Шаруашылық • 28 Наурыз, 2024

Жетісу облысында дақылдардың егіс алқабы ұлғайтылады

28 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісу облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 7 мың гектарға артып, 524,8 мың гектарға жетеді. Бұл ретте дақылдарды әртараптандыру аясында қант қызылшасының, майлы дақылдар мен мал азығының егіс көлемі жалпы 18,1 мың гектарға ұлғайтылмақ, деп жазады Egemen.kz

Жетісу облысында дақылдардың егіс алқабы ұлғайтылады

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күнде ылғал жабу, тырмалау, себу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биылғы өнімге қажетті 57,7 мың тонна жаздық дақылдар тұқымы даярланып, сапасы зертханалық тексеруден өткізіліп жатыр. Осы жылға 11,5 мың гектар қант қызылшасын себу жоспарланса, оған қажетті 16,1 мың себу бірлігі көлеміндегі тұқым толығымен қамтамасыз етіледі, соның ішінде 9,6 мың себу бірлігі Көксу қант зауытында, 6,1 мың себу бірлігі «Жетісу» ӘКК-де қарастырылған.

«Қазіргі кезде 444 шаруашылық 10,7 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алды. Сондай-ақ қоймаларда 3 049 тонна минералды тыңайтқыш бар. Көктемгі дала жұмыстарына 4124 тонна дизель отыны бөлінді, оның бір литрінің бағасы - 250 теңге. Көктемгі дала жұмыстарына тартылатын 23 мың бірлік техниканың дайындық деңгейі - 99%. Сол сияқты биыл қант қызылшасын өсіруге бағытталған 8 сервистік-даярлау орталығы құрылды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 2,5 млрд теңгеге сепкіш, жапырақ жинағыш, комбайн сияқты 62 бірлік жаңа ауыл шаруашылығы техникалары алынып жатыр. Бұдан бөлек, «Қазагроқаржы» филиалына 2,2 млрд.теңгеге 106 өтінім түсіп, 70 шаруашылыққа 1,4 млрд.теңгеге 131 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Оған қоса көктемгі дала жұмыстарына «Аграрлық несие корпорациясы» 61 шаруашылыққа 948 млн теңге несие берді», делінген Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқарманың хабарламасында.

Бекітілген лимитке сәйкес осы жылдың вегетациялық кезеңіне 1,3 млрд текше метр су беру жоспарланған. Қазіргі кезде су қоймаларына су жинау жұмыстары жалғасып жатыр, орташа толымдылығы - 76%.  Вегетациялық кезеңіне 208,7 километр су арналары тазартылды, жыл соңына дейін қосымша 274,8 километр арналар тазартылады.

Жалпы көктемгі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, оның барысы тұрақты бақылауға алынды.