Ұлттық спорт • 20 Наурыз, 2024

«Ұлы дала жорығының» рухани мәні зор

94 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының аясында Ұлттық спорт қауым­дастығының мүшесі – «Joryq» ат спорты федерациясының мұрындық болуы­мен елеулі іс-шара өтеді. Ол – биыл үшінші рет ұйымдастырылатын «Ұлы дала жорығы» республикалық марафоны. Ұлттық спорт күні қарсаңында осы жо­баның авторы Бақытжан ТҰРЛЫБЕКОВПЕН арнайы кездесіп, рес­пуб­ликалық іріктеу жарысына дайындық барысы туралы әңгімелескен едік.

«Ұлы дала жорығының» рухани мәні зор

– Бақытжан Жұмағалиұлы, «Ұлы дала жорығы» екі жыл қатарынан жоғары деңгейде өтті. Бұл жобаға Мем­лекет басшысы да бағасын берді. Елі­мізде ұзақ қашықтыққа марафон өткізу ­идеясы қалай пайда болды?

– 2005 жылы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын оқыдым. Ол кезде студент едім. Осы романда су­рет­телгендей, Торғай даласындағы Кене­сары хан ордасына жаушы келіп, Қоқан бектерінің Созақта адам өлтіріп, ел­дің малын тартып алып, қазақтарға қыз са­лығын салып, айуандық жасап жат­қанын айтады. Мұны естіген хан 4 мың әскер жинап, жолға шығады. Сөй­тіп, Ілияс Есенберлиннің жазуынша, Кене­сары әскері небәрі бір жұманың ішін­де Торғайдан Созаққа жетіп барады. Осы­ны оқығаннан кейін маған «неге осы ара­лықты атпен жүріп өтпеске?» деген ой келді. Ойды ой қозғап, ақыры біз үш салт атты 2019 жылы 20 сәуірде – «бес­қонақтың» соңғы күні Торғай даласынан Созаққа шығып кеттік. Созаққа 11 күн дегенде жеттік. Сапардың өз қиын­дықтары болды. Алайда жалпы мақсат орындалды.

ап

Содан сапарды тәмамдап, Астанаға келген соң біраз лауазым иелеріне марафон туралы идеямды айттым. Бұл ұсынысым 2022 жылы қолдау тапты. Жоба Мәдениет және спорт министрлігінің, Amanat партиясының, «Altyn Qyran Foundaution» қоғамдық қорының басшы­сы, белгілі меценат Исламбек Салжа­новтың қолдауымен алғаш рет жүзеге асты. Ендеше, осы идея негізінде «Көш­пенділер» трилогиясы жатыр деп айтуға әбден болады.

«JORYQ» ат спорты федерациясының жұмысы жүйелі болу үшін Қамқоршылар кеңесін құрдық. Кеңестің барлық өңірден 20-дан астам мүшесі бар. Төрағасы – жобаның басы-қасында жүрген Әлібек Әлденей деген азамат.

Марафон-бәйгенің тұсауын Мемлекет басшысының құттықтау хатымен Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов кесті. Бұл іс-шара 2022 жылы 17 қыркүйекте Астана қаласындағы «Қазанат» атшабарында ұйымдастырылды. Шараға 3 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

«Ұлы дала жорығының» астарында рухани мән бар. Оны әлемдегі ең мықты жыл­қы тұқымын анықтайтын далалық зертхана десек болады. Бұл – мәселенің ұлт­тық жағы. Енді маршрутына тоқталсақ, әуелі алғашқы марафонды Торғайдан Созақ­қа дейінгі аралықта өткізуді жоспар­лап едік. Кейінірек Астана мен Түркістанның арасында өтетін болып шешілді. Астана – елорда болса, Түркістан – елдің рухани астанасы. Ал бұл ұлт руханиятына жол тарту, бет бұру дегенді білдіреді.

Бұл жерде марафонның бір мақсаты – қазақтың қазанатын іріктеп шығарып, оны әуелі өзімізге, содан кейін әлемге дә­лел­деп көрсету. Кезінде қазақты аттан тү­сіру саясаты жүргенін білесіздер. Қазір біз бұрын жойылып кеткен жылқының тұқы­мын қайтып шығарып жатырмыз. Бұл да – мара­фонның негізгі мақсаттарының бірі. Екін­шіден, біз ұлы өркениеттің мұ­рагеріміз. Осыны марафон арқылы жас­тар­дың санасына сіңіруді мақсат етіп отырмыз.

2022 жылы ұйымдастырылғанда, оның ұзақтығы 1 200 шақырым болды. Сол жылы 18-29 қыркүйек аралығында 19 өңірден жиналған 19 команда Астанадан Түркістан қаласына дейін күніне 100 шақырымнан жүріп отырып, мәреге 12 күнде жетті. Марафонға қатысушылар түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ, Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы мен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға зиярат етті. 2022 жылы Адай жылқысынан жасақталған Маңғыстау облысының құрама командасы бас жүлдені жеңіп алды. Нәтижесінде, Мемлекет басшысы «Адай» жылқысын ұлттық бренд деп жариялағанын өздеріңіз білесіздер.

