Пікір • 21 Наурыз, 2024

Ұлттық бірегейліктің ұйытқысы

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау­дағы Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында ұлттық құн­дылықтарға басымдық беріп, ел болашағын айқындайтын өзекті мәселелерді атап өтті.

Ұлттық бірегейліктің ұйытқысы

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлы­тауда бастау алса, былтыр киелі Түр­кістанда өтті. Биылғы Құрылтайда Пре­зидент «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақы­ры­бында мазмұнды сөз сөй­леп, Әді­летті Қазақстанның алда­ғы сая­си-экономикалық, рухани-идео­­­ло­гия­лық бағдарын айқындап берді.

Мәдениет және ақпарат ми­нистр­­лігінің «Есік» мемлекеттік та­рихи-мәдени музей-қорығының ұжымы Ұлт­тық құрылтайда көтерілген мәсе­ле­­лерді қолдай оты­рып, маңызды жиынның мақ­сат­тарын іске асыруда жүйелі жұмыс атқаратын болады. Бұл жолғы Құрылтайда да Президент елі­міздің тарихын жан-жақты зерттеу, тамыры терең тарихи-мәдени мұра­ла­рымызды қорғау мәселе­леріне ерекше тоқталды.

Биыл Жошы ұлысының негізі қалан­ғанына 800 жыл толып отыр. Мемлекеттілігімізді айқын­дайтын осынау тарихи дата кең көлемде аталып өтілмек. Бұл орайда Мемлекет бас­шысы төл тарихымызға шынайы көзбен қарап, ұлттық сана мен қоғамдық құндылықтарды жаң­ғыртудың маңыздылығын атап өтті.

Құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент: «Біз бай тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатуымыз керек», дей келе елімізде кәсіби археологтердің тапшы екенін, археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар екенін атап өтті. Осы орайда Мемлекет басшысы тарихи-мәдени мұра санатына кіретін нысандарға реставрация жасау ісін ретке келті­ре­тін шараларды күшейту және тарихи жәдігерлерімізді шетел мұражайларынан Қазақстанға қайтару жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты. Бұл бағытта «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының ғалымдары шетелдік мамандармен бірлесіп археологиялық зерттеу жұмыстары мен құнды жәдігерлерді сақтап, насихаттауда нәтижелі жұмыстар атқарып келеді.

Құрылтайда айтылған келелі ойлар мен ұсыныс-пікірлерден түй­­геніміз: тарихи-мәдени құнды­лық­­тарымызды жаңғырту – ұлттық біре­гей­лігімізді нығайта түсетіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы мемле­кет­тік тіліміздің қолдану аясын кеңейту, жастардың патриоттық тәрбиесін күшейту, оларды кітап оқуға, білім, ғылымға ынталандыру мәселелеріне айрықша мән беруге шақырды. Құрылтайда Әділетті Қазақстан қоғамын дамыту үшін тәртіп пен заң үстемдігін қамта­ма­сыз ету, азаматтардың құқығын қор­ғау мәселелері де назардан тыс қалмады. Президент айтып өткен­дей, еліміздің ендігі ұста­натын бас­ты бағыты – «Әділетті Қазақстан – Ада­л азамат – Озық ойлы ұлт» қағи­д­асы.

Мәдени-гуманитарлық саланың және идеологияның жаңа бағдары айқындалған үшінші Құрылтай баршамызға үлкен міндет жүктеп отыр. Бұл – бірінші кезекте біздің ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды.

 

Гүлмира МҰХТАРОВА,

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры