Қоғам • 28 Наурыз, 2024

Ұлттық құндылықтар бойынша жұмыстарды жүйелейтін комиссия құру ұсынылды

46 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет басшысының атына ұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселелері туралы депутаттық сауал жолдаған сенатор Сәкен Арубаевтың пікірінше, қазіргі отандастарымыз тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен одан әрі дамуына елеулі үлес қосқан батырлар мен тұлғалардың өмір тарихынан бейхабар. Себебі, тәуелсіздік жылдарында аталған бағытта нәтижелі мемлекеттік бағдарлама мен кешенді даму жоспары қабылданбаған, деп жазады Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық құндылықтар бойынша жұмыстарды жүйелейтін комиссия құру ұсынылды

Фото: senate.parlam.kz

С.Арубаевтың айтуынша, бабаларымыздан қалған ұлттық құндылықтарымыз намыспен, таныммен, тәрбиемен  ұрпаққа  дарыған.

«Өкінішке қарай, қоғамдық санаға тірек болар осындай қастерлі қасиеттер батыстың ба, жоқ әлде басқаның ба жетегіне еріп, ұлттық болмысты әлсірету ашық көрініске айналған. Өкініштісі, бүгінгі ұрпақ ұлттық тарихымыздың діңгегіне айналған батырлар мен арыстардың есімдерін мақтанышпен айтпайды, өмір жолдарын біле бермейді. «Қазақтың қара домбырасы – харам» деген сөзді  де  естідік. «Қабанбай кім?», «Ақан кім?», «Қаныш кім?» деген сауалдарға жастар тарапынан «әкім, министр, атақты спортшы» деген өзек өртер жауаптар да берілді», деді сенатор.

Осылай дей келе, сенатор бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«ҚР Президенті Әкімшілігімен бірлесе отырып, Мемлекет басшысы жанынан ұлттық құндылықтар бойынша жұмыстарды жүйелейтін арнайы мемлекеттік комиссия құру қажет. Үкімет бұл бағытта жаңа тұжырымдама әзірлеп, «Республикалық ұлттық құндылықтарды насихаттау орталығын» аша отырып, оның құрамына Үкімет мүшелерімен қатар, ғалымдар мен тарихшыларды және зиялы қауым  мен  азаматтық  қоғам  белсенділерін тарту керек. Шетелден келетін туристерге қазақ халқының ұлттық құндылықтары жайлы үш тілдегі түсіндірме және насихат материалдарын шығаруды қолға алу керек. Әлеуметтік желілер әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру керек», деді сенатор Сәкен Арубаев.