жеке адамдардың құқығы, шығармашылық жасампаздығын негізге ала отырып қалып­тасқанын түсіндім. Олар әлемдегі «ақылды да іскер» мамандарды жо­ғары жалақы, тиімді жағдай жасау арқылы өзіне тартады. Осы тұрғыдан алғанда, тағылымдаманың бізге алдымен бергені «санадағы сілкініс» деуге болады. Бұл дегеніміз – батыс жасағанды біз де жасай аламыз, тек Әлихан Бөкей­хан­ айтқандай, мінез болса жеткілікті, – дейді Ә.Ыдырысұлы.

Ал стипендиаттар санының жыл са­йынғы толық 500-ге жетпеуіне, Ә.Ыдырыс­ұлының пікірінше, тіл мәсе­лесі себеп болып жатыр. Өйткені бағдар­ламаның талабы бойынша талапкер шет тілін білуі керек. Біздегі көптеген институт пен университет ғалымдары бұл жағынан ақсап тұр. Екіншіден, шетелдік ынтымақтастық мәселесі бар. Шетелге барғысы келетіндер баратын жер таппайды, жеке байланыс болмағандықтан, шетелдік жетекші ғылыми орталықтар «өздеріне белгісіз» адамдарды қабылдай бермейді. Үшінші мәселе, әрине, қаржыға тіреледі, бізде шетелге барғысы келетін ғалымдардың отбасы, жас балалары бар. Олар отбасымен бірге кеткісі келеді, ал «Болашақ» стипендиясы отбасына емес, тек сти­пендиатқа жетеді. Сол себепті көп ғалым отбасын тастап, тағылымдамаға бару­ға жүрексінеді. Себебі алысқа отбасы­мен барса, қаржыға байланысты ғы­лыми зерттеуге мүмкіндік азайып, қосымша жұмыс істеуге мәжбүр болады.

– Меніңше, «500 ғалым» деген жобаны «Жетекші 100 ғалым» деп өзгерту керек. Себебі «500 ғалым» бойынша аз уақытқа барып, халық пен билік күткен нәтижені беріп жатқандар өте аз, көбіне «ғылыми туризмге» айна­лып кетті. Мәселен, мемлекет бір ға­лымның тағылымдамадағы барлық шығыны үшін орташа 40-50 миллион теңге жұмсайды, соңында «сертифи­кат» қана талап етіледі. Оның үстіне 3 ай, ­6 ай, 1 жыл тағылымдама уақыты өте аз. Бұл барып танысуға ғана жетеді. Дайын материал немесе жобаңыз бол­маса, бұл аралықта нәтиже алу тым қиын. Сондықтан қаржыны 500 ға­лымға емес, жетекші 100 ғалымды ке­мінде 3-5 жылға жіберуге жұмсау керек, оларға қаржылық жағынан қи­нал­майтындай жағдай жасап берген жөн. Елге қайтып келетін­дей келісімшарт­қа отырып, келген соң қажетті зертха­насын, құрал-жабдығын алып бе­ріп, жағ­дайын жасасақ, сонда нәтиже шы­ғады. Мысалы, Дос Сарбасов, Нұршат Нұражы, Тұрсынжан Тоқай секілді ғалымдар шетелде ұзақ уақыт тұрып кел­ді, қазір жемісті жұмыс істеп жатыр. Біз осы тәжірибеге сүйенуіміз керек, – дейді Ә.Ыдырысұлы.

 

Тұрақты табыс есептелмесе

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Бейнелеу өнер және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, магистр Ғаділбек Әлжанов та үміткер­лер көп болғанымен, стипендиаттар саны­ның аз болуын тіл білу мәселесімен байланыстырады. Бірақ жоғарыдағы әріптесіндей емес, қаржының жеткілікті екенін жеткізді.

– «500 ғалым» жобасы аясында Түр­кияның Анталия қаласындағы Ақ­дениз университетінде «Арт-менедж­мент» мамандығы бойынша ғы­лыми та­ғылымдамадан өттім. Тағы­лым­дама барысында өнердегі менедж­мент­тің тиімді әдістерін, атап айт­қан­да, ха­лық­аралық симпозиумдарды, кон­фе­ренцияларды, көрмелерді т.б. өнер сала­сындағы ауқымды іс-шара­­ларды ұйымдастыру және басқа­руды мең­гер­дім. Негізі «Болашақ» халықара­лық бағдарламалар орталығы ұсынған (тиіс­ті деңгейде шетел тілін білу, ғылы­ми жаңа­шылдық және оны жүзеге асы­ру) ере­желер мен талаптарға сай бол­саңыз, аса қиын емес. Стипендия әр ел­дің экономикалық деңгейіне қарай беріледі, менің жағдайымда жеткілікті болды. Меніңше, орталықтың бір талабына ғана өзгеріс енгізуге болатындай. Мысалы, ғылымға жаңа келген жас ғалымдардың жұмыс өтіліне (яғни қызметі үш жылдан кем емес) қарамаса дұрыс еді. Бағ­дарламаның үміткерлерге қойылатын талабы бойын­ша соңғы тұрақты табысы 12 айға толмаса, өтінімін қабылда­май­­ды. Және бала күтіміне байланысты дема­лыс­тан кейін жұмысқа шыққан ғалым­дарға декреттік демалысында зейнет­ақы қорына қаражат тиісті мөлшерде түспегендіктен есепке алынбайды. Сол себепті декреттік демалысындағы үш жылы да еңбек өтіліне, тұрақты табыс­қа есептелмей, мұндай үміткерлер­дің өтінімі қабыл­данбай қалады. Осы талап жолға қойыл­ғаны дұрыс еді, – деді Ғ.Әлжанов. Оның сөзіне қарағанда, танысының ба­сында болғандай, үш жыл докторантурада оқып, зейнетақы қоры­на тиісті қаржы түспегендіктен, еңбек өтілі бол­май, тағылымдамаға бара алмады. Екінші бір куә болғаны, декрет­тік демалыс­тан жұмысқа қосылған ғалым­ның да зейнетақы қорына ақша ауда­рыл­мағандықтан, еңбек өтілі жоқ есебі сана­лып, шетелде тағылымдамадан өту мүм­кіндігінен айырылып қалыпты. Осыған орай декреттік демалыстағы және докторантурадағы уақыт еңбек өтіліне жаратылса, тұрақты табыс есептелмесе, көп үміткерге жақсы мүмкіндік болатын секілді.

P.S. Тағылымдама стипендиаттарының ойынан, ұсынысынан ұққанымыздай, бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін әлі де түзететін тұстары бар екен. Түзетуді саннан гөрі енді сапаға көшуден бастаған барлық жағынан жемісті болатындай көрінеді. Бұлай деуімізге негіз де бар, өйткені үміткерлердің әр жылдағы орташа саны 600-ден ғана асады, бір орынға екі адам да таласпайды, яғни конкурс жоқ.