Қоғам • 20 Наурыз, 2024

Тіл үйренушілерге – Наурызкөже

89 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанай облысының тілдерді оқыту орталықтары Наурызнаманың Ұлттық киім күнін өзгеше мазмұнда атап өтті. Қызылды-жасылды зерлі шапан, оқалы бешпент, жағалы тон дейсіз бе, әйтеуір сайын далаға сән берген Қыз Жібектің көшіндей малына киініп алған кіл жастар жергілікті этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен тіл үйренушілердің басын қосып, наурызкөже берді.

Тіл үйренушілерге – Наурызкөже

Мерекелік іс-шараға қаты­сушылар Атырауда өткен Ұлт­тық құрылтайда көтерілген мәсе­лелерді тілге тиек етіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл үйрету мәселесі төңірегінде айт­қан пайымды пікіріне қолдау білдірді.

«Мемлекет басшысы тіл мә­селесінде құр байбаламнан гөрі, нақты іс қажет екенін дөп басып айтты. Мәселен, облыста 20 тіл оқыту орталығы жұмыс істейді. Олар тек мемлекеттік тілді емес, ағылшын тілін, этнос өкілдерінің ана тілін оқытады. Рудныйдағы қан­дастардың қалауымен орыс тілі де оқытылып жатыр. Бір қуантарлығы, біздің ор­талық­тарға өз еркімен келіп, мем­ле­­кет­т­ік тілді үйренемін деуші­лердің саны жылдан-жылға артып келеді. Биыл біз 800-ден аса тыңдаушыға мемлекеттік тілді үйретіп жатырмыз. Мұның сыртында, әр ауданда, әр қалада «Сөйле Time» клубы бар. Бұл клуб еркін форматта жұмыс істейді. Клуб мүшелері, мысалы, музейге барып, сол жер­дегі жәдігерлермен танысады. Музей қызметкерлеріне қазақ­ша сұрақ қойып, нақты бір жә­дігердің атауын, тарихын түсі­ніп, білуге тырысады. Қа­зақ театрына барып спектакль көріп, кейін одан кімнің не тү­сінгенін талқылаймыз. Дүкен, базарларға барып, сауда жасаймыз. 2022 жылдың сәуір айынан бері «ҚазРетро» клубы құрылып, сол арқылы егде кісілерге де қазақ тілін үйретіп жатырмыз. Бұл клубта қазір үш топ бар. Біз былтырдан бастап облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп үлкен бір жоба бастадық. Бұл жобаның міндеті – емхана, аурухана қызметкерлерінің жұмысын жеңілдету және атал­ған салада кездесіп жататын тілдік кедергілердің, осыған байланысты туындайтын түрлі келеңсіздіктің алдын алу. Біз денсаулық сақтау саласына қатысты терминдер мен сөз тіркестерін QR-кодқа салдық. Қажет болған жағдайда, емдеу мекемесінің қызметкері ке­лу­шілермен осы QR-кодтың көмегімен тілдесіп, түсінісе алады. Мысалы, тіркеу бөлімінде отырған кісі тіл білмейтін болып шықса, жаңағы QR-ды ашады да, «Сәлеметсіз бе? Сіз қай дәрігерге келдіңіз? Терапевт сағат 10.30-дан бастап қабылдайды. Қа­зір 3 адам кезекте тұр», деген сияқ­ты күнделікті қарым-қаты­насқа қажет қарапайым сөз қолда­ныс­тарын пайдалана алады», дейді облыстық «Тілдарын» тіл­дерді оқыту орталығының басшысы Тоты Айтмағамбетова.

Мерекелік алаңға төрт ауылға бөлініп, төрт отау тіккен тіл мамандары қонақтарына қазақ халқының бүгінде тұрмыстан тыс қалып, ұмытылып бара жатқан салт-жоралғысын көрсетіп, дә­ріп­теді. Мысалы, Ахмет ауылы сахналаған «Деңгене» көрінісінде ауқатты үйдің біріне ат басын тіреген 2-3 бозбала отағасынан деңгене сұрайды. Деңгененің шарты қызық: үй иесi бiр семiз қой сойып, етін түгелдей қазанға салады. Ал жігіттер қазанның түбінде бір түйір ет қалдырмай, сорпасымен қосып iшiп-жеп кетуi керек. Қонақтар алдына келген асты тауысса, қойдың құны сұраусыз, тауыса алмаса, айыбына үйдің керегесіне екi қой байлап кетеді. Ахмет ауылына келген 3 сері жабылып, бір қойдың етін тауыса алмай, көпшілікті күлкіге қарық қылып, екі қой айыбын төледі де, жөндеріне кетті.

Ақ бидай ауылы құдалық, құда түсу кезінде жасалатын «қамшы ілу» жоралғысын, Ұлы дала ауылы «біз шаншар» дәстүрін, Қыдыр ата ауылы «ерулік» дәстүрін көрсетті.

«Бүгін өңірдегі тіл орта­лық­тарының бәрі бас қосып, ұлттық киім киіп қана қоймай, қазақтың тілін, салт-дәстүрін наси­хаттап жатырмыз. Басты мақсат – Ұлыстың ұлы күні қар­саңында тіл үйрету орта­лық­тарында білім алып жат­қан тыңдаушыларымызға қа­зақ­тың қонақжай пейілін көрсе­тіп, наурызкөже беру. Со­ны­­мен қатар ұлттық салт-дәс­түр­лерімізді көрсетіп жатырмыз. Тыңдаушылар бүгінгі көріністерді құр тамашалап қа­на қоймай, мерекеден кейінгі сабақтарда осы іс-шарада көрген-білгенін тарқатып әңгімелейді, сұрақтарға жауап береді. Кейін­гі жылдары өзге этнос өкіл­де­рінің мемлекеттік тілді үйре­нуге деген ынтасы ар­тып келе жатқанын айта кету керек. Қазір бұрынғыдай міндет­темейміз. Мемлекеттік қызмет­шілер де, қарапайым тұрғындар да тіл үйрету курстарына өздері келіп жазылып, оқып жатыр. Қазақ тілін насихаттап жүрген өзге ұлт өкілдері де бар. Соның бірі – Виктория Дорошкова. Вика тілді біздің орталықтан үйреніп шықты. Қазір Астанадағы Еура­зия университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойын­ша білім алып жатыр», дейді Рудный қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы Жанат Досыбаева.

Мерекелік іс-шараның соңын­да тыңдаушылар мен ұлт­тық ор­талықтардың өкіл­дері сөз алып, орталық қызмет­керлеріне риза­шылық білдіріп, Наурыз мере­кесімен құттықтады.

«Мен өмір бойы қазақ халқы­ның ортасында тұрып келемін. Наурыз Башқұртстанның оң­түстік және оңтүстік-шы­ғыс өңір­лерінде ғана сақтал­ған. Қа­зақ, башқұрт халықтарын­да Наурызды қарсы алудың ұқсас­тықтары да, айырмашылық­тары да бар. Наурыз күні башқұрт жастары үйді-үйді аралап, қария­лардан бата сұрайды. Наурыз күні туылған ұл-қыздарға Наурызбай, Наурызбике деп ат қойған. Қазақтар наурызкөже дайындаса, башқұрттар карга буткахын, яғни қарға ботқасын пісіреді. Бұл тағам да жеті дәмнен тұрады. Мереке күні ауылда үлкен қазан көтеріледі. Оған үйді-үйден тары, бидай, арпа, жүгері, жұмыртқа әкеп салады да, сүт, май қосып қайнатады. Дастарқанға бәліш, бауырсақ, құймақ, жұмсақ нан, қымыз, сары май, ірімшік, чак-чак қойылады. Жұрт тамақтанып болған соң, қалған ботқаны құс қонатын жерлерге қойып, қарға асату рәсімін бастайды. Көпшілік ән айтып, би билейді. Ұлттық ойын­дар ойналады. Біз бауырлас халықтармыз. Мысалы, менің анам қыпшақ, әкем табын руынан», дейді «Азаттық» башқұрт этномәдени бірлестігінің өкілі Фәрзана Бикешова.

 

Қостанай облысы