Технология • 22 Наурыз, 2024

Инсультті анықтайтын жүйе

89 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өткен әлемдегі ең ауқымды технологиялық іс-шарада отандық CerebraAI стартапы үздік атанды. Жоба жасанды интеллектіні жүйелі және инновациялық жолмен пайдаланып, «AI Awards» санатындағы құны 150 000 доллар тұратын Community LEAP сыйлығын жеңіп алды.

Инсультті анықтайтын жүйе

Жартылай финалға қатысуға барлығы 100 стартап іріктелді. Гранд финалға 12 қатысушы жолдама алып, соның алтауы ақшалай сыйлықпен марапатталды. CerebraAI – инсультті дер кезінде анықтауға арналған отандық жасанды интеллект. Команданың инновациялық әзірлемесі – дәрігерлерге заманауи технологияларды пайдалана отырып, мүмкіндігінше жылдам және айқын диагноз қоюға көмектеседі. Бүгінде инсульт – әлемдегі өлім-жітімнің басты себептерінің бірі. Сол себепті бұл жоба ми ауруларын диагностикалау бойынша ғаламның үздік бес стартабының қатарына енді. Стартап бұған дейін де «Global Startup Awards» халықаралық байқауында үздік атанып, «Intel» стартап қауымдастығының мүшесі атанған еді.

Жобаның басты ерекшелігі – дәрігерлерге барынша жылдам әрі нақты инсультті диагностикалау­ға көмектеседі. Жасанды интеллект 4 минуттың ішінде инсультті анықтап, мидың нақты картинасын ұсынады.  Әдетте тәжірибеде бұған дәрігерлердің бірнеше сағаты кетеді. Ал CerebraAI қолданбасы бірінші түсірілімнен-ақ инсульттің белгілерін анық көруге мүмкіндік береді. Оның мобильді әрі веб-қолданба болуы да медицина саласына үлкен жеңілдік. Дәрігер қолындағы кез келген гаджетпен науқастың диагностикасын көріп, операция қажет болса, жылдам кірісіп кетеді. Бұрын бұл үдеріс өте ұзақ жүретін. Диагностика суреттерін түсіріп, бір-біріне мессенджер арқылы жібереді немесе оны қа­рауға компьютер қажет еді. Ал қазір қолдағы гад­жет­­ке CerebraAI қолданбасын көшіріп алса, жеткі­лік­ті. Бұл жұмысты едәуір жеңілдетеді әрі жылдамдатады.

Жоба иелері қолданбаны әуелі тек екі ауруханаға орнатқан. Олар – Алматы қалалық 7-ауруханасы мен  Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем ауруханасы. Аталған ауруханаларда жаңа технологияға тез бейімделе алатын нейрохирургтер мен неврологтер бар.  CerebraAI авторларының айтуынша, елімізде инсультті емдейтін мамандар өте сауатты. Себебі шетелдерге жиі шығып, біліктілігін арттырып, шет тілдерін жетік меңгерген, ғылыми мақала жазады. Дәрігерлер жасанды интеллектіні қолданып, цифрлық салаға қызығушылық танытып отыр. Олар денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні енгізу қажет екенін, оны қолдануды заңдастыруды сұрап министрлікке де, әкімдіктерге де талай рет хат жазған. Бірақ одан еш өзгеріс болмаған.

– Жобамызды Президенттің алдында үш рет таныстырдым. Әр кездесуден соң Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің медицинаға енуі маңызды екенін айтып, жауапты органға тапсырма береді. Содан соң сең қозғалып, министрлікте осы іспен айналысатын жұмыс тобы құрылады. Бірақ бір-екі кездесу, талқылаудан  әрі жылжымайды. Сауд Арабиясының өкілдері біздің стартап негізінде өз жобаларын жасамақшы болып, технологияға қатты қызықты. Бірақ сұрақ «өз елдеріңде қанша табыс таптыңдар?» дегенге жеткенде, тұйыққа тірелеміз. Осыдан кейін оларда түрлі сұрақ туып, күмәні көбейе түседі. Біз еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде жасанды интеллектіні ақылы қолдану әлі қалыптаспағанын айтып, түсіндіруге тырысамыз. Меніңше, денсаулық сақтау саласында жасанды интеллектіні заңдастырып, оған басымдық беретін уақыт келді, – дейді жоба авторы Досжан Жүсіпов.

2021 жылдан бері CerebraAI еліміздің барлық қаласындағы 90-нан астам ауруханаға тегін орнатылған. Сол арқылы 100 мың науқас тексерілді. 500-ден астам дәрігер жасанды интеллект технологиясын пайдаланды. Ал 46 медициналық мекеме әлі күнге дейін CerebraAI мүмкіндігін тұрақты әрі белсенді түрде қолданып келеді. Ресми дерек бойынша, елімізде жылына 40 мыңнан астам адам инсульт алған. Сондықтан жыл өткен сайын бұл жобаның құны да, қажеттілігі де арта бермек.

Қазіргі таңда CerebraAI командасы инсультті анықтайтын қолданбадан бөлек тағы бас сүйек, ми жарақаты, мидың қатерлі ісігі, стеноз, омыртқа және бүйрек аурулары бойынша зерттеулер жүргі­зіп жатыр. Әсіресе жасанды сана көмегімен ми ауруларын анықтайтын жоба нақтыланған. Сонымен қатар жоба жетекшісі Алматыда медицина технологиясына арналған жасанды интеллект зертханасын ашу жос­парланып отырғанын айтты.

 

Бекзат ҚҰЛШАР,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті