Пікір • 19 Наурыз, 2024

Озық ой кітап оқумен дамиды

45 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ежелден Құрылтай елдіктің үлкен мәселесін шешетін жиын ретінде белгілі. Өйткені осындай отырыс бабалар дәстүрін жаңғыртуға жол ашып, жаңа идеялардың қалыптасуына, қоғамдағы келелі істердің жүзеге асуына септігін тигізіп отырған. Кейінгі жылдары бабалар ұстанған осы жолды қайта жаңғырттық.

Озық ой кітап оқумен дамиды

Фото: aikyn.kz

Атырауда өткен басқосуда елі­мізді дамытуға қатысты ма­ңызды бастамалар көтеріліп, жаңа идеялар қалыптасып, жаңа бағыттар айқындалады. Құ­рыл­тайдың ерекшелігі де сол, айтылған сөз айтылған жерде қалмайтынын көрсетіп келеді.

Ұлытаудағы Құрылтайда 42 бастама, Түркістандағы оты­­рыста 100 ұсыныс назарға алын­­ды. Құрылтайдың үшінші басқосуында Президентіміз олардың 80 пайыздан астамы жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі, «Ауыл – ел бесігі» мен Балалар кітапханасын құру, Ясауи мұражайына ұлттық мәр­тебе беру, «Қазақстанның халық жазу­шысы» атағының қайта оралғаны дер едім.

Кеше ғана Алтын Орданың бағзы астанасының бірі – Са­рай­шықта, қазіргі Атырауда үшінші Құрылтай өтті. Мұнда да Құрылтай мүшелері ой-пікір­лерін ортаға салып, мемле­кетімізге пайдалы деген маңыз­ды мәселелерді талқылады. Бұл жолғы Құрылтайда Президент баян­дамасында назарға ұстай­тын өзекті мәселе – елді ұйыта­тын үлкен рухани-мәдени жобаларды қолға алумен қатар, халықтың береке-бірлігіне баса назар аударылды. Елге жөн көрсетіп, сөзге тоқтататын аға буын, зиялы қауым мен қаламгерлер, өнер адамдарының ел ішінде іріткі тудыратын емес, ауыз­бірлікке үндейтін сөз айтып, жол көр­сетуі керектігін атап өтті. «Өспейтін елдің баласы болып, өнбейтін дауды қумайық, ел бірлігін ны­ғай­­та­тын әңгіме айтқан жөн», деді.

Мемлекет басшысы осы сөз­дерді Қазақстан Жазушылар одағының мү­ше­­леріне қаратып айтқандай әсер етті. Был­тырдан бері қаламгерлердің қоғамда қайтадан мерейі өсіп, жазған еңбектері оқырманына жетіп, орталарына үлкен ой салып, ха­лықтың назарын аударып жүр.

Президент ел назарында жүр­ген қа­зақ тілінің бизнес пен тех­никаның тіліне айналып келе жатқанын, тілі­міздің аясын ке­ңей­ту жолын сөз­бен емес, іспен атқару керегін ескер­тіп, былтыр құрылған «Qazaq tili Endowment» қорына көмек қолын соз­ған кә­сіп­керлеріне ризашылық біл­дірді.

Ұлттық құрылтайда Прези­дент әр­дайым кітап ісі, кітап оқу, кітапхана тура­лы өзекті ойларын айтып отыра­ды. Түр­кістанда ба­лалар кітапханасын жасау­ды қолға алуды тапсырса, биыл Алматы мен Астанада көп ұза­май тәулік бойы жұмыс істей­тін кітапханалар салынатынын айтып қуантты. Түркия елін­де студенттерге арналған Пре­зидент кітапханасындағы корпустарының алдынан тегін автобус­тар қатынайды екен. Түскі, кешкі асты тегін ішіп, түнге де­йін қалып ізденіп оқып жүрген жастар өз білімін жетіл­діріп, ізденіп, болашаққа ұм­тылады. Қайтарда да кітап­хана алдында тұрған тегін автобусқа мініп жатақханасына барады. Осындай үлгіні Президент бізге де қолға алу керек­тігін айтты.

«Кітап күні» атты мереке белгі­ле­нетіні де үлкен мін­­берден айтылды. Қоғам­да кітап оқу мәдениетін қалып­тас­­тыруды тапсырды. Қазір кітап оқымайды дейтіндер көп. Алайда ата-аналардың балаларымен бірге кітап дүкендерінде жүргенін жиі көремін. «Ауылдан шыққан миллионер», «Бір­туар» кітаптарым оқырманнан оң баға­сын алды. Сон­дықтан балаға таза, ақ көңіл­мен шығарма жазсақ, оқиды. Мемлекет басшысы Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін баса айтып, елдің жаңару қағидаттарын ұсынды.

 

Сәуле ДОСЖАН,

Ұлттық құрылтай мүшесі