– Атбегілер марафонға толық да­йын болды ма? Сосын ұйымдастыру мәселесін айта кетсеңіз, қан­дай қиын­дықтар кездесті?

– Елімізде «Ұлы дала жорығы» сияқты көпкүндік жарыс бұрын-соңды болмаған. Моңғолияда «Шыңғысханның пошташысы» деген мың шақырымдық марафон бар. Онда 40 шақырымда ат ауыстырады. Ал біз марафонда күніне 100 шақырымды жүріп өту керек деген шарт қойдық. Бұл шабандозға да, жылқыға да өте тиімді болды. Оған төрт түліктің төресі мүлдем қиналмады. Мысалы, таңертең сағат 07:00-де стартты бастасақ, сағат 12:00-ге дейін 50 шақырымды, яғни 5 сағатта, сағатына 10 шақырымды бағындыру керек. Көп командалар бұл қашықтықты 3 сағатқа да жеткізбей, қиналмай бағындырып жатты. Одан кейін 2-3 сағат демалып, жемшөбін беріп, суын ішкізіп, сағат 14:00-де қайта жолға шығып, тағы 50 ша­қырымды ереже бойынша 19:00-ге дейін бағындырады. Содан кейін жылқы таңғы 07:00-ге дейін демалып, жемшөбін жеп, қажетті дәруменін алады.

Алайда бірінші марафонда біраз атбегі кәдімгідей қиналып қалды. Олар алғашында марафонды бәйге деп түсін­ді. Мысалы, атбегілер «ат шауып келе жатқанда су бермеу керек, түйіліп, ауыр­са, өліп қалады» дейтін. Шетелден алдыртқан мал дәрігерлері бұл әңгімені жоққа шығарды. Біз мамандарды Ресей, Беларусь елдерінен шақырттық. Олар – ұзақ қашықтық жарысында жұмыс істеген тәжірибелі мамандар. Міне, солар атбегілерге ат шауып келген соң су ішіп, әрі қарай шауып кетсе ештеңе болмайтынын түсіндірді.

Жарыста болған тағы бір қиындық – кейбір атбегі білместіктен семіз аттарын алып келді. Қысқасы, бірінші марафонда ат баптау қиын болды. Екінші сайыста осы проблеманың бәрі ескерілді.

2023 жылғы марафонның ұзақтығы 1 300 шақырым болды. Ол 6 қыркүйекте басталып, марафоншылар мәреге 19 қыр­күйекте жетті. Аттар күніне 100 шақырым жүріп отырды. Бұл жолы Созақ даласы арқылы емес, Қызылорда қаласының маңынан өттік.

Қысқаша айтқанда, екі жылда сәтті жүзеге асқан «Ұлы дала жорығы» жобасы жеке ат спорты түрі ретінде биыл күзде­ V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары­ның қарсаңында ұйымдастырылатын болып шешілді.

– Биыл бұл іс-шара халықаралық деңгейде өткізіледі екен. Оған қазір қан­дай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр? Бірнеше елдің елшісімен кездесіпсіз. Осы туралы айтып берсеңіз.

– Иә, биыл «Ұлы дала жорығы» жоба­сының екі үлкен марафонын өткі­зуді жоспарлап отырмыз. Біріншісі – респуб­ликалық іріктеу марафоны. Екіншісі – ха­лықаралық жарыс. Республикалық марафон Петропавлдағы Абылай ханның ақ үйінен басталып, Астана маңындағы ежелгі Бозоқ қонысына дейінгі аралықта болады. Арақашықтығы – 500 шақырым. 12-17 мамырға жоспарланып отыр. Яғни күніне – 100 шақырым. Осы іріктеуде мәреге алғашқы болып жеткен үш команда күзде халықаралық бәйгеге қатысады. Ол сайыс Астанада 2-7 қыркүйекте өтетін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары қарсаңында болады.

Республикалық марафонда 17 облыс пен үш мегаполистің командалары бақ сынайды. Бәйге Көкшетау мен Бурабай­ды басып өтіп, Астанаға дейін барады. Оның жүлде қоры күзде болатын бәйге­ден аз. Бірінші орынға 15 млн теңге, екін­ші орынға 10 млн теңге, ал үшінші орынға 5 млн теңге беріледі.

Қазір біз Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Иран, Түркия, Мажарстан, Сауд Арабиясының елші­лерімен кездестік. Енді Қатардың, Бірік­кен Араб Әмірліктерінің, Әзербайжан мен Тәжікстанның дипломаттарымен кездесу жоспарланып отыр. Сонда жалпы алғанда халықаралық марафонға 15 елдің өкілдері қатысады деп күтіліп отыр. Оның ішінде Қостанай мен Адай жылқысы іріктеуден өтсе, марафонға қатысады.

