Шаруашылық • 20 Наурыз, 2024

Мал ауруын емдеу назардан тыс қалмасын

213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел аймақтарында үй және шағын фермерлік қожалықтарда мал басын сақтау, азықтандыру, оларды ветеринарлық-гигиеналық күтіп-баптау оңай емес. Әсіресе қыс көзі қырауда жемшөппен қамтамасыз етумен бірге малшылар үшін жұқпалы аурудың алдын алу мен емдеу үлкен қиындық туғызады. Ал көктемге әзер жеткен көтерем малдың жағдайы тым ауыр. Себебі жемшөптің аздығы ғана емес, орталықтан қашық елді мекендерде ветеринарлық пункттердің, мамандардың тапшылығы, дәрі-дәрмектің қолжетімсіздігімен тығыз байланысты.

Мал ауруын емдеу назардан тыс қалмасын

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ветеринария ғылымдары­ның докторы, профессор Еркін Қасымов ұлан-байтақ жеріміз­де ветеринарлық қызметтің қа­лай жүзеге асқандығы, жұқ­па­лы­­ аурулардан қазіргі жағдайы, олар­дың қандай жаңа түрі бар екені­не қатысты мәселелерді ор­та­ға салды. Профессордың ­айтуын­­­ша, халқымыз ежелден жыл мез­гі­лімен жайылым ауысты­ру, та­­би­­ғатқа бейімді, өнімді мал ­тұ­­қы­­мын жетілдіру, малды ағын су­да ғана суару, жаз айында қи ойып, мал қораларын желдету, са­нациялау сияқты санитарлық шараларды орындап, аса қауіп­ті аусыл, топалаң, күл, кебенек сияқты инфекцияларға қарсы күрес шараларының ғасырлық мол тәжірибесін қолданып келген. Мысалы, аусылмен ауы­рып жазылған сиырдың ауыз қуы­сында, тұяқ арасында жа­рылған күл­діреуіктерді таяққа орал­ған матамен ысқылау ар­қы­лы, сау малға жұқтырмай, ін­­дет­тің алдын алған. Кейіннен вак­­ци­нациялаудың бұл тәсі­лін 1798 ағылшын ғалымы Эдуард Дженер шешекке қар­сы қол­данған. Топалаң анық­тал­ған­да жұртты жаңарту, өлек­сені өртеу, індет ошағында ұзақ жыл­­дар бойы мал жайлау ша­­­ра­­лары қолданылған. Ал Ұлы­британия ғалымы Марлсон 1861 жылы «Жерорта» теңізі­нің «Маль­­та» аралында ағылшын әс­кер­лерінің дене қызуы оқ­тын-оқтын көтеріліп ауырғанда, олар­дың ешкі сүтін ішкені себеп болған. Содан «Мальта без­гегі» ауру қоздырушысын ал­ғаш анықтаған ғалым D.Bruce аты­мен 1929 жылы «бруцел­лез» деп аталды. Осылайша, ағыл­шын ғалымдарынан бұрын ба­бала­рымыз бруцеллезді «ешкі без­гегі» деп атап, сүтін қайнатып ішкен. Қазақтар жұқпалы ауруларды оларда байқалатын нақты клиникалық белгілері бойынша, мысалы, жамандат, топалаң, сіреспе, бұзаутаз, қарасан, ешкі безгегі, шірік бақай, қара сүйел деп нақты анықтаған.

Бүгінгі күні бруцеллез ел аймақ­­тарында белең алып, мал ша­­руашылығын дамытуға елеулі кедергі келтіріп отыр. Профес­сор Е.Қасымов бұл зоонозды індеттің адам денсаулығына да өте зиян екенін алға тартты. Про­фессор осы орайда мал бру­цел­лезіне қарсы күрес ша­ра­ларының тиімділігін арттыруға байланысты монографияларын басшылыққа алып, осы ғы­­лыми еңбектерде індетті емдеу, ауру анықталған жағдайда, індет ошағынан қысқа мерзімде алыс­тау жүйесіне қатысты зерт­теулерін тәжірибеде қолдану ар­қылы бірнеше ауқымды ірі қара шаруашылықтары, елді мекендер бір жыл аралығында бруцеллезден толық сауыққандығын алға тартты.

