Пікір • 26 Наурыз, 2024

Бабалар өсиетімен үндестік

42 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында еліміздің болашақтағы бейнесін: «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деп бекемдеді. Мұндағы әрбір сөз Ұлы дала тұл­­ғалары: Әл-Фараби, Абай, Алаш қайрат­керлерінің ел туралы идеялары және асқақ мұ­ра­ларымен тікелей байланысып, толық үндеседі.

Бабалар өсиетімен үндестік

Замандары басқа болса да бабалардың ел болу туралы рухани мұралары қашанда мәңгілік. VІІІ ғасырда Түрік қағанаты империялық деңгейге көтеріліп, Батыстағы Рим империясының мұрагері Византиямен, Шы­ғыстағы Парсы державасымен иық тіресіп, тең дәрежеде қарым-қатынас орнатқан кезде, абыз Тоныкөк «Ел де ел болды» деген қанатты сөзін бітіктасқа ойып жазған болатын. Ол кезде түркілердің «ел» ұғымы империялық деңгейдегі мемлекет болатын.

Үш тағандық ұлт бағдар­ламалары: «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт», «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – қазақ тарихындағы тұлғалардың өз заманындағы ұлағатты, қағидатты ілімдерімен сабақтасып жатыр. Әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» шығармасында ортағасырлық түркі мемлекеттерінің ішіндегі өркениеттісі – Қарахандар мемлекетін жетілдіріп, демократия мен әділеттіліктің үлгілі идеяларын ұсынған еді. Ал сол мемлекеттің Ата Заңның негіздерін жасаған Жүсіп Ба­ласағұн болса «кісіге екі дүниеде пайдалы нәрсе ретінде «ізгі іс пен әділдікті» атап, бұл арқылы адам шын бақыт табады», дейді. Сөйтіп, түркі дәуіріндегі екі ойшылдың да тұжырымынша елде әділеттік орнағанда ғана игілікке қол жетіп, қоғамда бақыт орнайды.

Абай бар асыл ойы мен ілім­дерін келер ұрпаққа арнап, әрбір жастың келешегінің нұрлы, болашағының жарқын болуы адал еңбегі арқылы жү­зеге асатыны туралы терең тұ­жы­рым жасады. Адам болам десең, байлықпен озбай ақыл, әділеттілік, ғылыммен оз дейді. Ақынның ағартушылық тұжырымдары жастарды хал­қына адал қызмет ететін нағыз азамат – «толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туын­даған. Абай әділетті тұтастай ғалам құбылыстарын реттеуші құдірет ретінде қарастырған. Мысалы, әлемдегі орасан қар­жылық дағдарыстар да, бел­гілі бір мемлекеттегі ұлттық байлықтың толығынан ха­лық­тың игілігіне айналмауы да әділеттіліктің бұзылуы екені айдан анық. Қазіргі заман­ның тыныс-тіршілігі әсіресе, Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінен айқын байқалады. Ойшылдың білуінше, адамға бақыт қонуының бас­ты шарты – әділет-шапқат (шапағатты әділет) иесі болу.

Мемлекет басшысының «Озық ойлы ұлт» идеясының тамаша үлгісін ХХ ғасыр­дың басындағы Алаш қайраткер­лерінің іс-қызметінен көреміз. Олар өздері ғана озық ойлы тұлғалар болып қоймай, қазақ жастарының озық ойлы болуын армандап, оның орындалу жолдарын іздестірді. Алаш ұлт-азаттық қозғалысы бағ­дарламасының түп негізі, алғашқы жобасы – «Қарқаралы петициясында» (1905 жыл) қазақ­тар үшін медресе, мектеп ашуды алға қойғаны мә­лім. Бұл шын мәнісінде сол кездегі қазақ елінде озық ойлы ұлтты қалып­тастырудың алғышарты болатын. Петиция автор­ларының басым көпшілігі Ресей уни­верситеттерінде білім алып, Еуро­паның озық ойлы сая­си-құқықтық ой-пікірлері ілім­дерінен сусындаған. Олар сол идеяларды қазақ халқы өмірінің шындығына сәйкес­тендіріп, пайдалану мақсатын көздеді. Өйткені көпжылғы отаршылдық саясаттың салдарынан кезінде сауаттылық, шешендік, даналық сияқты қазақтың хандық дәуір­дегі асыл қазына мен рухани құндылық жойыла бастаған еді. Осы жағдайды дер кезінде байқаған Алаш зиялылары елді алға дамытуда, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтауда ел бас­тай алатын білімпаз, ұлтына жан-тәнімен берілген дарынды, озық ойлы жастардың рөліне ерекше мән берді.

Ұлы дала данышпан тұлға­ла­рының ілімдері уақыт озған сайын дәуір талабына сай, тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін әр қырынан өсіп, өркендеп отыратын асыл мұралар ретінде ұлт санасында орын алуға тиіс. Үш тағанды ұғымның бірі – озық ойлы ұлт ретінде де алға қарауды ұмытпауымыз керек.

 

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

ҰҒА құрметті академигі