Үкімет • 20 Наурыз, 2024

Берілген тапсырмаларға заңнамалық қолдау қажет

29 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Парламент Мәжілісіндегі алты саяси партияның фракция жетекшілерімен кездесу өткізді.

Берілген тапсырмаларға заңнамалық қолдау қажет

Іс-шараға «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық-демо­кра­тиялық патриоттық партиясы фрак­циясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов, сондай-ақ Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы Әмірбек Оспанбеков қатысты.

Басқосуға қатысушылар Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмалар мен бастамаларды тиімді жүзеге асыру жолдары мен тәсілдері туралы пікір алмасты.

Мемлекеттік кеңесші Президенттің көптеген бастамасын нақты орындау үшін заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсету және оған депутаттардың белсенді атсалысуы қажет екенін атап өтті. Ең алдымен, есірткіні өндіру, лудомания, вандализм, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту, сондай-ақ мемлекеттік наградалар, ономастика, археологиялық қызмет туралы және басқа да заңдарға түзетулер енгізу қажет.

Жиында ономастика, есірткіге және вандализмге қарсы күрес туралы заң жобалары Мәжілістің қарауында, ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңды Мәжіліс қабылдап, құжаттың Сенатқа жіберілгеніне назар аударылды.

Бұл ретте вандализм дегеніміз ескерт­кіштер мен табиғи нысандарды ғана емес, қоғамдық орындардағы мүлік­ті де бүлдіру екеніне баса мән берілді. Депутаттар вандализм және басқа да тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін жазаны қатаңдату қажеттігі туралы айтты. Сондай-ақ фракция жетекшілері Президент ұсынған жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге қатысты ұсыныстарын ортаға салды.