– Бүгінде Түркияның «Bayer», «Topсim» фирмалары өндіретін жоғары сапалы экто және эндо паразиттерге қарсы «Байтикол», «Байкенатокс», «Ивомек» препараттары еліміздің Абай және Алматы облыстарында қышы­ма індетіне қарсы қолданылып келеді. Оның ерекшелігі препарат теріге сіңбей, сыртында ғана ұзақ мерзімде сақталады. Егер дәріленген отарға сырттан мал қосылатын болса, тікелей жанасу арқылы оларды да эктопаразиттер тудыратын қышыма ауруынан сақтандырады. Аталған препараттар экологиялық тұрғыда таза, оларды қолданғаннан ке­йін малдың етін жеуге шектеу қойылмайды. Әрине, «Bayer» фир­масы препаратының қолда­нылуы жеңіл әрі Қытай, Үндістан елдерінен тасымалданып, бүгін­де елімізде қолданылып жүрген неоцидол сияқты аналогтері­нен сапасы да жоғары. Деген­мен бағасы да арзан тұрмайтын мұндай препараттарды сатып алу шаруашылыққа едәуір сал­мақ түсіреді. Сондықтан індет­ке қарсы арнайы шараларды ұйым­дас­тыруда сапалы вакцина­лар­ды, экто және эндо паразит­терге қар­сы қолданылатын препа­рат­­тар­­­ды елімізде өндіру уақыт күт­тір­­мей­ді. Мысалы, оба, топалаң, құты­рық, аусыл, елеу­­сіз ғана бо­лып келетін тұ­мау­дың, тіпті адам­ның, мал­дың емес, құс тұмауы­ның өзі дүние­жүзін сергелдең­ге сала­ты­ны белгілі. Сондық­тан «Эмер­гентті инфекция­лар» деп атал­ған бұл аурулардың қауіп-қа­терін бағамдап, алдын алу үшін арнайы мамандар даяр­­лап, ғылыми зерттеу жүргізу қа­жет. Мұндай зерттеулердің нәтижелері вете­ринариядағы жетістіктер мен жаңа­ бағыт­ты қалыптастыра­ты­ны анық. Елімізде бруцеллезді емдеу­ге қатысты ғылыми жобаларға, төрт түлік малды кешенді зерт­теу­лерге бюджеттен үлкен қаржы бөлініп келеді. Алайда қара­жат көздері мақсатсыз жұмсалып отыр, – дейді Е.Қасымов.

Профессордың пікірінше, соң­ғы қабылданған «Бруцеллез бойынша ветеринарлық іс-ша­раларды жүргізу тәртібі» то­лығымен халықаралық ереже­лерге негізделген. Бірақ бұл ережелер тек ұсынымдық сипатта ғана болғандықтан, оны әр ел өз қалауына қарай іске асы­рып келеді. Бүгінде бруцеллездің ін­деттік ахуалы тоқырау жылда­ры­на қарағанда айтарлық­тай жақсар­ды. Дегенмен 2019 жылы қабыл­дан­ған жаңа құжат­та, өкінішке қарай, негізгі ереже­лер бұрынғы, яғни 1999 бекітіл­ген ережелерден түрлі себепке бай­ланысты өзгертіліп, ел­іміз­дің індеттік жағдайы, вак­ци­налардың кең түрде қолда­ны­луы ескерілмей қалған. Соны­­мен бірге жаңа тәртіптегі ереже­лер­­­де арнайы терминология­­да көп­те­­­ген кемшілік кездеседі. Бұдан ­бас­қа, шекараны қорғау жөнін­дегі ­шаралар, транзиттік бақылау ­талабы көрсетілмеген. Адамдардың денсаулығын осы қауіпті инфекциядан қорғау­да іс-шаралар қамтылмай, халық­ара­лық нормалар бойынша індет­тің алдын алу шаралары жа­зыл­­май қалған. Бруцеллез – елі­міз­дің мал шаруашылығын дамытуға үлкен кедергі келтіріп отыр­ған әрі әлеуметтік тұрғыдан ерекше мән беріп қарайтын жұқ­па­лы ауру түрі. Сондықтан мал бру­целлезінен арылу үшін арнайы ұлт­тық бағдарлама қабыл­дануы қажет.

 

АЛМАТЫ