Қоғам • 21 Наурыз, 2024

Жаңа жыл дәміне қанша қаржы жұмсалады?

35 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Наурыз мейрамында әр отбасы дастарқан мәзіріне ерекше мән беріп, әдеттегіден әрлі де дәмді еткісі келеді. Құрт пен ма­йын, жент пен талқа­нын ерте бастан қамдай­ды. Әсіресе наурызкөжеге қосылатын жеті дәмге асқан ұқыптылықпен қарайды. Реті келсе, дастарқан ажарын ашатын қай өнімді де ертерек алып қоятыны бар. Осы орайда байтақ елімізде мерекелік дастарқанға қанша көлемде қаржы жұмсалатынын сарапқа салып көрген едік.

Жаңа жыл дәміне қанша қаржы жұмсалады?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Табиғат Мұсылманқұл – Жамбыл облысы

Орта есеппен 15 мың теңге

Ұлыстың ұлы күнін наурызкөжесіз әсте елестете алмайтынымыз анық. Уыз қатырып, сорпа сапыру бұл айда сәнге айналады. Ырым-тыйымға сенген қазақ халқы санның қасиетіне де назар аударған. Көжеге жеті немесе тоғыз түрлі тағам қосып, қазан көтеріп, Жаратқаннан береке мен молшылық тілейді.

Наурызкөже әзірлеу үшін бір отбасы қанша қаражат шығын­дайды? Дастарқан мәзіріне қан­ша теңге жұмсалады? Әрине, шы­ғы­нның көлемі отбасындағы адам­ның санына байланысты екені даусыз. Осы мәселеге қатыс­ты тұрғындардың пікірін білдік.

«Отбасымыздағы бес адам­ға наурызкөже істеу үшін 4181 теңге жұмсауға тура келеді екен. Мәселен, жарты кило картоп – 75 теңге, 300 грамм сәбіз – 60 теңге, бір кило ет – 3000 теңге, 200 грамм бидай – 52 теңге, 200 грамм ноқат 230 теңге тұрады. Сондай-ақ 200 грамм қызыл фасоль 160 теңгеге айналса, түрлі дәнектерге 856 теңге жұмсауға тура келді. Сұйық май, күріш, тағы басқа қажетті заттарға да аз-маз қаражат жұмсалады. Жалпы алғанда, көженің өзіне 4181 теңге жараттым», дейді құландық Ғалия Арыстанбекова.

Әрбір отбасы дастарқан мәзі­рін де жасайды. Әлбетте, әр­кім өзінің шамасына қарай шығын­далады. Дерекке сенсек, өңір тұр­ғындары дастарқан мәзірін жа­сауға 10 мың теңгеден аса қаржы жұмсайтын көрінеді. Сонда жалпы шығын 15 мың теңгеден асып жығылады.

«Ұлыстың ұлы күнін кез келген отбасы асыға тосады. Көңілде қатқан тоң жібіп, араздасқандар татуласады. Жыл жаңарған күні барлық адам бір-біріне жақсылық тілеп, дастарқан жая­ды. Біз 1 ки­ло құртты – 2750, алманы – 500, мандаринді – 520, мейіз бен өрікті – 2300, жаңғақ түрлерін 1270, 1057, 2980 теңгеден алдық. Бұдан бөлек, кәмпиттің бірнеше түрін сатып алуға тура келеді. Айталық, «барбарис» – 1180 теңге, шоколад – 2270 теңге, «крокант» 1490 теңгеден сатылып жатыр. Әрине, бұдан да басқа алатын азық-түлік түрлері аз емес. Осының өзін грамдап өлшетіп сатып алып жатырмыз. Наурызкөже мен дастарқан мәзіріне кететін қаражат 15 300 теңгені құрады», дейді Ғ. Арыстанбекова.

Әрбір отбасы наурызкөже дастарқанын қалтасының қа­лың­­дығына қарай әзірлейтіні анық. Біз тек бес адам тұратын отбасының орта есеппен қанша шығынға бататынын сұрап көрдік. Ысырапқа құмар, аста-төк дастарқан жая­тындардың қанша шығынға бататынын кім білсін.

 

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ – Алматы қаласы

Ұлттық тағам түрлене түсті

Құнарлы топыраққа түскен бидай дәніндей көктеп шығып, арамызға қайта оралған Наурыз мерекесінің басты атрибуттары­ның бірі – наурызкөже. Біз үшін дәмі де, орны да бөлек. Бала күнімізде ауыл ортасындағы алаңда кемі 40 үйден дайындалған көже ортақ қазанға құйылып, кішкене кеселермен таратылып жататын.

