Мирас • 20 Наурыз, 2024

Құсбегі қасиеті

396 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлтымыздың рухын асқақтататын жеті қазынаның бірі – құсбегілік. Қолына қыран бүркіт қондырып, саятшылықты кәсіп еткен Қуаныш Мұхамедұлы ерте жастан тазы ертіп, құмай баулыған. Бұл көне кәсіп атасы, майдангер Бәйітбай Исабековтен дарыған.

Құсбегі қасиеті

«28 гвардияшы-панфиловшы­лардың сапында жауға қарсы ер­лік көрсеткен атам бір көз, бір аяғы­нан жараланып, елге ора­ла­ды. Келген соң кеңшарда мал баға жүріп, құмай тазылар асы­раған екен. Біз ес білгелі боса­ға­мыз­дан құмай тазы үзілген емес. Кейін өсе келе әкем Мұха­мед­тен саятшылықтың қыр-сы­рын меңгеріп, сол арқылы туған жер­дің табиғатын сүйіп өсуді үйрендік», дейді құсбегі Қуаныш Мұхамедұлы.

А

Атадан балаға жалғасқан өнер­ді жаңғырту мақсатында әке­сі Мұхамед Исабеков 1999 жы­лы «Саятшы» клубын құрған. Сөй­тіп, ұлттық өнердің өрісін кеңей­туге қадам жасайды.

«2000 жылы әкем мені Ал­маты қаласында тұратын әйгілі құс­бегі, халықаралық дәрежедегі төреші Әбілхақ Тұрлыбаев деген бүркітші ақсақалға ертіп апарып, сол кісіге шәкірт болуымның негізін қалап берді. Құсбегіліктен ұстазым – Әбілхақ ақсақал. Ол кісіден бүркітшілік, жалпы құс­бегілік өнердің қыр-сырына қа­нықтым. Бүркіт ұстағанға дейін бала кезімде қырғи, жағалтай, қар­шы­ға сияқты ұсақ құстарды бау­лып жүрдім. 2003 жылы Жебе атты балапан қаршығаммен Есік қаласында өткен құсбегілер жарысында бас жүлде алдым. Бұл менің алғашқы жетістігім еді. Осы жарыста әкемнің інісі Бекмұхан Исабеков те Дауылқара атты балапан бүркітпен бас жүлдені қанжығалады. Бүркітшілер әуле­­тінің екі бірдей бәйгеге ие болуы естен кетпестей әсер қал­дырды. Дүбірлі жарыстың қона­ғы болған әнші Рамазан Стам­­ғазиевтің орындауындағы «Да­риға-дәурен» әнінің бейнебаянына сол қыран құстарымызбен түстік», деп еске алады құсбегі.

Саятшылар мекеніне айнал­ған Нұра аулында 2003 жыл­дың қазан айында өнер жанашыры Мұхамед Исабековтің мұрындық болуымен елімізде тұңғыш рет «Жеті қазына» құсбегілер мұ­ра­жайы ашылған еді. Содан бері мұражай жұмысы үздіксіз жалғасып келеді.

Саят құрып қана қоймай, оны халыққа танытуда құсбегілер үлкен тәуекелге барады. Бай­рақты бәсекелерде бақ сынауға бел буады. Сөйтіп, 2007 жылы ағайынды Мұхамед, Бекмұхан Исабековтер мен атақты бүркіт­шілер Әбілхақ Тұрлыбаев, Сейіт­жан Байжүнісұлы бастаған қазақ құсбегілері Англияда өт­кен байқауға қатысып, 36 мем­ле­кеттің ішінен топ жарып, 1-орын алып, ел мерейін тасыт­қаны белгілі. Одан кейінгі жылы «жетіқазыналықтар» Қырғыз­станда өткен халықара­лық құсбе­гілер жарысында да коман­да бойынша бас жүлдеге ие болғанын ұмытқан жоқпыз.

Даңқы шартарапқа танылған құсбегілер халықтық өнерді өз­ге елдерде насихаттаудан жа­лық­паған. Нәтижесінде, Бек­мұ­хан Исабеков Мажарстан мем­лекетіне барып, құсбегілікті на­си­хаттау арқылы сол елдің құр­метті азаматы атанады.

«2010 жылы Данияр Дәу­кеев ағамызбен бірге Фран­цияның астанасы Париж қа­ласында өткен қазақы төбет және қыран бүркітті насихаттайтын көрмеде  өз өнерімді көрсеттім. Одан кейінгі жылдары да елімізде өт­кен көптеген жарыстың жеңім­пазы атандық», деген Қуа­ныш Мұхамедұлы Түркістан қала­сындағы Қожа Ахмет Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің тарих фа­­­культетін тәмамдаған. Ди­плом жетекшісі археология ғы­­­лы­­­м­дарының докторы, профессор Мадияр Елеуовтің жетек­шілі­гімен «Қазақстандағы құс­бегі­лік өнердің зерттелу тарихы» деген тақырыпта «өте жақсы» бағаға қорғаған еңбегі Бабақұмар Хи­наятұлының бастамасымен бірі­гіп, «Саятшылық» атты кітап­қа басылып шығады.

Ұлтымыздың өшпес мұрасы – құсбегілік өнердің ұлттық спортқа еніп, өз алдына федерация құрылып, жанданып келе жатқанына қуанышты құсбегі атакәсіпке жастардың қызығушылығы басым екенін айтады. Алақанына қондырып аялаған Ақжелкен, Байқоңыр, Жұлдыз, Тұран атты қыран бүр­кіттерді баулыған кәсіби құсбегі еңбегінің еш кетпей, жеңіс туын талай мәрте желбіреткеніне әр кез шүкіршілік етеді.

 

Алматы облысы