Ипотека • 27 Наурыз, 2024

Жаңа ипотека кімге беріледі?

116 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет бас­шы­сы еліміздің, соның ішінде ауылдар мен облыс орталықтарының тұр­­­ғын­­дары үшін қолжетімді ипотеканы әзірлеуді тапсыр­ған болатын. Президенттің бұл сөзі халық тілегімен дәлме-дәл келгендей. Әсіресе, бірінші кезекте әлеуметтік тұрғыдағы осал топтарға басымдық берілетіні көпшілікті қуантып отыр.

Жаңа ипотека кімге беріледі?

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Үкімет жеделдетуге кірісті

– Баспана – жұрттың тұрмыс сапасын танытатын тағы бір маңыз­ды көрсеткіш, – деген еді Прези­дент Ұлттық құрылтайда. – Биыл 1 наурыздан бастап іске қосылған «Отау» ипотекалық бағдарламасы ел ішінде үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұған қоса ауыл және аудан орта­лығының тұрғындарына ар­налған жаңа тұрғын үй бағ­дар­ламасын қолға алу керек. Бұл ретте әлеуметтік тұрғыда осал топтағы жандар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспауы қажет. Сонымен қатар сатып алу құқығымен жалға берілетін бас­пана санын бір­не­ше есе көбейтуді Үкіметке тапсырамын. Жеңілдетілген жаңа ипотеканың енгізілуі және жалға берілетін тұрғын үйдің көптеп салынуы құрылыс қарқынын арттырады. Құрылыс саласында жүз мыңдаған отан­дасымыз адал еңбек етіп жүр. Ең бастысы, бұл бағдарлама баспанаға мұқтаж көптеген адамның үйлі болуына жол ашады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Отбасы банк» 300 млрд теңге сомасында ипотекалық қарыз беретін жаңа бағдарламаны іске қоспақ. Аталған бағдарламаның операторы дәл осы сомаға мөлшерлемесі жылына 7 және 9%-дан аспайтын несие береді. Бұл – бір жылда 12 мың отбасының баспаналы болуына үлкен мүмкіндік. Ескеретін жайт, көрсетілген 7% – азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін. Ол топқа көпбалалы отбасылар, жетім балалар, мүгедектігі бар адамдар кіреді. Қал­ған­дары үшін ипотека 9%-бен ұсынылады. Әзірге болжам осындай.

Айта кетейік, жаңа ипотека 1 мамырда іске қосылады деп жоспарланған. Біз «Отбасы банк» баспасөз қызметіне хабар­лас­қанымызда, ипотекалық бағдар­ламаны жетілдіру жұмыс­тары жүріп жат­қанын мәлімдеп, толық­қанды шарттар мен ере­желерді ал­дағы уақытта жария ететіндерін жеткізді.

«Бағдарламаның ерек­шелігі сол, мұнда мемлекет елдегі осал топтарға үлкен мүм­­кіндік қарастырып отыр. Несие де алдымен осы санаттағы тұрғындарға беріледі. Бастама өте жақсы. Толық шарты мен ішкі тетіктері алдағы уақытта жарияланады. Егер жаңа ипотекалық бағдарлама іске асса, үлкен қалаларды ғана емес, өңірлерді да­мытуға да ықпалы көп болары анық. Менің ойымша, ауылдық жерлерден үй алатын азаматтардан бас­тапқы жарна талап етудің қажеті жоқ. Бір­ден сол төменгі пайызбен сатып алуға мүмкіндік берілсе деймін. Ал облыс орталығы емес қалалар мен аудандарда жинақ сомасы 10 пайыз ғана деген талап қойып, кезектілікке қарамай баспана алуға болатындай етсе деген ұсынысым бар. Екіншіден, наурыздан бас­тап «Отау» бағдарламасы іске қосылғанын білесіздер. Қазір оған өтінім қабылданып жатыр. Мені қуантқаны – бұған бөлінген 150 млрд теңгенің 60 пайызы жастарға бағытталатыны. Қалғаны басқа санаттағы азамат­тарға арналған», дейді Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев.

Ел тұрғыны Төребек Төре­мұратов та, бағдарламаның іске қо­сылуы тиімді болар еді дейді.

«Әсіресе көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға бұл – үлкен қолдау. Маған ұнағаны – тек үлкен қалаларда емес, аудан орталығы мен ауылдық округте жұмыс істейтін жас отбасылардың да осы ипотекалық бағдарламаға қатыса алады деген тармақтың енгізілуі. Егер өзгеріс болып кетпесе, көпшіліктің игілігіне айналары сөзсіз. Қазір кейбір қыз-жігіттер өз ауылдарынан аудан орталығына күн­делікті қа­ты­нап жұ­мыс істейді. Ал аталған бағ­­дарлама ар­­­қылы бас­панаға қол жеткізсе, өз үйі болып, көп қиындық артта қалар еді», дейді ел тұрғыны.

Жаңа бағ­дар­ламаға шарт бо­йынша жұ­мыс істейтін жас­тар, жас отба­сылар, тұрғын үй төле­мін алып отыр­ғандар және «Отбасы банк» салым­шылары қа­тыса алады. Бұл тізімде үлкен қалалар мен облыс орта­лық­тарынан бөлек, моноқала, аудан орталық­тары, сонымен қатар, ауыл тұрғындары да болатыны да айтылып жүр. Демек, жаңа ипотека тек моноқалаларға ғана емес, Қазақстанның барлық елді мекеніне де қатысты.

Азаматтардың баспаналы болуын қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді шешу үшін Үкімет кезекте тұрғандар, оның ішінде халықтың әлеу­мет­тік осал санаты үшін сатып алу құқығымен жалға бе­рі­летін тұрғын үй көлемін 4 есе ұлғайтуды да жоспарлап отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов биыл 1 сәуірге дейін осы және өзге де жобаларды қаржыландыру кестесін уақтылы ұсынуды тапсырды. Кесте бо­йынша жобалардың әрі қарай іске асырылуы күнделікті бақылауда болмақ.

«Біз Президенттің ауқымды инфрақұрылымдық бастама­ла­рының уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Әрбір министрге және әкімге, ұлттық компаниялардың басшылығына жұмысты күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Тұрғындар нақты өзгерістерді көруі қажет. Толық қайтарыммен жұмыс істеу және жоғары нәтиже тиімділіктің көрсеткіші болмақ», дейді Үкімет басшысы.

 

Биылғы көлем – 18 млн шаршы метр

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, мемлекет жыл аяғына қарай ел бойынша 18 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.

«Бұл – рекордтық көрсеткіш. Былтыр 17 млн шаршы метр­ден астам баспана құрылысы жүрсе, биыл бұл 18 млн шаршы метр құрылыс жоспарланды. Сондай-ақ арендалық үйлердің санын да жылдағыдан арттыру көзделген. Бұл үшін мемлекеттің бюджетінен 272 млрд теңге көле­мінде қаражат осыған жұм­салады», дейді Н.Байбазаров.

Қорыта айтқанда, Үкімет бел шеше кіріскен баспана мәселесі әлі де қоғам талқысында. Енді аз уақытта «Отбасы банкі» жаңа ипотекалық бағдарламаның негізі шарттарын толық жариялауға тиіс.

Тұратын жеке үйі болғаны – кім-кімге де арман. Сол үшін жылдап қаржы жиятын халыққа  тиімді бағдарлама керек-ақ. Тек бұл жаңа бағдарламадағы басымдықтар қарапайым ха­лық мүддесіне сәйкес келсе болғаны.