Соңғы жылдары «Наурыз­көже» деген жазуы бар фирма­лық өнімнің пайда болғанын байқап жүрміз. Бұл да заман талабы. Тіпті өткен жылдары Алматыдағы ірі сауда желі­лерінде арнайы 0,7 литр бөтелкеге құйылған, қазы, жү­гері, бидай қоспасымен дайын­далған, тілі дәм үйіретін көжені 500 теңгеден сатып алғанбыз.

Наурыз лебі жақын­даған сайын наурызкөже жарнамасы интернетке көшіп алып­ты. OLX маркетплейсінде нау­рызкөженің литрін 2-3 мың теңгеден саудалап жатқан жарнамалар самсап тұр. Нарық зама­ны болған соң ұлттық тағам­ның бұлайша түрленуі – қалып­ты құбылыс. Тиісінше, әр отбасы наурызкөжені ерекшелеп әзір­леуге ықыласпен кіріседі. Оның құрамы әр өңірде әртүрлі дәммен толығып жатады, негізінен көже пісіріп шығу үшін 1 кило ет, қазы-қарта, 100 грамм бидай, 100 грамм күріш, 100 грамм жарма, 100 грамм тары, тұз, 3 литр су мен 1 литр айран керек болады.

Алматыда сүрленген ет, қазы бағасы 4000 теңгеден жоғары. Тарының килосы – 1300-1500 теңге, бидай мен арпа килосы – 1000 теңге, қатық 1000-1500 теңге тұрады. Сондай-ақ алматылықтардың көбі наурыз­көжеге бұршақ (фасоль ) қосады. Оның бағасы 1000 теңгеден жоғары. Айран мен сүттің литрі 500 теңгеден басталады.

Жалпылай есептегенде, мега­полистегі бір отбасы ме­рекенің басты тағамын әзірлеуге 15 мың теңге жұмсайды.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ – Орал қаласы

Шығын 30 мыңның шамасында

Орал қаласында тұратын «Күміс алқалы» Марал Рахметоллақызының 8 адамға арнап жасаған наурызкөже және мерекелік дастарқанының шығыны былай қалыптасыпты: 

«Тазартылған 3 литр су 40 теңге шамасында тұрады. Көже қою, маңызды шығуы үшін бидай жармасын қолданамыз, 300 грамм жарманың бағасы – 90 теңге шамасы. Тұз – 2 қасық, 10-15 теңге. Наурызкөжеге ерекше дәм беретін бөліктің бірі – қазы. Орал базарында қазының килосы 4 мың теңгеден жоғары, сонда бізге керек 300 грамм қазыны 1200 теңге шамасында аламыз. Өрік-мейіздің ең әдемісін таңдап, 300-400 грамдай алып қосқанда, 2 мың теңгеге шықты. Көже қатықсыз болмайды, жарты литр сүт, жарты литр айран салдық. Ол отбасы бюджетіне 700 теңгеге түсті. Осылайша, ересек екі адам, екі студент, төрт оқушыға арналған наурызкөженің жалпы құны 4040 теңге шамасында шықты», дейді оралдық тұрғын.

Ал биылғы Ұлыстың ұлы күні – наурыздың 22-сі жұмаға әрі ораза айына тура келіп отыр екен. Үйдегі үлкендер ауыз бекіткен соң, негізгі дастарқан кешке, ауыз­­ашар уақытына орайластырылмақ. Әуелі бауырсақ пен шелпек пісіріліп, аруаққа дұға бағышталады. Осы күнге деп соғымнан арнайы сақталған сүр ет қазанға салынады. Негізгі шығын базардан алынатын заттарға жұмсалмақ: қаймақ (литрі – 5000 теңге), сары­май (килосы – 6000 теңге), тары-талқан (әрқайсысы килосына – 800 теңге), өрік-мейіз (килосына– 3000-3500 теңге) – бұл айтылғандарға таза бал (килосы – 2000-2500 теңге) қосып, керемет жент жасауға болады.

«Оралда ұнның килосы 315-350 теңге шамасында. Астың нанын жаюға, бауырсақ, тәтті күлше пісіруге 2-3 келі ұн жұмсаймыз. Тауық жұмыртқасының 10 түйірі – 704 теңгеден сатылып жатыр. Дастарқанға қоюға қазы-қарта алар болса, 6-7 мың теңге кетеді. Бұдан бөлек, түрлі дән мен жаңғақ, көкөніс те арзан тұрмайды. Осылайша, отбасының мерекелік дастарқан шығыны кемінде 30-35 мың теңгеге түскелі тұр», дейді ол.

