Үкімет • 20 Наурыз, 2024

Қала мен ауыл алшақтығы азаяды

50 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл аумақтарын дамыту мәселесі қаралды. Отырыста салықтық және кедендік әкімшілендіру, цифрландыру шараларын жетілдіру мәселелері күн тәртібіне қойылды.

Қала мен ауыл алшақтығы азаяды

Фото: primeminister.kz

Ауылды дамыту бағдары айқындалды

Отырыста Премьер-министрдің орын­басары – Ұлттық экономика ми­нистрі Нұрлан Байбазаров ауылдық жер­лерді дамытудың ағымдағы жай-күйі туралы баяндама жасады. Вице-премьердің айтуынша, бүгінде елімізде 6 256 ауылдық елді мекен бар. Оларда 7,6 млн азамат, яғни халықтың 38,4%-ы тұрады.

2019-2023 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1,8 мың ауылдық елді мекенде 524 млрд теңге сомасына 5,4 мың жоба іске асырылған. Нақты есепте 85 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынды. Оған 10,5 млрд теңгеге 1,8 мың медициналық техника сатып алынған. Бұлармен бірге 120 өрт сөндіру бекеті құрылды. «Wi-Fi HotSpot» технологиясы бойынша 176 ауыл интернетке қосылған. Ал тиісті орындарға маман тарту үшін «Дипломмен ауылға» жобасы аясында бюджеттік несие мөлшері 1,5 мыңнан 2,5 мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайтылыпты.

Үкімет басшысы әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайтынын айтты. Сөйтіп, өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойды. Нысандар мен қызметтердің нақты тізбесі осы жүйеде қамтылған. Тізбеде жазылған игіліктердің барлығы әрбір елді мекенде болуға тиіс.

«Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы. Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды нысандар. Оларға айрықша назар аударылуы қажет», деді О.Бектенов.

Оған қоса, стандарттар жүйесін басқа бағдарламалық құжаттармен, соның ішінде ұлттық жобалармен өзара үй­лестіруді тапсырды. Мектептердің апат­ты жағдайда болуынан, денсаулық сақ­тау мекемесінің жарамсыздығынан кей­бір ауыл тұрғындары жақсы меди­цина­лық қызмет және сапалы білім алу үшін басқа елді мекендерге баруға мәжбүр.

«Ауылдарда ауызсу мен жол сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыс жағдайына және интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші. Сондықтан әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек», деді Үкімет басшысы.

Осы міндеттерді кезең-кезеңімен шешу үшін Үкімет салықтардың және бюджетке түсетін төлемдердің кейбір түрін ауылдық округтердің бюджетіне беруді жалғастыратынын айтып, маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бизнес субъектілерін тартудың маңыздылығын атап өтті. Бірқатар өңірде жақсы мысал бар. Мәселен, былтыр Түркістан облысының Шұбарсу ауылынан шыққан кәсіпкер сол елді мекенге үлкен мектеп салып берді. Ақмола облысының Қараөткел ауылында жеке қаражатқа балабақша салынды.

«Кәсіпкерлер тұрғын үй құрылысына, жол жөндеуге, көшені абаттандыруға, қоғамдық демалыс орнын салуға қолдау көрсетіп жатыр. Елімізде мұндай жақсы мысалдар жеткілікті. Әкімдіктер ауыл тұрмысын жақсарту ісіне бизнесті де белсенді жұмылдыруға тиіс», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы ауылдардағы кадр мәселесіне ерекше назар аударды. Әкімдіктер ауылдық жерде кадр тап­шылығы мәселесін шешуі қажет. Келген мамандарға, әсіресе жастар­ға, соның ішінде «Дипломмен ауылға» жобасы аясында көмек көрсе­туі керек деді. Премьер-министр мәселе­ні қарау қорытындысында ауыл­дық аумақтарды дамыту тұжырым­дама­сының іс-шараларын іске асыру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді:

  • Жобалардың басымдығын және ауыл тұрғындарының барлығына бір­дей игі­л­ік пен қызметтердің қолжетімді болуын назарда ұстай отырып, ауылдық елді ме­кен­дердің инфрақұрылымын дамыту;
  • Ауылдағы тыныс-тіршілікті қам­тамасыз ету мәселелерін шешудің тиімділігін арттыру үшін ауылдық округ әкімдігінің кіріс базасын кеңейту мәселесін пысықтау;
  • Ауылда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша әкімдік жұмысын бағалау үшін нақты индикаторларды айқындау керек.

 

Қосымша құн салығын қайтару тәртібі

Үкімет отырысында салықтық және кедендік әкімшілендіру, үдерістерді цифрландыру шараларын жетілдіру мәселесі де талқыланды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын жүзеге асыру аясында нау­рыз айында елімізде отандық экспорт­таушыларға қосымша құн салығын қайтару рәсімі қайта қаралғаны мәлім. Тәсілдердің өзгеруін ескере отырып, енді растау үлесі ұлғайтылады. Бұл игі шара отандық тауар өндірушілер үшін елеулі қолдауға айналады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді. Айтуынша, қазір бұл процедураның жеделдігін қамтамасыз ететін аналитикалық жүйе әзірлеу сатысында. Кейінгі екі айда экспорттаушыларға жалпы берешектің жартысына жуығы қайтарылған.

«Былтырғы қосылған құн салығы бизнеске қайтарылғанымен, бизнес субъектілері 600 млрд теңгеге жуық қара­жатты ала алмады. Ал бұл – та­уар экс­портын жүзеге асыратын 485-ке жуық компания. Яғни бизнес айналым қаражатынан айырылып қалды. Бұл – кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу. Осыған байланысты Қаржы министрлігі ҚҚС-тың расталған сомаларын бизнеске қайтарып, ҚҚС қайтару рәсімін оңайлату жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл ретте, қайтарылған қосылған құн салығының сомасын бизнес өз кәсібін жаңғыртуға және кеңейтуге қайта инвестициялауды көздейтін тетіктерді пысықтауды тапсырамын», деді Премьер-министр.

Кейінгі 5 жылда салықтық және кедендік әкімшілендіру шаралары мен оларды цифрландыру есебінен респуб­ликалық бюджет қосымша 4 трлн теңге түсті. Биыл әкімшілендіруге арналған кіріс бойынша 1,6 трлн теңгеге жоспар құрылған. Бұл алдыңғы жылғы дең­гей­ден 173%-ға артық. Үкімет нақты мін­детке қол жеткізу мақсатында бір­қатар шара қабылдап жатыр. Атап айтқанда, салықтық тексеруді белгілеу кезінде, тәуекелдерді басқару жүйесінің (ТБЖ) өлшемшарттары қайта қаралды. Енді олар, нақты іріктеу әдісімен жүргізіледі. Мәселен, 2022 жылмен салыстырғанда, салықтық тексеру саны 16%-ға азайса да, салықтық өндіріп алу екі есе ұлғайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Мемлекеттік кірістер коми­тетінің барлық ақпараттық жүйе­сіне тәуелсіз IT-аудит жүргізу жұмысы басталды. Оның нәти­жесі бо­йынша, Мемлекеттік кірістер коми­теті­нің жаңа ақпараттық архитектурасы қалыптасады. Үкімет басшысы салық­тық және кедендік ақпараттық жүйе­лерді интеграциялауды жыл соңы­на дейін аяқтауды тапсырды және әзір­леніп жатқан жаңа Салық кодексіне тоқ­талды. Былтыр халықтан келіп түс­кен салықтық және кедендік әкімші­лен­діру мәселелеріне қатысты өтініш пен арыз-шағымдарын ескеру және әкімшілендірудің сервистік моделіне назар аудару қажет екенін ескертті.

«Жаңа Салық кодексіне қойылатын талап өте қатаң. Бұған дейін ұсынылған тәсіл­дерге қатысты орынды сын айтыл­ған болатын. Бизнес пен қоғам бұл құжаттан оң өзгерістер күтіп отыр. Ең бастысы, ол ашық, бәріне түсінікті және үйлесімді болуы керек. Алайда кодексті әзірлеу созылып барады. Сондықтан бұл жұмысты жедел аяқтау қажет», деді О.Бектенов.

Елімізде сыртқы шекараның барлық өткізу бекетінде және (ЕАЭО-ға мүше елдермен) ішкі шекараның 7 өткізу бекетінде электронды кезек жүйесі енгізілді. Бұл – Орталық Азиядағы автокөліктің жиналып қалуын барынша азайтып, тасымалдау үдерісінің ашық­тығы мен жылдамдығын қамтамасыз ететін жалғыз жүйе.

Премьер-министр өткізу пункттерін жаңғырту және жабдықтау жұмыстарын жылдамдату керек екенін қадап айтты. Сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдары қызметкерлерінің салық төлеушілермен және сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен өзара іс-әрекет жасауына жол бермей, салықтық және кедендік әкімшілендірудің барлық үдерісін цифрландыру қажет екенін түсіндірді.

Сөйтіп, салықтық жеңілдіктерді қолданудың міндетті мониторинг тетігін енгізуді, сондай-ақ бизнестің қарсы міндеттемелерін белгілеуді тапсырды. Жеңілдіктер қаржылық есептеулер негізінде экономикалық тұрғыда нақтыланып берілуі керек. Сонымен бірге, нәтижеге қол жеткізудің нақты мерзімі көрсетілуге тиіс.