– Халықаралық марафонның мар­шруты қалай болады?

– Марафон Ботай қонысынан бас­талады. Біздің Ботай қонысын таңда­ға­нымыздың себебі – жер-жүзіне жылқы­ның тұяғымен тараған өркениеттің осы өңір­ден басталғанын көрсету.

Жақында «JORYQ» ат спорты федерациясы белгілі саясаткер Ерлан Каналимов басқаратын Астана қалалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясымен меморандумға отырды. Ол екі федерация арасындағы әріптестікті, ынтымақтастықты нығайтуды және ат спортын дамыту мен танымалдығын арттыруды көздейді. Біз ат спортын тиім­ді дамытуға бағытталған бастамаларға бірігіп қолдау көрсетуге келістік. Елор­дада ашық аспан астында Ботай мәде­ниеті музейін ұйымдастыру және қала­дағы шағын саябақтың бірінде Ботай жыл­қысына ескерткіш орнату бойынша бірлесіп жұмыс атқаруды да жоспарлап отырмыз.

Биылғы марафонда Ботай мәдение­тінің орнаменттері айшықталып, жарысқа қаты­сушылардың киімдері ұлттық ою-өрнектермен безендіріледі.

– Жарыс халықаралық деңгейде өтетіндіктен, талап та жоғары болуға тиіс. Бұл туралы не айтасыз?

– Марафон – командалық жарыс. Бұл жерде біріншіден, ауызбіршілік керек. Ата-бабамыз ұзақ жолға шыққанда сапарла­сын жолда қалдырмаған. Жанындағы адамға қарайласу, атын жетектеп, мінгестіру деген болған. Жарысқа қатысушылар осы­ның бәрін білуі керек. Сосын команда ретін­де саналуы үшін бес аттың кемінде үшеуі мәре сызығын кесуге тиіс.

Сондай-ақ ветеринар дәрігердің аттарды алдын ала тексеріп, жүрек соғысына, жалпы күйіне (жылқы қаны құрамындағы судың деңгейі, температурасы, аяқ алысы) мән беруі де назарда болады. Тексеру талаптарынан өтпеген тұлпар міндетті түрде жарыстан шығарылады.

Сонымен қатар халықаралық дода­ның жүлде қоры да қомақты болмақ. Жеңім­паз командаға 100 мың, екінші орын алған командаға 70 мың, үшінші орын иеленгенге 50 мың АҚШ доллары табыс етіледі.

Ең бастысы, Қостанай және Адай жыл­­қыларының тұқымдары әлемге әйгілі Араб, Ақалтеке, Қарабайыр, Иран сәйгү­ліктерімен бәсекеге түседі.

– Жарыста шабандоздар, жыл­қы­лар жарақат алып қалмауы үшін медици­налық және ветеринарлық сақтан­ды­румен қамтамасыз етіле ме?

– Біз екі жыл қатарынан жылқылар­дың жемшөбін, суын, тұзын, дәруменін уақытында дайындап беріп жүрміз. Кейбір аймақтың атбегілері жылқыға жемшөпті өздері береді. Қатысушыларды әр 15-20 шақырым сайын мал-дәрігерлер мен су көлігі күтіп тұрады. Адамдарға биодәретхана, биодуш жасап, суларды жылытып беріп, бәрін реттеп отырдық.

Марафонға қатысушы адамның сақ­тандыру полисі болады. Ол міндетті түрде керек. Ал жылқының ветеринар берген анықтамасы болуы керек. Аттарда чип те болады. Ветеринар жылқының күйін тексеріп отырады. Жоғарыда айтып өтке­німдей, аттың жүрегі қатты соқса, қызуы көтерілсе жарысқа қатыстырылмайды. Талап өте қатаң.

– Марафонға әйелдер қызығушылық білдіре ме? Олар да бәйгеден қалыс қал­майтын шығар?

– 2023 жылы жарысқа Ақмола облысынан қыздар командасы шықты. Олар ер адамдардан қалмай, 500 шақырым жүрді. Ал биыл атбегілер қыздарды Қостанай жылқыларына мінгіземіз деп отыр.

«JORYQ» ат спорты федерациясы аттарды ұзақ сапарға дайындау тәсілін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне қосқысы келеді. Осы бағыттағы жұмысты бастап кеттік. Кезінде ата-бабаларымыз жылқыны ұзақ жолға баптау әдісін тұрмыста кеңінен қолданды. Ол бізге ата-бабадан мирас болып, тарам-тарам ұрпақ арқылы жетті. Бұл тәсілді ғалымдар да зерттейді. Ол туралы материалдар да шығады. Археологтер мен тарихшылар да осы тәсілді зерттеуге де кірісіп кетті.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ

«Egemen Qazaqstan»