 

Байқал БАЙӘДІЛ – Көкшетау қаласы

Нағашы әже. Наурызкөже

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында көптен ат ізін салмаған нағашы әжеміздің шаңырағына сәлем беріп, табалдырығынан аттадық. 

– Жыл басы – әз Наурыз құт­ты болсын, әже! Қытымыр қыс­тан аман-есен шықтыңыздар ма?

– Үй таппай келмеген шығар­сың, шырағым, төрлет, – деді тоқсанға таяп қалған кейуана. Өзі шаруасымен әлек. Үстел үс­тіндегі туырылып түскен үш елі қазыны, жалғыз өзі жарым табақты алатын, қыртысы тай­дың қазысындай жалпақ жаяны, жамбасты, шұжықты аудара төңкеріп, қарап тұр екен.

– Астанадағы немерелерге бүй­рек беріп жіберейін деп едім, со­лардың сыбағасы, – деді әжем. Біз­дің сәл ғана аңтарылып қалға­нымызды аңғарған болуы керек:

– Бұрынғыдан қалған жо­ралғы. Бүйрек жеген балалардың ниеті, пейілі ет жақын ағайынға ауып, ежелгі қазақтың тілімен айтқанда, бүйрегі бұрып тұрады. Әрі Наурыз мерекесінде қуатты ас ішіп, бір жырғап қалсын. Қа­рынға салған майды да алдырып едім. Бағзы заманда әжелеріміз ма­мыр айындағы уыз сүттен да­йындаушы еді ғой. Қарынға салған май қанша уақыт өтсе де қуатын сақтайды. Әлгі «сарымайдай сақ­тап» дейтін сөзді естімеп пе едің?

– Естігенмін. Өз дайынды­ғыңыз қалай?

– Қандай дайындық болушы еді. Келін бар ғой. Асарымды асап, жасарымды жасағанда жағаласып жүргенім ұят болар, біздікі жобасын айту.

Нағашы әжеме құдай бере салған. Қарашаңырақтағы кіші келін өзі сияқты пысық, алды­нан жұмыс үркіп отырады, кісі жа­тыр­қамайтын ақжарқын. Ұлыс­тың ұлы күні жайылатын дастарқанның жоспарын жайып салғаны. Келіннің айтуына қарағанда, Көкшетау базарларында шамамен 8-9 кило болатын, бар мүшесі салынған бір табақ етті 22-25 мың теңгеге алуға болады. Қамырына қажетті ұны мен жұмыртқаны қосып есептесеңіз – 300-350 теңге. Ұлыстың ұлы күні дастарқан берекесін келтіретін нау­рызкөжеге сүр ет, құрт, айран, тары қоссаңыз, жиынтық бағасы 3 мыңның төңірегінде. Сарымайдың килосы 6 мыңның маңайында. Жаңа тартылған қай­мақтың литрі – 4000 теңге. Ащы құртты базарда килосына 3000 тең­геден сатып жатыр. Жерік ас­тың санатындағы қоспаның килосы – 3700 теңге. Бір табақ кісіге бауырсақ пісірсеңіз, 2000 теңге төңірегінде.

– Жаман тұмаудың кезінде ағайынмен қатынас сиреп қалды, – дейді нағашы әжем. – Шіркін бұрынғының адамдары-ай, со­ғым сойған күні тәмам ауылды алдымен қуырдаққа, сосын омыртқаға шақырушы едік. Қал­ғанын «тарта жесең тай қа­лады» дегендей, үнемдеп, ке­мін­­де бір сирағын омыртқаға шы­­ға­ратын. Ұзынсары келгенше қазан­нан май кетпейтін.

Шынында әр нәрсеге бапты, өмір мектебінен оқығаны, көңілге түйгені көп бұрынғының адамдары дарқан, қолдары ашық, жомарт еді ғой. Осы ойымызды айтып едік:

– Келіңдер, – деді нағашы әжем. – Келіндерді шақырып ескінің жоралғысын көрсеткелі отырмын. Жаңа жылдағы тілектің өзі бірлік емес пе? Ағайын былай тұрсын, өзге жұртты да табыстырып, бауырластыратын құдірет – адал асың. «Бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем бер» дейтін қазақтың ұрпағымыз ғой.

Әжемнің қолындағы қарын­дағы майға көзім түскені. Жарық­тық сап-сары болып тәбет ашып тұр екен. Наурыз күні келіп, ауыз тимесем болмас.

