Қоғам • 28 Наурыз, 2024

Енді әкімдер электросамокаттардың қызметін реттей алады

119 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандағы әкімдер жаңа өкілеттікке ие болады. Бұл туралы бүгін Сенат отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Енді әкімдер электросамокаттардың қызметін реттей алады

Фото: vlast.kz

Сенат отырысында БАҚ өкілдері вице-министрдің орынбасарынан мопедтер мен электросамокаттардың мәселесі алдағы уақытта қалай реттелетінін сұрады.

«Қазір түзетулердің екінші пакеті бар, олар қабылданғаннан кейін түбегейлі өзгерістер болады. Біріншіден, қозғалтқыш көлеміне қарамастан барлық мопедтер көлік құралына жатқызылады және оларды жүргізу үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігі қажет. Тиісінше, біз бұл мопедтердің барлығын тіркейтін боламыз», деді Игорь Лепеха.

Вице-министрдің орынбасары электросамокат жүргізушілері іс жүзінде ешқандай жауапкершілік арқаламайтынын тілге тиек етті.

«Бұл пакетте тағы бір өте маңызды норма бар, енді әкімдер самокаттардың қызметін реттей алады. Дәлірек айтқанда, олар өздерінің қосымша ережелерін белгілей алады: қайда қозғалуға болады, қайда қозғалуға болмайды, олардың қозғалысына қай уақытта тыйым салу керек», деп түсіндірді спикер.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың тамыз айында Қазақстанда электросамокат туралы жаңа заң күшіне енді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті