Қоғам • 10 Сәуір, 2024

Тұлға феномені

54 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл. Соған орай Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Философия, саясаттану және дінтану институты бірлесіп «Академик Қ.И. Сәтбаев феномені және ХХ ғасырдағы отандық ғылым: қазіргі ұстанымдар мен пәнаралық зерттеу мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізді. Онда қазіргі Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастырушысы әрі алғашқы президенті, Қазақстан металлогения мектебінің негізін қалаған көрнекті тұлғаның ғылыми еңбектерін зерттеу мен зерделеу мәселесі сөз болды.

Тұлға феномені

Арада жылдар өткен сайын ғалым еңбектерінің құндылығы арта түс­­ке­німен, кешенді еңбектері әлі де жүйелі зерттеуді қажет ете­ді. Себебі бұл еңбектерден қа­зақ халқының өткен тарихы, мәдениеті, болмыс-бітімі ғана емес, даму болашағының ай­қын көрініс беретіні ақиқат. Осы орайда ғалымды тұлғатану ғылымы аясында адамзат дамуына қосқан үлесі хақында зерттеу мәселесін алға тартқан философия ғылымдарының докторы, профессор, жиынның жүргізушісі Серік Нұрмұратов «Академик Қ.Сәтбаевтың тұлғалық феномені еліміз ғана емес, халықаралық интеллектуалды ортаның назарында көптеген ғасыр бойы болатыны анық. Әрине, тарихи санада білім мен ғылымның терең сырларын ашуды өміріне мақсат еткен ғалымның сипаты әртүрлі қырынан айшықтала береді. Қазақ даласындағы адам болмысын баға­лауға қатысты деректерді тал­­­дайтін болсақ, қазіргі жаңа­руғ­а, қайта пішімделуге, өзге­ру­ге бағытталған үрдісте Қаныш ­Сәтбаев тұлғасын жан-жақ­­­ты қарас­тыру және насихаттау ар­қы­лы үлкен ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге болады. Дегенмен біздің пайымдауымызша, «Тари­хи тұлға» деген ерекше мәртебе халыққа, мемлекетке тұтастай қызметімен тәнті болған, әлеумет толықтай мойындаған аса құр­мет­ті тұлғаларға берілгені, демек, тарихқа өзінің іс-әрекетімен, жасампаз қызметімен із қалдыр­ған азаматтарды атаған жөн. Осы тұрғыдан алғанда академик Қаныш Сәтбаев – нағыз тарихи тұлға деуге болатын қазақтың зиялы азаматы. Сонымен қатар қазақтың ауыз әдебиетіндегі ертегі, лиро-эпостық жырлардан да тұлға келбетінің ерекше қыр­ла­рын байқаймыз», деді ол.

Алқалы жиында еліміз ғана емес, шетелдің ғылыми орта­сына еңбектерімен етене таныс Сәтбаев феномені Халық­ара­лық Шыңғыс Айтматов акаде­мия­­сының пре­зиденті, академик Абдылдажан Акматалиев, Тәжікстан ҒА А.Дониш атындағы Тарих, археология және этнография институтының бөлім мең­герушісі, доцент Абдулло Гафуров, Философия, саясаттану және дін­та­ну институтының бас директоры, академик С.Сейду­манов, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық техникалық зерттеу уни­­­вер­си­тетінің ректоры М.Бегентаев, С.Торайғыров атын­дағы Пав­ло­дар мемлекеттік уни­­­вер­сите­тінің ректоры Е.Са­дықов, М.Әуезов атын­дағы Әде­­биет және өнер инс­титутының бөлім мең­ге­рушісі, доцент С.Ананьева, Қ.Сәтбаев атындағы мемо­риал­дық музейі бөлімінің басшысы Б.Айтмұхамбетова сынды ғалым­дар­дың баяндамасына арқау болды.

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институ­ты­ның дирек­торы, тарих ғылым­да­рының докторы Зиябек Қабылдинов заманынан озып туған тұлға өскен текті әулеттің тари­хына тоқталды. Осы орайда ға­лым­­ның өмірдерегіне тарихшы сөзімен тоқталып өткенді жөн көрдік.

«Сәтбаевтанушы Медеу Сәрсекенің айтуынша, Қанекең то­ғы­­­зыншы атасында Бұқар жы­рау­­мен туысады, алтыншы ата­сында Шорманмен қосылады. Болашақ ғалымның әкесі Имантай Сәтбаев ауыз әдебиеті мен өз жерінің тарихын жақсы біле­тін, түркітектес һәм Шығыс ел­дерінің әдебиетімен таныс аса сауат­ты адам болыпты. Осындай ортада дүниеге келген болашақ ғалым әуелден-ақ білім мен ғылымға бейім болды. Ол жастық шағында Алаш идеясымен молынан сусындады. Семейдің мұғалімдер семинариясында оқи жүріп, М.Әуезов, Ә.Марғұлан мен Ж.Аймауытұлымен қатар Алаш арыстарына қарап бой түзеп, солардан үлгі алды. Алаш арыстары «Қазаққа оқулық ауадай қажет», деп ұран тастағанда, Томда  білім ала жүріп, Киселевтің алгебра оқулығын қазақшаға аударады. Бұл оның тұңғыш ғылыми еңбегі еді. ХХ ғасырдың екінші жартысында Алаш арыстарының сол кездегі арман-мақсаттарын жалғастыруға, дамытуға күш салды. 1926 жылы Том технология институтының тау-кен бөлімін бітіріп, инженер-геолог мамандығын игеріп келген жас геолог сол жылы Жезқазғандағы зерттеу жұмыстарын бастады. Негізгі ғылыми еңбектері Қазақ­­стан­ның минералды ресурс­тарына арналды. Жезқазған кенін зерттеу, Орталық Қазақстанның металлогендік және болжам кар­тасын жасауда көп еңбек сіңірді. Бұрынғы геологиялық деректерге терең талдау жасап, нәтижесінде Жезқазған айма­ғын­да кең көлем­дегі барлау жұ­мы­сын ұйым­дастыруға болатын ірі нысан екенін дәлелдеді», деді З.Қабылдинов.

 

АЛМАТЫ