 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ – Өскемен қаласы

Дастарқаның мол болсын!

Күні кешеге дейін жайбарақат жатқан жұрт көк базар аралап, дүкен жағалап, Наурыз қамына кіріскен. Аста-төк дастарқан жайылса, жыл көлемі баршылық, тоқшылық болады деп ырымдайды олар. Бұл күні молынан наурызкөже сапырылады, келген қонақтың алдына сан түрлі ұлттық тағам тартылады.

Өскемен құрыш қайнатқан қала болғандықтан, мұнда бәрі қымбат деген түсінік қалыптасқан. Әлбетте, арзан дүние жоқ. Бірақ басқа қалалар­­мен салыстырсақ, бағаның едәуір қымбат екені өтірік емес. Ал Наурыз дас­тарқанына қанша қаржы жұмсаймыз? Кем дегенде, үлкен әулетке Ұлыстың ұлы күнінде жиырма шақты қонақ келеді.

Ең әуелі күзгі соғымнан қалған сүр етті алып шығып, наурызкөже пісіруге кірісесіз. Оған қосатын әлбетте қазы-қартаңыз таусылған. Келісі 5000 теңгелік қазының жоқ дегенде екеуін аласыз. Жартысын көжеге қоссаңыз, енді бір бөлігін турап, тіске басар ретінде үстелге қоясыз. Одан бөлек, наурызкөжеге қосатын жеті түрлі тағам бар емес пе? Шығыста бренд болып кеткен Зайсанның тарысы мен бидай жармасы – 1500 теңгеден. Қышқылтым сұйық құрттың бөтелкесі – 1700 теңге. Анасы бар, мынасы бар, кемі 10 мың теңгенің тағамымен наурызкөжеңізді пісірдіңіз. Айтпақшы, қазының қасына қартасы мен жал-жаясын қоса аласыз. Қазы-қартаның килосы 2500 теңгеден десек, үлкен дастарқанға жетіп қалар. Дәм ғой. Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық тағамға толы дастарқан болуы үшін құрт-ірімшік міндетті түрде болуы керек. Домалақ құрттың өзі 2000 теңгеден. Тәтті ірімшік – 2800 теңге. Төрт-бес мыңға алған тәтті тоқашыңызға жағып жейтін Катонқарағайдың сары майын 5000 теңгеге аласыз.

Айтқандай, Катонқарағайдың өнім­дері сұранысқа ие. Мәселен, қымыз құйсаңыз, келген мейманыңыз міндетті түрде «қай жақтың қымызы?» деп сұрайды. Катонқарағайдың, оның ішінде Топқайыңның қымызы десеңіз, мәртебеңізді өсіріп, мерейіңізді тасытып жібереді. Содан кейін барып, бал қымыздың дәмі таңдайда қалатындай асықпай жұтады. Қымыздың қызуы бойға тарай бере манағы қойған майлы қазының бір-екеуін нан қоспай-ақ өңешке тастап жіберер еді. Айта кетейік, Катонқарағайдың қымызы – 1700 теңгеден. Жиырма шақты қонақ келсе, бір-екі бөтелке бұйым болмайды. Кемі төрт-бесеуін аласыз. Ол дегенің – 8500 теңге. Ұлттық тағамнан бөлек салат қоясыз. Жайнатып жеміс-жидек әкелесіз. Басқасын айтпағанда, қызанақтың килосы – 2000 теңгеден. Еттен кейін күрт-күрт еткізіп шайнап отыратын қияр – 1800 теңгеден. Сәбіз, орамжапырақ, қызылша дегендерге 3000 теңге тастап кетесіз. Жеміс-жидектің де бағасы арзан болып тұрған жоқ. Алманың дәмдісі 900 теңге десек, балбырап піскен алмұрттың килосы – 1600 теңге. Бір қорап киви – 1000 теңге. Әлгі дәндеріңіз және бар: курага 4500-5500 теңге десеңіз, грек жаңғағы 5000 теңге тұрады. Миндаль тіптен қымбат, 5500-6000 теңгенің маңайында. Одан бөлек, тәтті шырын, сусындар аласыз. Сөйтіп, ақкөңіл кеңпейілмен келіп жатқан қонақтарды қарсы аласыз. Жоғарыда аталғаны бар, аталмағаны қаншама, қысқасы 100-150 мың теңгенің дастарқанын жайып, Ұлыстың ұлы күнінде күмбірлеген күй, әуелеген ән тыңдап отырып, күнделікті күйбең тірліктен бір сергіп қаласыз.